Байзақтағы жарылыс, кадр тапшылығы, Ермекбаевтың отставкасы жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылар әскери мамандарды даярлау жөнінде пікірін айтты

Коллаж

26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім қоймаларының бірінде жарылыс болып, 15 адам қаза тапты. Қайғылы жағдайдан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға өтініш беріп, орнына Арыстағы жарылыста қатаң сөгіс алған Мұрат Бектанов (бірінші вице-министр) тағайындалды.

Қару-жарақ қоймасының жарылуы Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет болған. «Жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрі жағдайды өзгерте ала ма, Арыс оқиғасы неге сабақ болмады, Қорғаныс саласына қандай өзгерістер қажет?» деген сұрақтарды Azattyq Rýhy тілшісі сарапшыларға қойып көрді.

«ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНЕ КАДРЛЫҚ РЕФОРМА ҚАЖЕТ»

Саясаттанушы Самат Нұртаза Ермекбаев отставкаға кеткенімен, мәселе шешілмейтіне сенімді.

- Қазақстанның әскери жүйесіне үлкен реформа қажет. Біз өз әскерімізді Ресейде емес, басқа мемлекеттерде жаттықтырып, өзге елдердегі білікті жоғары оқу орындарында оқу-жаттығу дайындығынан өткізуіміз керек. Өткендегі Таулы Қарабақ оқиғасында Түркия өзінің әмбебаптығын дәлелдеді. Неге біздің әскери мамандар АҚШ пен Қытайда, Еуропада оқымайды? Министр болсын, Бас штаб бастығы болсын, бәрінің биографиясын қарасаңыз - Ресейде оқыған. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан ол дұрыс емес. Түркия, Америка, Еуропа әскери университеттерінің түлектері министрліктерде пайда болғанда ғана Қазақстанның әскери саласында нәтиже болатын шығар. Бұрынғы кеңестік көзқараспен «Ресейде оқып бітірген мамандар бізді көгертеді» дегенге сенбеймін. Айтарлықтай өзгеріс болмайтыны анық. Басында біраз адамдарды жұмыстан шығарып, популистік әрекеттер жасалынуы мүмкін. Жалпы, Қорғаныс министрлігі - өте жабық министрлік. Не баспасөз хатшысын танымаймыз, не әлеуметтік желілердегі парақшасы белсенді, ол мәселеге жауап беріп жатқан адам да жоқ. Басқа министрліктермен салыстырғанда жабық ұйым. Жаңадан тағайындалған Мұрат Бектанов Арыс жарылыстарында қатаң сөгіс алған адам.

Әскерилерді шетелде оқытпай, Ресейдің ықпалында жүрміз. Әзірбайжанның әскерін қараңыз, 30 жыл ұтылып, жерінен айырылды. Содан кейін 44 күннің ішінде Түркияның әскери командирімен, нұсқауымен жерін қайтарып алды. Қазір Әзірбайжанның әскері Мәскеуге немесе Ростовқа барып оқымайды, олардың арманы НАТО-ға кіру. Сол себепті біз де басқаша әрекет етуіміз керек. Біздегі әскери мамандар 100% Мәскеу мен Петерборға оқуға кетеді. Тағы қайталап айтайын, бұл ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қатерлі. Тым құрығанда 20 пайызын АҚШ, Еуропада оқытуды қолға алуымыз қажет. Сонда ғана біз кадрлық реформа жасаймыз. Қазір Бектанов, Бейсенбаев, Сәрсенбаевтарды қоя берсеңіз де ештеңе өзгермейді. Себебі, олардың бәрі бір университетті бітіргендер, ойлау жүйесі де бірдей. «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді».

«АСПАННАН ҰШҚЫШСЫЗ БОМБА ЛАҚТЫРҒАН БОЛУЫ МҮМКІН»

Алматы қаласы «Абырой» атты Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Әли Нариманұлы Байзақ ауданындағы оқиғаға қатысты пікірін айтты.

- Мен Ауғанстанда соғысқа қатысқанмын, қару-жарақ қоймаларында болғанмын және олардың барлығы бірдей. Әскери қоймада болатын жарылысқа үш фактор әсер етуі мүмкін. Біріншісі – даладағы өрт. Бірақ Байзақта ешқандай өрт болған жоқ. Екіншісі -  найзағай. Бірақ, ол күні Жамбыл облысында күн ашық болды. Үшіншісі - диверсия. Диверсияның екі жолы бар: біріншісі – аспаннан ұшқышсыз бомба лақтырған болуы мүмкін. Оны кім жіберуі мүмкін екенін нақты айта алмаймын. Бірақ мұндай шабуылдар Америка мен Қазақстанға талибандықтар тарапынан бірдей жасалған болуы да әбден мүмкін. Екіншісі - қоймаларда қызмет атқаратын әскерилер арасындағы жансыздардың жұмысы. Оны анықтау үшін қоймада болған әрбір адамды толықтай қызметтік тексерістен өткізу керек. Олардың сол күнге дейін кіммен сөйлесіп, кіммен байланысқанын анықтау қажет.

Министр қойманы қайда апарса да жарылыс осылай жалғаса береді. Диверсия жасағысы келген мүдделі топ қаруды қайда апарып жасырсаң да, тауып алады. Сондықтан реформаны әскери қызметкерлерден, әскери мамандарды оқытатын оқу орындарынан бастаған жөн. Өкінішке қарай, біздің елде аға офицерлерді бір елден екінші елге оқуға жібереді. Өзімізден кәсіби, сапалы кадр дайындайтын оқу орындарын ашу керек. Шетелге кеткен студенттерді «вербовка» құрбанына алмайтынына кім кепіл?!

Бәрін болмаса да, мамандардың біразын Америка, Түркия, НАТО-ға жіберу керек. Мәскеуге де жіберсін, бірақ ол жаққа 30%-дан артық кетпеген абзал. Өкінішке қарай, бізге шабуыл көп. Орта Азия елдеріне бір ғана талибандардан орасан қауіп төніп тұр. Сондықтан, Қорғаныс саласындағы проблема Арыс немесе Байзақпен шектеліп тұрған жоқ. Ол жылдар бойы қордаланған мәселелердің жиынтығы.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан