Соңғы төрт жыл ішінде 600-ден астам адам шыққан өңіріне қайта оралған
Қазақстанда 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Көзделген мақсат – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда 1500-ден астам бос жұмыс орны бар. Дәрігер, мұғалім, техникалық мамандар жетіспейді. Бағдарлама қабылданғаннан бері Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударыпты. Azattyq Rýhy соның 140-ы өзінің туған өлкесіне қайта оралғанын жазған болатын. Тақырыпты Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошмановтың сұхбатымен жалғаймыз.
- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстанға қай өңірлерден қоныс аударуға болады?
- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 7076 адам яғни, 2180 отбасы көшіп келді. Жалпы 2021 жыл бойынша жыл соңына дейін 2470 адамды қабылдау жоспарланған. Биыл 6 айда 264 отбасы, яғни 900 адам өңірлік қабылдау квотасына енгізілді. Азаматтарды өңірге көшіру мақсатында арнайы жұмыс топтары халқы тығыз орналасқан аймақтарға барып жұміс істейді. Көші-қон мәселесін түсіндіреді. Бұл жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. Бағдарлама биыл жыл соңына дейін жалғасады.
- Оңтүстік өңірлерден келген халық арасында қайтадан кетіп қалып жатқандар бары жасырын емес. Қанша отбасы қайтадан көшіп кетті? Дені қай аудандардан? Басты себебі неде?
- Иа, өкінішке қарай Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған отбасылардың ішінде шыққан өңіріне қайта оралу жағдайы да кездеседі. 2017-2021 жылдары аралығында 600-ден астам адам, яғни 140 шығу өңірлеріне қайта оралды. Олардың кетуінің негізгі себептері: солтүстіктің ауа-райының жақпауы, отбасылық жағдай, көшіп келетін азаматтардың шотының бұғатталуы да кездесті. Көпшілігі біздің қатал климатқа шыдамайды. Мәселен, өткен қыста боран қатты болды. Қараша айында түскен қалың қар 6 айға жуық уақыт жатты. Қақаған аяз тағы бар. Мұндай ауа-райына үйренбегендер жиі ауырады. Балалары да сырқаттанады. Сондықтан кетуге мәжбүр болады. Олар жағдайдың барлығын дәрігерлерден алған құжаттармен дәлелдейді. Ал аудан мәселесіне келер болсақ, ондай есеп жүргізілмейді.
- Көшіп кеткендер мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік төлемді қалай қайтарады? Неше адамнан қаражат өндіріп алынды?
- Жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келген отбасылар өңірлік квотаға енгізілгеннен кейін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы үшжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады. Ол құжатта тараптардың құқықтары сонымен қатар, міндеттері де көрсетіледі. 2020 жылдың маусым айына дейін әлеуметтік келісімшарт мерзімі бір жыл болған. Кейін өзгерістер енгізіліп, 5 жылға дейін ұзартылды. Осы мерзім ішінде әлеуметтік келісімшартта көрсетілген міндеттерді толық немесе ішінара орындамағаны үшін тараптар жауапкершілікке тартылады.
2017-2019 жылдары квотаға енгізілген отбасылар әлеуметтік шартта көрсетілген мерзімді өтегеннен кейін ғана шығу өңіріне қайта оралды. Ал 1 жыл толмай оралса ерікті түрде мемлекет тарпынан берілген субсидияны қайтарады. Олай болмаса жұмыспен қамту орталығы шығу өңірінде тұрақты тіркелген мекенжайына хабарлама жолдайды, хабарлама жауапсыз қалған жағдайда сотқа жүгінеді. Осылайша сот тәртібімен әлеуметтік төлем өндіріледі.
- Оңтүстіктен көшіп келгендерге берілетін өтемақы көлемі қандай?
- Әр отбасы мүшесіне 2021 жылдың мамырынан бастап 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия беріледі. Сондай-ақ қоныс аударғандарға баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеу үшін шығындарды өтеуге ай сайын бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді. Отбасына жылына есептелген сома шегінде тұрғын үйді сатып алу үшін біржолғы субсидия сомасын төлеуге жасалған жағдай. Бағдарлама шарты бойынша балалары бар, әсіресе көпбалалы азаматтарға басымдық беріледі. Соны есепке алсақ, әр отбасына қомақты қаржы төленеді. Өз ісін бастаушыларға қайтарымсыз грант бар. Осының барлығы азаматтарға осы жақта жұмыс істеп, жағдайын жасауға септеседі.
- Қоныс аударушылар қандай салаларда жұмыс істейді? Оларды жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
- Азаматтарды көшіріп әкелу жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті жастағы азаматтары негізінен ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Жалпы, қазір Солтүстік Қазақстан облысында жұмысқа орналастыру үшін 1500-ден астам бос жұмыс орны бар, оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар, агрономдар, зоотехниктер, жоғары өнімді техникаға жүргізушілер мен механизаторлар, техник-механиктер және тағы басқалары қажет. Ал өңтүстік өңірлерде халықтың көптігінен жұмыссыздық көп. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен, бау-бақша өсірумен айналысқысы келетіндер үшін қажетті жағдай жасалады, соның ішінде жер телімдерін бөлу және қайтарымсыз гранттарды рәсімдеу, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Берілетін қайтарымсыз гранттар көлемі 200 АЕК (583 400 теңге) құрайды. Бұдан басқа, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде бюджет қаражаты есебінен жаңа мамандықтар алғысы келетін адамдарға даярлау және қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігі беріледі. Осының барлығын пайдаланушыларды тек қолдаймыз. Өңірге келіп, жұмысқа орналасып, өз кәсібін бастап табысқа жетіп жатқандар бар.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстігіндегі халықты солтүстікке көшіру процесі осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Ондағы мақсат екеу: оңтүстіктегі жұмыссыздық мәселесін шешу, солтүстіктегі белсенді халықтың санын арттыру, яғни мамандарға сұранысты өтеу.
Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы, СҚО