Елімізде мүсін өнері тиісті бағасын алған жоқ - мүсінші

Автор: Azattyq Rýhy

Жас мүсінші Болатбек Салаевпен сұхбат

Кез келген қаланың көркін әдемі мүсіндер мен архитектуралық композицияларсыз елестеу қиын. Еліміздің әдемі бола түсуіне өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі - мүсінші Болатбек Салаев. Шебердің қолынан шыққан еңбектер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қостанай, Петропавл сынды еліміздің тағы басқа ірілі-ұсақты қалалары мен Татанрстанда бар. Жас мүсінші 40-тан астам жұмыстың авторы. 10 саусағынан өнер тамған жігіс сурет салу, қыш бұйымдар жасау және зергерлік өнермен айналысады. Болатбек Салаевпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.  

- Әрбір өнер адамның бойына атадан балаға қанмен берілетіні немесе ұзақ еңбектенудің арқасында келетіні белгілі. Өзіңізді қай топқа жатқызар едіңіз?

- Менің жағдайымда екеуі де бар деп ойлаймын. Өйткені әке-шешем өнерге жақын адамдар. Жас кезінде сурет салған, мүсін жасаған, қолөнермен айналысқан жандар. Олардың еңбектенгенін, ерекше дүниелер жасағанын көріп өстік. Бұл қасиет маған осылайша дарыды деп ойлаймын. Шынын айтсам, мүсін өнері көп еңбектенуді, ізденісті талап етеді. Таңертеңнен кешке дейін тапжылмай жұмыс істеуге тура келеді. Табиғаттан берілген бір пайыз талант болса, қалған 99-ы еңбекпен келеді. Оны шыңдау қажет. Барлығы тәжірибенің арқасы. 2008 жылы Бейнеу ауданындағы «Бейнеу лицейі» мектебін бітіріп, О.Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесіне «керамика» мамандығына оқуға түстім. 2011 жылы колледжді аяқтаған соң, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне «мүсін» мамандығына қабылдандым. 2016 жылы университетті тәмамдаған соң, сол оқу орнындағы «мүсін» мамандығы бойынша өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым.

- Ең алғашқы мүсінді қашан жасадыңыз және ол кімге арналып еді?

- Ең алғаш рет атамның бюстін жасадым. Гипстен. Шынайы бейнесіне өте жақын болып шықты. Ол еңбекті әулетіміздегі ең үлкен әкемізге сыйладық. Қазір сол кісінің үйінде тұр. Туыстарымның көңілінен шықты. Барлығы мүсіннің дәл көшірме екенін айтып, таңданыстарын жасырмады.

- Барлығы неше мүсін жасадыңыз? Әрбір еңбектің Сіз үшін қандай айырмашылығы бар?

- Үлкен-кішісі бар 40 еңбек. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қалаларда тұр. Аудан, ауылдық жерлерде де бар. Әр жұмыс өзінше ерекше. Дегенмен ешқайсысын бөліп-жарма алмаймын. Не істесем де, айналаға көрік беріп, халыққа оң әсер етіп, өзгелерге қуаныш сыйдайтындай болуы қажет.

- Жұмыс барысында қандай материалдарды пайдаланасыз? Бір мүсінді толық жасап шығару үшін қанша уақыт кетеді?

- Үш материал қолданамыз. Алғашқысы ең құнды – қола, шыны пластик және бетон. Әр жұмыс қолданылатын материал мен мүсіннің күрделілігіне байланысты. Қоладан құйылғандарын толық әзірлеп шығу үшін орта есеппен үш ай, кей кезде 4 ай толық кетуі мүмкін. Бастысы - сапа. Ал шыны пластик пен бетонға азырақ уақыт жұмсалады. Шамамен 1-1,5 ай.

- Ең атақты еңбегіңіз?

-Мен үшін көпшілікке қай еңбек көбірек ұнаса, сол атақты. Ең басты сыншы, әділ баға беруші – халық. Мәселен Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданында орнатылған «Анаға тағзым» мүсіні жайында көп жағымды пікір естідім. Қолына баласын ұстаған әйелді бейнеледім. Телефон арқылы хабарласып, алғыс айтқандар да болды.

Кентау қаласында орын тепкен «Абай» мүсінінің суреттері де әлеуметтік желілерде көп таралып, жақсы пікірлерге ие болды.

- Өзіңіз жасаған ең кішкентай және ең үлкен мүсін жайында айтып берсеңіз?

- 7 метірлік «Қаратай батыр» мүсіні. Менің қызметім тек қана орындаушылық болды. Тұғырын қосқанда 10 метр болып шықты. Ал ең кішкентайы шынайы көлемдегі адам бюсті. Ондай еңбектер көп. Қостанайда соғыс ардагерлерінің мүсіндерін жасадым.

- Жігітке жеті өнер де аз, бойыңызда тағы қандай ерекше қасиеттер бар?

- Өнердің өзі сан-алуан салаға бөлінеді. Қолым қалт етсе майлы бояу, акварельмен сурет саламын. Пейзаж жанры ұнайды. Зергерлік бұйымдар да жасап көрген кездерім болды. Қышпен жұмыс істеген ұнайды. Құмыралар істедім. Қазақтың Отырар, Сығанақ, Түркістан сынды көне қалаларында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстардың көшірмесін әзірледім. Ағаш та оямын. Қолөнердің барлық түрлерімен айналысамын.

- Мүсін – адамның бет-әлпетін айнытпай келтіру ғана емес, сол тұлғаның мінезін көрсету. Екіншісін қалай жасайсыз?

- Көбіне дүниеден озған адамдардың мүсінін жасаймыз. Олардың фотосуреттерін пайдаланамыз. Басым көпшілігі зиялы қауым өкілдері, біреудің атасы, әкесі. Бірінші кезекте ұрпақтарымен, туған-туыстарымен ақылдасамыз. Мінез-құлқының, жүріс-тұрысының қандай болғанын, көзі тірісінде қандай шаруамен айналысқанын сұрастырамыз. Соның барлығын бір композицияға сыйғызу қажет. Интернеттен, кітаптардан мәлімет іздейміз. Кейде сол кісіге ұқсайтын бауырлары болса, жұмыс барысына шақырып жатамыз. Дегенмен, суретке басымдық береміз.

- Жұмыс ойдағыдай шақпай, қайта жасайтын кездер бола ма?

- Әрине мұндай жағдайлар да кездеседі. Әсіресе кішкентай мүсіндер жасағанда болады. Ал үлкен еңбек қатесіз орындалады. Өтйкені негізгі іске кіріспес бұрын 3 деңгейлік дайындық жұмысы жүргізіледі. Жұмыс моделін жасаймыз. Форэскиз, эскиз және жұмыс моделі. Әрбір қадамда олқылықтары жөнделеді. Барлық детальды бүге-шүгесіне дейін алдын ала жоспарлап алатындықтан, қателіктер болмайды. Өйткені мұндай жұмыстарға кіріскенде өте мұқият болу керек.

- Қазақстанда мүсін өнері тиісті бағасын алды ма? Қандай әріптестеріңізді ерекше атап өтер едіңіз?

- Бұл сауалға екі түрлі жауап беруге болады. Кей кездері өнердің бұл түрі тиісті бағасын алып жатады, кейде керісінше. Орташа деген жөн болар. Өз ойым. Шет елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстанда өнерге деген көзқарас төмен. Еңбекке төленер ақы да көп емес. Мүсін өнері саласында еңбек етіп жүрген, өзім жақсы көретін ақсақалдар бар. Мәселен, Өмірзақ Шанов, Нұрлан Далбай. Сол кісілердің еңбектері ұнайды.

 - Сізді не шабыттандырады?

- Сәтті шыққан еңбек. Егер туынды халыққа ұнаса, көпшілік батасын беріп, шын жүрегімен ақ батасын беріп жатса, келесі жұмысқа зор құлшыныспен кірісемін.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы