Қазақстанға ХХІ ғасырда жеткен медицина: остеопатия - дәрі-дәрмексіз емдеу туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Неге остеопат-маманға қаралу үшін кезегін жылдап күтетіндер көбейді?

Суретте: Разаул Манжугетова

Аутизм, ДЦП, эпилепсия, сколиоз, постравматикалық және постинфекциялық жағдайдағы науқастарға, омыртқа, бас немесе ішкі органдарға қатысты шағымданған адамдарға көмек беретін, ХХІ ғасырда кеңінен танылып, қолдауға ие болып келе жатқан заманауи әрі «сәнді» медицина саласы – остеопатия.

Azattyq Rýhy тілшісі қазақстандық маман, Еуропа остеопат-докторы, невропотолог, медицина ғылымдарының докторы Разаул Манжугетовамен сұхбаттасты. Соңғы жылдары танымал тұлғалар, жұлдыздар тарапынан ерекше қолдауға ие болған остеопатия ғылымы туралы кеңірек ақпарат алды.

НҰР-СҰЛТАНДА ОСТЕОПАТИЯ 2010 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҒАНА МОЙЫНДАЛҒАН

«Остеопатия ғылымының негізі 1893 жылы қаланған. Оның негізін қалаушы – дәрігер Эндрю Стилл. 1893 жылдан бері оның кең қанат жайып дамуына медицина саласы ретінде қабылдау немесе қабылдамау жөніндегі пікірталастар кері әсер етті. Өйткені, бұл сала көпқырлы және кең базаға ие.

Бұл салаға бүкіл тірек-қимыл аппараты кіретін құрылымдық жүйе енеді. Сонымен қатар жүйке жүйесі, эндокриндік, иммундық жүйе, сүйектермен, бас сүйектерімен, висцеральды жұмыс, ішкі органдармен және эмоционалды жағдаймен жұмыс кіреді. Осындай масштабты қамтыған соң, көп адамға бұл сала түсініксіз болды», - деп түсіндірді Разаул Мұханбетжанқызы.

Остеопатия саласы Қазақстанда тек кейінгі жылдары мойындалған.

«Виола Фрайман есімді дәрігер 1994 жылдан кейін бұл медицинаның саласын посткеңестік елдерге таныстырды. Біз - остеопаттардың барлығы өзімізді осы кісінің ісін жалғастырушы деп санаймыз.

Бір естелікті ерекше айтып өтсем деймін. Мен бұл саламен 2008 жылдан бастап айналысамын. 2013 жылы алғаш елордаға келіп, дәрігерлерге остеопатияның артықшылықтары туралы айтқанымда, мені бірде-бір невропотолог немесе педиатр қолдаған жоқ. 3 000 жарнама визитка шығарып алып, оны өзім жүрген жердің бәрінде тараттым. Лифтте тұрғанда денесінде әлдебір ақауы бар баланы көріп қалсам, ата-анасына остеопатия туралы түсіндіретінмін. Банкте, поликлиникада, моншада – барлық жерде насихаттауға тырыстым», - деп еске алды.

РЕСЕЙЛІК, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰЛДЫЗДАР ОСТЕОПАТТЫ ТАҢДАЙДЫ

Ұлыбритания мен АҚШ-та остеопатия медициналық сақтандырумен қамтылған қызметтер тізіміне кіреді. Ұлыбританияда остеопатия болашақ аналар үшін міндетті қызмет. Ресей және Қазақстанның жұлдыздары қазір өз балалары немесе ата-аналары үшін профилактикалық ем ретінде остеопатты таңдап жүр.

«Бұл тенденцияны әлеуметтік желілер арқылы күнде көріп отырған қарапайым тұрғындар қазір толық мойындады. Оның басты себебі – адамдардың көзқарасының өзгеруі. Қазір қарапайым тұрғындар өзіне, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастады. Қолынан келгенше дәрі-дәрмексіз емделуге, омыртқасы мен бас сүйегінің ешқандай ақаусыз болғанын қалайды. Қарапайым тұрғынның жұлдыздардан несі кем?» - дейді спикер.

ОСТЕОПАТ МАМАНҒА ЖАЗЫЛУ ҮШІН КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАР ӨТЕ КӨП

Екі қолымен науқастың денесіндегі зардап шеккен аймақтарды анықтап, арнайы техниканың көмегімен оны қалпына келтіру – остеопаттың жұмысы. Остеопаттың артықшылығы - тек саусақтарының күшін ғана пайдаланады. Яғни, дәрінің емес, саусақтың күшімен ғана емдеп, науқасты аяғынан тік тұрғызады.

«Остеопатияның ең бірінші принципі - ағзаның бір бөлшегін ғана емес, оны тұтас күйінде емдеу. Екіншіден, құрылым өзгерсе, функция да өзгереді. Және үшінші «қимыл-қозғалыс дегеніміз – өмір» деген принцип.

Біз елордада остеопатия орталығын ашқанымызға тамыз айында 4 жыл болады. Төрт жылдағы жетістігіміз орасан. Қазір тұрғындар жазылу үшін кемі 1 жыл кезек күтеді. Сондай-ақ біз Қазақстандағы остеопатияның негізін қалаған профессор Надежда Краснояровадан сабақ алдық. Биыл остеопатиялық медицина филиалын Қазақстанда аштық. Ендігі арманымыз – білікті остеопат мамандардың әр өңірде болуы», - дейді Разаул Мұханбетжанқызы.

«БАЛА КӨЗІНІҢ СӘЛ ҚЫЛИЛАНУЫ - АҒЗАДАҒЫ БІРНЕШЕ АУРУ БЕЛГІСІ»

Остеопатия адам ағзасын біртұтас жүйе ретінде емдегендіктен, Разаул Мұханбетжанқызы қазір педиатрия, гинекология, эндокринология, офтальмология сияқты салаларды да зерттеп жүр.

«Бала дүниеге келген бойда, оның денсаулығын қолға алу керек. Мәселен, соңғы қорғаған дипломдық жұмысым «көздегі қылилықты емдеу» тақырыбында болды. Білесіз бе, окулистер көзбен және ішкі анализаторлармен жұмыс істейді. Ал, мен остеопат ретінде қылилыққа себеп болатын жеті сүйектің әсері жөнінде зерттедім. Баланың сыртынан көрінетін көздегі шамалы ғана қылилық іштегі бірнеше ауру туралы дабылдың белгісі дер едім. Сол себепті, баланы остеопат маманға апарып, тексертіп алғаныңыз дұрыс», - дейді маман.

Үздік маман алдағы жоспарымен де бөлісті. Оның бәрі дерлік біліммен, оқумен байланысты.

«Маған мәңгілік білім алу маңызды. Себебі, остеопатия статикалық емес, динамикалық сала. Жоғары медициналық білімі бар дәрігер остеопат болу үшін қосымша 3,5 жыл білім алады. Сонымен қатар клиникалық тәжірибеден өтеді. Мен 2008 жылдан бері бұл саланы зерттесем де, әлі анықталмаған тұсы көп дер едім. Алда әлі 50 жыл оқуым керек деп ойлаймын. Оны мен рахаттана, қуанышпен, асықпай-ақ іске асырамын. Остеопатия тірі анатомиямен жұмыс істейтінін ерекше атап өткім келеді. Бұл – биодинамика, тірек-қимыл жүйесі туралы ғылым, денедегі физика заңдары», - дейді маман.

Жазып алған: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан