Психологиялық саулық, жеке шекара және психогигиена –  сарапшымен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Azattyq Rýhy тілшісі тұлғалық даму бойынша эксперт, отбасы, бала психологы Анар Есенмен тілдесті 

Azattyq Rýhy тілшісі сарапшы Анар Есенмен сау әйел психологиясы, адамның жеке шекарасын қорғауы және психогигиена туралы сөйлесті. 

–  Кәсіби емес псевдопсихолог, әлеуметтік желідегі мотиваторлардың марафон, курстарына бару адамның ішкі қайшылықтарымен жұмыс жасауына қаншалықты әсер етеді?  Себебі, бір танысым осындай тренингке барып, балалық шақтағы жарақатын қазбалап, алайда оны қайта жаба алмай писхотерапевтерді кезіп кетті...

–  Адамның жан дүниесі ең құнды әрі ең нәзік нәрсе. Ішкі дүниемен жұмыс жасағанда жеке қауіпсіздік (личная безопасность) деген нәрсені ескеру қажет. Жан дүниемен жұмыс деген тек құрғақ ақыл мен былай істеу керек деген субъективті кеңестер, нұсқаулар емес. Жан дүниемен жұмыс үлкен жауапкершілікті, белгілі бір біліктілікті, құзырлылықты, арнайы мамандықты және даярлықты талап етеді. Бұл аталған дүние сырттай тек кітаптардан оқып алу, 2-3 курстан өту арқылы игерілмейді. Адамның жан дүниесімен жұмыс істегенде арнайы білім, біліктіліктер, кәсіби дағды, инструменттер, шеберлік қолданылады. Сонда ғана ол жұмыс пайдалы болмақ. Сондықтан да псевдомаманға барғанда кері әсер алу ықтималдығы жоғары. Арнайы біліктілігі жоқ адам жан жараны абайсызда ашып, ары қарай онымен не істеу керектігін білмесе оның тигізер залалы басым болмақ. Тұлғалық даму - қазір трендтегі ең басты мәселе. Әрине, өз тұлғалық жолымен бөлісуге әркім-ақ құқылы. Алайда, біреудің өткен жолы екінші адамға дәл солай қиюы келуі екіталай. Тұлға деген сөздің өзі «жалқы» деген ұғымды білдіреді. Өзіндік өзгешелік пен жан дүниенің қайталанбас қалпын аңғартады.
Жақсыға ұмтылу, жақсыдан үлгі алу, жақсысын сіңіру - бұл бөлек дүние. Үлгі ретінде қолдану, өз жан дүниеңнен өткізу де әрекетті қажет етеді. Денсаулығыңызға қалай күтім жасайсыз, дәл солай психикалық гигиена сақтаңыз. Адамның тәні сияқты жан дүниесіне де гигиена, тәртіп, реттілік керек.

–  Психогигиенаны сақтамаудың салдары қандай болмақ? 

– Психогигиенаны сақтамау психикалық бұзылыстарға (психическое расстройство) әкеледі. Тұлғалық дамуға, өмірден өз орныңды табуға кері әсерін тигізеді. Қарым-қатынастарда қиындық пен кедергілер пайда болады. Психогигиена дегеніміз – бойды улы ойлардан аулақ ұстау. Жағымды эмоцияны өзің туындатып, сезініп, бақылап, реттей алу. Біз көбінесе жақсы сезімді бізге басқалардың сыйлағанын күтеміз. Осы сырттан күтетін жағымды эмоциялар мен сезімдерді өзіміз жандандыруды, жаңартуды, байытуды және шығаруды ойламаймыз. Әрине оны балалық шақта қалыптастырса, сол кезден бастап отбасында психогигиена ұстанса,  онда психикалық бұзылыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Сондықтан балаға отбасында эмоциялық қолдау, түсіну, көмек көрсету аса маңызды. Психологиялық саулық - адамның өз потенциалын жүзеге асыра алуы. Өмірлік жағдайларда, стрестерге қарсы тұра алу қабілеті. Нәтижеге бағытталған әрекеті. Тұрақтылық. Өз «менін» ұғыну. Өзіне және өз психикалық әрекеттерінің нәтижелеріне сыни көзқараспен қарай алу. Жағдайлардың ықпалына төтеп бере алу. Өмірін жоспарлап, мақсаттарына жетуде іс-әрекетін басқара алу қабілеті. Өмірдің түрлі жағдайларына сәйкес әрекеттерін, мінез-құлқын басқарып, өзгерте алуы. Психикалық сау, ішкі бағдары дұрыс жандар өмірге ғашық болады. Өзін жақсы таниды. Өмірді тек ақылмен ғана емес, сезіммен, интуициямен басқара алады. Өз құндылықтарын біледі. Өзгенің де ерекшеліктерін құрметтейді. Эмоциялық, физикалық, ақыл ой және психикалық үйлесімде жайлы өмір сүреді. Ескеретін жайт, өмірдің барлық жағдайында психикалық саулықты сақтай алатын абсолют адам жоқ. Алайда оны өз ішкі тұсбағдары ретінде қалыптастыруға болады. Ішкі тұсбағдарға ие болу дағдысы қалыптасқан адам өзіне де, өзгеге де экологиялық жолмен келісімде тұлғалық дамуға қол жеткізе алады. Ресурсты қалпын сақтай алады.

–  Психологиялық жағынан толықтай сау деп қандай әйелді айта аламыз?

–  Жалпы, психологиялық саулық - бұл адамның өз потенциалын жүзеге асыру, өмірлік ситуацияларды шеше алу қабілеті болуы және қоғамға пайдалы әрекеттер жасай алуы. Психикалық сау әйел - өзін-өзі танитын, жан дүниесін түсінетін, өз қажеттіліктері мен қалауларын білетін, өзіне қамқорлық жасай алатын өз өміріне жауапты тұлға. Яғни, өміріне қауіп төндіретін, ішкі қайшылықтар мен сыртқы кедергілерден арылуға әрекет жасайтын ішкі тірегі орныққан ересек жан. Мұндай әйел - саналы ана, салиқалы жар болуға қол жеткізе алады.

–  Соңғы кездері психологтар адамның жеке шекарасы туралы жиі айтып жүр. Біздің қоғамда бұл нәрсе жиі бұзылады. Жалпы жеке шекараны қалай қорғау қажет? 

–  Жеке шекара жайлы біліп қана қою аздық етеді. Өз шекараңды сақтау, қорғау және нығайту керек. Жеке шекара қазақы психологияда бар, қатаң сақталатын, құрметпен қарайтын дүние еді. Бала дүниеге келгеннен оған ерекше есім қоюдан бастап, әбден тұлға ретінде қалыптасып кеткенше ата-ана, орта тарапынан жан-жақты қолдау болған. Адам өзінің жеке дара тұлға екенін сезініп, табиғаттағы, өмірдегі орнын және шекарасын айқын сезінген. Баланың жас ерекшелігіне байланысты қойылатын шектеулер мен берілетін мүмкіндіктер, отбасылық өмірдегі, туыстық қанынастардағы белгілі нормалар - шекараларды сақтауға көмектескен. Кейін, түрлі тарихи жағдайлар, геноцидтік бағдарламалар нәтижесінде қазақ түсінігінде көптеген маңызды ұғымдар жойылды. Соның ішінде жеке шекара ұғымы да бар. Түп-тамырынан, салт-дәстүрінен, ұлттық дүниетанымынан алыстаған кезде, адамдар дұрыс бағдардан айырылып қалды.

Енді көпшілік мұнымен жаңа ұғым сияқты қайта танысып жатыр және жатырқай қабылдайтындар да бар. Жеке шекара адамдарға өзгенің сезімдері, эмоциясын емес, өзінің қалаулары, қажеттіліктері, құлшыныстарына мән беруді қамтамасыз етеді. Мұны Көпшілік түсінігіндегі эгоизммен шатастырудың қажеті жоқ. Керісінше, жеке шекарасы берік адамда сау эгоизм болады және ол басқалардың да шекарасын құрметтей біледі. Ішкі шекараны анықтаудың жолы - қандай эмоциялар бізге қатысты, қайсысы келмейді дегенді білу. Жеке шекараңыздың сау, адекватты екендігінің белгісі - сіз өзіңізді өмірде жайлы, еркін сезінесіз. Мақсатқа жетуді, өмір сүруді арпалыс деп қарамайсыз. Жеке шекарасы бар адам – өзін жеке тұлға деп сезінеді, өз қажеттіліктері мен құндылықтарын біледі, өзгелердікін де сыйлайды, қоршаған ортамен әрекеттесе алады. Өз өмірін бақылауда ұстап, дұрыс талдау жасай алады.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан