«Бір күнде 19 қазақстандықты жарып жіберді». Сириядан келген әйелдің хикаясы

Автор: Azattyq Rýhy

Айдана «Жусан» операциясының көмегімен елге оралған

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Алматылық Айдана бір кездері табысты кәсіпкер, сүйікті жар, екі ұлдың анасы атанып, бақытты күндерді бастан кешіп жүрген. Алайда, сол уақытта Бішкекке көлік алуға кеттім деген күйеуі Сириядан бір ақ шыққан. Содан кейінгі кейіпкеріміздің өмірі шым-шытырыққа толы.

Azattyq Rýhy тілшісі «Жусан» операциясы арқылы елге оралған келіншектің оқиғасын тыңдап, сұхбаттасқан еді.

«ҮШ НЕГІЗ» БЕН «ТӨРТ ҚАҒИДА» КІТАПТАРЫН ОҚЫҒАН

- Күйеуім тәртіп сақшысы, өзім жеке кәсіпкер едім. Отбасылық өміріміз жақсы өтіп жатты. Бір күні менің намаз оқуға деген ниетім пайда болды. Күйеуімнің ағасы намаз оқитын еді, содан кісіден маған намаз оқуды үйретуін сұрадым. Мен иманға бет бұрған кезде, күйеуімнің арақ ішуі жиілеп, қыдырысы көбейіп, отбасымыздың шырқы бұзыла бастады. Өзім намаз оқитын болған соң, күйеуімнің түзу жолда болмағаны мені қатты алаңдатты. Содан мен қайнағама барып, көмек сұрадым. Інісінің «тентектігін» қойдырып, мүмкіндік болса оны да тура жолға салуын өтіндім.   Қайнаағам жолдасымды екі апта ішінде намаз оқытып, дінге бет бұруына әсер етті. Басында мұндай тез өзгеріске қатты қуандым. Күйеуім де діни білімін арттырып, тіпті маған хиджаб кию қажеттігін айтты. Басында қарсылық танытқаныммен, уақыт өте келе күйеуімнің сөзіне құлақ астым. Екеуміз бастапқыда ораза ұстап, намаз оқумен ғана жүрдік. Бірақ уақыт өте араласатын ортамыз, достарымыз өзгерді. Намазхан жамағатпен араласып, олармен бірге Құран оқып, уағыз тыңдай бастадық. 2000 жылдары Қазақстанда діни кітаптар аз болатын. Сол себепті араб және дағыстандық кітаптар болды. Біз қазіргі уақытта ҚР тыйым салынған «Үш негіз» бен «Төрт қағида» кітаптарын да оқыдық.

СИРИЯДАҒЫ ЖАҚСЫ ӨМІР ТУРАЛЫ ВИДЕОЛАРҒА АЛДАНҒАН

- Жолдасым түрлі жамағатпен араласып, шеттен жинаған ілімімен өзін сауатты адамдардың қатарына жатқызып, 2004-2005 жылдары «жиһадқа шығу» туралы ойын айтып қалды. Бірақ мен қарсылық таныттым. Кейін бұл тақырып жайында мүлдем айтылмай кетті. 2012 жылдан бастап күйеуім үйге түнгі 4-5 шамасында оралатынды шығарды. Себебін сұрағанда «браттармен», «амирлармен» кездескенін айтатын. Кіл ер адамдармен жүргендіктен аса мән бермедім.

2013 жылы күйеуім ноутбук сатып алып, таңнан кешке дейін содан бас алмайтын болды. «Не қарап жатырсың?» деп сұрағанда, маңызды ештеңе емес екенін айтатын. Ал, мен жеке кәсібімді дамыту үшін күні-түні еңбектенетінмін. 2013 жылы күйеуім «саған да, маған да көлік сатып аламыз» деп қуантты. Қайнағам досы екеуі өздері мініп жүрген көліктерін сатты. Осылайша үшеуі Бішкекке кетіп, біраз уақыт хабарсыз жүрді. Менде жаман ой болған жоқ. Тағы екі-үш күн өткенде, күйеуім маған Түркиядан хабарласып тұр. «Ары қарай Сирияға кетемін. Саған Қазақстанда қалып, екінші рет тұрмысқа шығуға рұқсатымды беремін» деді. Одан кейін тағы екі апта өткен соң хабарласып: «Сирияға барлығы Халифат құру үшін отбасымен, бала-шағасымен келіп жатыр, сондықтан сен де кел», деді. Интернеттен Сирия жайлы түрлі бейнероликтерді көрдім. Онда өмірдің жақсы екенін айтқан түрлі шақыртулар болды. Оның үстіне 4 баламыз бар, мен оларды қалай әкесіз өсіремін деген оймен Сирияға аттандым. Ол жақта бесінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Екі балам Сирияға бармайтынын айтып, осында қалды. Ол жақта су тегін, жарық тегін, үй тегін деп бардық. Бірақ, ондағы өмір бейнероликтегіден мүлдем басқаша. 2014 жылы Башар әскерлері барлығын жара бастады, ал одан кейінгі жылдары Башарға Франция, Америка, Ирак тағы басқа мемлекеттер қосылып, таңнан кешке дейін жарылыстар ұйымдастырып, бейбіт тұрғындарды қыра бастады.

ТӨРТ БАЛАСЫ МЕН КҮЙЕУІН СОДЫРЛАР ЖАРЫП ЖІБЕРГЕН

- Сирияда жүргенімізде балаларға да, үлкендерге де арнайы сабақ өтетін. Ересектерге, әйелдерге де «Үш негіз» және «Төрт қағида» бойынша дәрістер үйретілді. Қазақстандағы «Үш негіз» кітабында «такфирлік» (радикалды идеология) түсінік жоқ еді, ал Сирия өңірінде оқытатын «Үш негіз» кітабында «такфирлікпен айыптау» сынды түсініктер болды. Кітаптардың атауы бір болғанмен, мазмұны басқа. 10 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға құран, ақида, араб тілі және әскери өнерді, адамдарды қалай атып, қалай өлтіру керектігін бастан аяғына дейін үйрететін. Сол себепті балаларымды айлап көрмедім. Балалар жаңа дүниені тез меңгереді екен, біздің 10 жастағы ұлымыздың өзі барлық қарумен атуды және оның түрлерін білетін. Ал, бала 15 жасқа толған соң басшылары қай жаққа жиһадқа шығу керек десе, сол жаққа бару керек. Сирия өңірінде берген діни ілімдер, идеологиялары адамның миын улап тастайтын. Оның үстіне біз сияқты барғандардың көпшілігінің құраннан, жалпы, діннен хабары жоқ болды. Сол себепті ұстазымыздың айтқандарына қарсылық танытпай, мынау құраннан және сүннеттен алынған деген сөздеріне сене бердік. Бірақ олардың сөздеріне қарсылық танытып, басшыларын көруді талап еткендердің жағдайы мүшкіл болды. Бір күні бір топ қазақстандық «Халифтың (басшының) берген тапсырмасын ғана орындап жүрміз, ал біз оны шын мәнісінде кім екендігін көргіміз келеді» дегені және арабтардың кейбір үкімдеріне қарсылық танытқаны үшін 2018 жылы желтоқсанда өлтірілді. Тыңшылар біз тұрып жатқан үйге чип тастап, 19 адамды жарып жіберді. 10 адам сол жерде көз жұмды, арасында келінім, ұлым, немерем және өзім тірі қалдық. Бірақ түрлі жарақат алдық. Менің қолым сынып, бассүйек-ми жарақатын алдым. Дұрыс емделмегендіктен қол сүйектерім қисық бітіп кетті. Сириядан тірі қалған келінім мен ұлым, немерем төртеуміз қашуды жоспарладық. Балам ол кезде 18 жаста еді. Ол басшылыққа кететінін айтып еді, әскерлер оны  «хауаридж» және «таквир» (билікке қарсы шығушылар) деп бірнеше рет түрмеге қамады. Ал соғыс аймағынан шығу үшін ақылы түрде ересектерге адам басына $7000, балаларға $3000-4000 көлемінде ақша сұрады. Бізде ондай ақша жоқ еді. Әрине ондай ақша ешкімнен табылмады. Кейіннен ұлым мен келінім қайтыс болып, немерем екеуміз ғана қалдық.

ҚАЙНАҒАСЫ ЕЛДЕГІ ҰЛДАРЫНА ДА ТЫНЫШТЫҚ БЕРМЕГЕН

- Мен қалған ескі-құсқы киімдерден шатыр жасап, сонда түнедім. Отқа жанатын не бар, соның бәрін жағып, шай қайнатып, жеуге жарамды деген тамақты талғажау етіп күн көрдік. Бір күні Американың күрдтерге дейін 3 тәулікке жол ашатынын естідім. Дереу күрдтер тұратын аймаққа жеттім. Немереммен бірге 2 ай лагерьде тұрдық. Жаныма елде қалған екі ұлым мен немерем медет болды. Бірақ Сирияда тірі қалған қайнағам Алматыдағы ұлыма хабарласып, «Руслан Кулекбаев (2016 жылы 18 шілдеде Алматыда террорлық акт ұйымдастырды) сияқты жаса, пышақпен болсын бірдеңе жаса» деп өлтіруге, жарылыстар жасауға үгіттеген. Кейіннен ұлым онымен мүлдем байланысуын қойған. Абысыным соғыс ошағынан шығуға талпынғанда снайперлердің қолынан қаза тапты. Өлместің күнін кешіп жүргенде «Жусан» операциясы арқылы бізді құтқаруға отандастарымыз келді. Осылай елге оралдық. Қазір тыныш ұйықтай алатынымыз үшін бақыттымыз! Қазақтың жастары біз сияқты «жұмақ» өмірді аңсап, адаспасын. Өз елің мен туыстарыңның арасында жүргенге ештеңе жетпейді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан