«Біз ит атпаймыз»: астаналық ит аулаушылардың жұмысы жайында

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл елордада жабайы ит-мысықтарды аулауға 38 694 400 теңге бөлінген

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында 1800-ге жуық адам қаңғыбас ит пен мысықтан зардап шегіп, дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың 37 пайызы 14 жасқа толмаған балалар екен. Қала әкімдігінің мәліметінше, осы күнге дейін астанада жабайы жан-жануардың шабуылынан қайтыс болу дерегі тіркелмеген. Бұл қалалық ветеринарлар мен ит аулаушылардың жұмысының нәтижесі дейді әкімдік өкілдері.

Биыл да астаналық ит аулаушылардың жұмысы қызғалы тұр. Жергілікті билік қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға қазынадан 38,7 миллион теңгеге жуық қаражат бөліп отыр. Өйткені елордалық тұрғындар тарапынан құзырлы мекемелерге шағымданатындар саны көп. Бірі ит қауып алды десе, өзгесі көшеде жүріп-тұрудың қауіпті екенін айтады. Тіпті, ит аулаушылардың әрекетіне шағымданатындары да бар. Осы ретте Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарасты Жануарларды аулау, күтіп бағу бөлімінің басшысы Алмас Тұрымбетовпен сұхбаттасып, қаңғыбас жануарларды аулау процесі қалай жүргізілетінін сұрап білді. Оның сөзінше, бұл жұмыс барынша гуманды әдіспен жүзеге асады екен. Яғни, ит-мысықтар бұрынғыдай атылмайды, алдымен ауланып, сосын арнайы орынға жеткізіледі.


 

- Алмас мырза, әлеуметтік желілерде ит аулаушыларға қатысты теріс пікір айтатындар аз емес, олар тіпті сөздерін дәлелмен келтіру үшін видеоматериалдарды да жүктеп жатады. Осы сын-пікірлерге не айтар едіңіз?

- Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болады. Біреуі біздің қызметтің маңыздылығын түсініп жақтап жатса, енді бірі кері пікір айтып жатады. Бірақ, тұрғындар ұмытпауы керек: ветеринарлық қызмет ең бірінші кезекте адам өмірін жануарлардан берілетін аурулардан қорғайды.

Біз өз жұмысымызды жоғары деңгейде атқарып келеміз деп ойлаймын. Өйткені, осы күнге дейін елордада бірде-бір адам қаңғыбас ит-мысықтың құрбаны болмады. Оларды ауламасақ бұл ең алдымен балаларға қауіпті. Таңертең ерте мектепке бара жатқанда немесе кешке ойнап жүргенде таланып қалуы мүмкін ғой?! Біздің жұмыс осындай келеңсіз жайттарды алдын алу. Қоғамдық пікір маңызды, бірақ адам өмірі одан маңыздырақ.

- Иттерді бұрынғыдай атып тастамайтын шығарсыздар?

- Кейбір адамдар бізді жан-жануарды жақсы көрмейтін қатыгез деп ойлайтын шығар. Бірақ олай емес, біз де жануарларға қажетті қамқорлық көрсетілгенін қалаймыз. Қазір бұрынғыдай қолға мылтық алып, таңғы уақытта «аңшылық жасау» жоқ, бәрі гумманды түрде жүргізіледі. Толығырақ айтып өтейін...

Көшеден қаңғыған не жоғалған итті ұстап алғаннан кейін оны уақытша оқшаулауға арналған орынға әкелеміз. Бірақ ол жерге бармас бұрын иттер карантиндік аумаққа орналастырылады. Себебі, түскен иттің сау немес ауру екенін білмейміз. Алдымен, олар карантиндік аумақа кіреді. Аумақта ветеринар иттерді 10 күн бойы бақылауда ұстайды. 10 күннен кейін ветеринар ит-мысықты қауіпсіз деп тапса, олар жалпы аумаққа өткізіледі. Ол жерде тағы 10 күн оқшауланады. Темір торда ұстаймыз. Себебі, жаңадан келген ит-мысықтарды бұрынғылары қабылдамауы мүмкін. Он күн ішінде иттер бір-біріне сіңісіп, иістері беріліп, үйренеді. Содан кейін ғана оларды тордан босатамыз. Итке қызмет қалай жасалса, мысықтарғада дәл солай жасалады. Ол жерде ит пен мысықтар 60 күн бойы мемлекет қорғауында болады.

- Ит аулаушылардың күн тәртібі қандай? Жұмысыңыз неден басталады?

- Таңғы 8 жарымда барлық аулау топтары кеңсеге 5 минуттық жиналысқа жиналады. Жиналыс барысында аулау топтарына иттерді ұстаудың қағидаларын, оны заң талаптарына сай орындауды түсіндіріп отырамыз. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша төрт аулау тобы бар. Бір топта жүргізуіші және аулау маманы болады. Олар жиналыстан кейін бізге келіп, түскен өтініштер бойынша жұмыс істейді. Күніне шамамен 50-60-қа жуық өтініш түседі. Ең жедел шақыртуларға бірінші шығамыз. Иттері иелерін қауып алуы, босап сыртқа шығып кетуі секілді өтініштер көп келіп түседі. Бірақ, ең алдымен жұмыс күні басталғаннен кейін бірінші кезекте мектептер мен балабақшалардың маңын міндетті түрде тексеріп шығамыз. Егер қаңғыған иттер болса бірден ұстаймыз.

- Бір күнде шамамен қанша ит-мысық аулайсыздар?

- Бір күнде 25-30 шақты ит пен мысық ауланады. Дәл қазір уақытта біздің орталықта 2 мыңдай ит пен екі жүздей мысық бар.

- Бұл көп емес пе?

- Нұр-Сұлтанда кезінде жер үйлер көбірек болды. Қазір олардың көбі ысырылып жатыр. Жер үйде ит ұстағандар енді жануарларын көпқабатты үйге алып бара алмайды. Сосын амал жоқ, тастап кетеді. Иесіз қалған ит міндетті түрде тамақ іздеп көше кезеді.

Қазір кей адамдар асыраған жануарларға жауапкершілікпен қарамайды. Біз көше кезіп жүрген иттерді алып келгеннен кейін жергілікті полиция қызметіне хабарландыру жібереміз. Бірнеше күннен кейін міндетті түрде иесі табылады. Иесі бар иттердің көшеде қараусыз қаңғырып жүргені үшін иесіне әкімшілік шара қолданып, олар айыппұл төлейді. Кейін бізге келіп өтініш жазып, итін қайта алып кетеді. Бірақ, 1-2 күннен кейін дәл осы жағдай қайталанады. Қанша ескерту, заң бойынша түсіндірулер жүргізілгенмен, өкінішке қарай жағдай қайталана береді. Сондай немқұрайлықтың салдарынан қаңғыған иттердің саны көбейіп жатыр.

Иттер екі ай сайын күшіктейді. Яғни, бір ит орта есеппен жылына 10-12 күшік табады. Күшіктері үш айдан кейін толық өз алдына өмір сүру қабілетіне жетеді. Яғни, олар да көше кезіп кетеді.

- Иттердің құтыру уақыты әдетте қай кезеңдерде байқалады? Негізгі белгілері қандай?

- Құтыру аурулары көбіне көктем айларында басталады. Құтыру жануарларға бір-бірінен берілетін ауру. Мысықтарға көбіне тышқан мен егеуқұйрықтан беріледі. Құтырған ит пен мысықтар жылға жетпей 5-6 ай ішінде өледі. Бірақ, сол уақыттың ішінде біраз адамға зардабын тигізуі мүмкін.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша құтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Себебі, ветеринарлық қызмет жыл сайын иесі бар иттердің барлығына құтыруға қарсы вакцина егіп шығады. Сондықтан, қалада мұндай ауру жоқ толық деп айта аламын.

- Жаңа өз сөзіңізде ауланған ит пен мысық 60 күн ветеринарлық орталықта болады дедіңіз. Одан кейін ол жануарларды не істейсіздер?

- Жалпы, иттерді атып өлтіріп тастайды деген қате пікір. Елордада мұндай әдіс қолданылмайды. Ауланған иттер екі ай бойы біздің қамқорлықта болады. Одан кейін ит немесе мысық керек деген адамдарға табысталады. Егер ондай ұсыныстар түспесе, келісімшартқа отырған арнайы волонтерлік ұйымдарымыз бар. Ол жақта еріктілер иттерді жаңа орынға орналастырумен және иесін иіздеумен айналысады. Соларға табыстаймыз.

Қазір ит-мысықтар гумандық әдіс арқылы ауланады. Яғни, рұқсат етілген арнайы дәрілермен уақытша жансыздандырылады. Екі немесе үш сағат ұйықтайды.

- Жануарларды жақсы көресіз бе? Оларға қандай қамқорлық жасалу керек деп ойлайсыз?

Жануарларды қорғау барысында заңды тағы күшейту керек деп ойлаймын. Тіпті, үй жануарларына қатыгездік танытқандарды бас бостандығынан айыру керек.

Адамдар менің итім қауіпсіз деп ойлайды да, бостандыққа жібере салады. Алайда, ол ит өзінің иесіне ғана қауіпсіз, өзгелерге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Менің итім маған, қоғамға қауіпті емес деп ойлау қате пікір. Итті ұстағаннан кейін барлық ережеге бағыну керек.

Әр жануардың киесі болады. Оларды қорғансыз екен деп, күш-көрсетудің керегі жоқ. Олар да тірі жан.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан