Импотент жігіттер, дүниеге ауру бала әкелу, Нұр-Сұлтанда белсіздіктің көбеюі - урологпен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Уролог-андролог маман Максет Рысбаев дені сау сперматозоидтар шығара алмайтын жігіттердің көбеюінің бір себебі - туғаннан жаялығы шешілмейтін балалар санының артуымен деп есептейді

Фотолардың авторы: Алиакбар Қадырбаев

Қазақстанда соңғы жылдары жыныстық қабілетсіздік проблемасы өршіп бара жатқаны белгілі. Еркектердің белсіздігі мен әйелдердің бедеулігі жиілеп, қолдан ұрықтандыруға жүгінетіндер саны көбейді. Қазан айында Парламент Мәжілісінде халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы Заң талқыланғанда депутат Зағипа Балиева 25 жастағы жігіттердің 16%-ы, қыздардың 30%-ы өмірге ұрпақ әкелуге қабілетсіздігін айтқан еді. Қазақстандықтар арасында жиі кездесетін жыныстық аурулар, жыныстық сауат және тағы басқа мәселелерге қатысты «Azattyq Ruhy» тілшісі елордадағы республикалық диагностикалық орталықтың уролог-андролог маманы Максет Рысбаевпен сұхбаттасып көрді.

- Жақында Мәжіліс депутаты Қазақстанда 25 жастағы жігіттердің 16%-ы белсіз, қыздардың 30%-ы бала көтеруге қабілетсіз екенін айтып, дабыл қақты. Осының себебі неден болуы мүмкін?

- 25 жастағылардың көбі белсенді азаматтар. Олар жұмыста да, жыныстық қатынаста да белсенді. Біразы енді университет бітіріп, әлі үйленбегендер немесе тұрмыс құрмағандар. Қазір капитализм заманы болғандықтан жұмыс істеу керек, оқу керек, ақша табу керек. Сөйтіп жүргенде жеке өмір, денсаулық шетте қалып қояды. Енді солардың не үшін импотент немесе бедеу болатыны мәселесіне келейік. Импотенция дегеніміздің өзі – қандай да бір аурудың асқынуы. Сол ауруды уақытылы емдемеу импотенцияға әкеп соғады. Сөйтіп, жыныстық орган жұмыс істемей қалады, оны медицинада эректильді дисфункция дейміз. Маған, тіпті, 25 тұрмақ, 19-20 жастағы импотент жігіттер де келеді. Олар да басқа ауруларын кезінде емдемей, мерзімін өткізіп алған. Екіншіден, сауатсыз жыныстық қатынас кезінде түрлі инфекциялар жұқтырып алған. Сондықтан, дәл осы 18-20 жас аралығындағы студенттердің арасында жыныстық тәрбиені күшейту керек.

- Жыныстық тәрбие, сауат туралы әңгімеге біз арнайы ораламыз. Алдымен қазіргі уақытта импотенция проблемасы неліктен асқынып тұрғаны жайлы тоқталсақ...

- Қазіргі адамдардың бұрынғыларға қарағанда айырмашылығы өте көп. Бүгінде кез келген отбасы бала туғанда бірінші оған «памперс» алады. Сосын жаялықты 24 сағат бойы шешпейді. Оның несі жаман дерсіз. Бірақ жыныстық орган жұмыртқалары екі нәрсе - тестестерон жыныстық гармоны мен сперматозоид өндіріп шығарады. Жұмыртқа басқа органдар сияқты іште емес, сыртта орналасқан. Оның қалыпты температурасы – 30-32 градус. Ал дененің температура 36 градус. Енді қараңыз, жаялық киген бала оған дәрет сындырады. Сол сұйықтық компресс сияқты жұмыртқаны қыздырады. Қызуға жаялықтың денеге жабысып тұруы да өз әсерін тигізеді. Осылайша 32-ден 36 градусқа жеткен жұмыртқа жұмыс істеуін тоқтатады. Өсуін тоқтатқан жұмыртқа дені сау сперматозоидтар істеп шығара алмайды. «Памперс» Қазақстанға 91 жылдары кіріп келді. Яғни, сол кезден бастап есептегенде, жаялық киген балалардың жасы қазір 25-те. Яғни, жаялықтан тапқан аурудың асқынуы басталып жатыр. Өзбекстан сияқты кей елдер тіпті, ұлдарға жаялық кигізуге тыйым салған. Сондықтан, біз де жаялықты тек жолға шыққанда, қонаққа шыққанда бір-екі сағатқа ғана кигізуіміз керек.

- Бедеулікке тәрбиенің қандай әсері бар?

- Қыздар қазір 15-16 жасында даяшы болып жұмысқа тұрады. Кафелерде, клубтарда үлкен қыздардың әрекетін көріп, еліктейді. Сөйтіп жыныстық жетілу процесі аяқталмай тұрып, өздері де бұзылады.  Бұдан бөлек, туа біткен аурулар болады. Оған ата-аналар уақытылы назар аудармайды. Мысалы, крипторхизм деген ауру бар. Крипторхизм кезінде туған баланың жұмыртқасы өз қалташығында тұрмайды. Сол проблеманы бұрынғы ата-аналар балаларына жаялық кигізіп қоя салмай, уақытылы жуындыру арқылы байқап отырған. Қазір біздің орталыққа адамдар 5-6 жастағы балаларын алып келеді. Қарасаң, бір жұмыртқасы, кейбіреуінің тіпті екі жұмыртқасы жоқ.

- Қазақстан азаматтарының жыныстық сауаты қай деңгейде?

- Қазір интернет барлық адам үшін қолжетімді. Сондықтан, жасөспірімдер жыныстық жетілу процесі аяқталмай тұрып, қалаған дүниесін ғаламтордан көріп алады. Құмарлығы, қызығушылығы тым ерте оянған бала жыныстық қатынасқа ақылмен келмейді. Көп дүниеге көздері де үйреніп кетеді. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жаман жағы – жыныстық қатынас ерте басталады. Жақсы жағы – жыныстық гармондары тез жетілген бала физикалық тұрғыдан да тез өседі. Енді осы тез жетіледі дегенге байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Маған бір күні 8 жастағы ұлын ерткен ата-ана келді. Өздерінің жасы шамасы 50-лерде. Оларды сол кішкентай балаларының таңертең оянғанда жыныстық органының «тұрмағаны» мазалаған. Сөйтіп оның жұмыс істейтін-істемейтінін тексеру үшін порнофильмдер көрсеткен. Әкесі мен шешесі «органы неге тұрмайды?» деп кәдімгідей баланы ортаға алып, бірге сондай видеолар көріпті. Ата-ананың қателігі қай жерде? Олар интернеттен «еркек ұйқыдан тұрғанда жыныс мүшесі де тұруы керек» деген ақпараттарды оқып алған. Мен оларға әлі жыныстық жетілуі басталмаған балада таңертең эрекция процесі болмайтынын түсіндірдім. Баланы тексердім, жыныс мүшесінде ешқандай проблема жоқ. Бәрі орнында. Жыныстық жетілу 13-14 жаста, ары кетсе 11 жаста басталады. Ал жаңағы ата-ана білместікпен кішкентай балаға анайы видео көрсетіп, психологиясын бұзды. Енді 18-ге толғаннан кейін ол балаға жаңағыдай фильмдер, тіпті, жыныстық қатынас та қызық болмай қалуы мүмкін. Жыныстық сауаттылықтың жоқтығынан осындай келеңсіз жағдайлар көп болады.

- Осындай сауатсыздықтан зардап шегіп, сіздерге келген тағы қандай пациенттер бар?

- Жаңа жоғарыда жыныстық орган жұмыртқасының орнында болмауы туралы айттық. Міне, бір күні жұмыртқасы «қалташыққа» түспеген 34 жастағы жігіт келді. Ата-анасы оны бала күнінде дәрігерге көрсетпеген. Себебі, екі жұмыртқаның керекті жерде тұруы қажеттігін олар да білмеген. Проблемаға ешкім назар аудармай жүре берген. Әлгі жігіт маған тек үйленуіне бір ай қалған кезде келіп тұр. Тексерсем, жыныстық органының өлшемі 5 жасар баланікімен бірдей. Яғни, өспей қалып кеткен. Енді ол жігіт бұл мәселені әке-шешесінің де, өзінің де жыныстық сауатсыздығынан көре алмайды. Қазір аталған азамат бізде емделіп, қажетті дәрілер қабылдап жатыр. Жыныс мүшесі 14-15 жасар баланың мүшесіндей болып үлкейді. Бірақ сперматозоид шықпайды. Жыныстық қатынасқа түсе алады, алайда ұрпақ сүюге қабілетті емес.

- Кей қоғам белсенділері қыздардың ашық киінуі жігіттердің белсіз болуына әсер етіп жатыр дегенді айтып жүр. Бұл пайым қаншалықты дұрыс?

- Қыздардың ашық киінуі жігіттердің импотенцияға ұшырауына алып келеді деп тікелей айта алмаймыз. Жалпы, ағзадан сперматозоидтар уақытылы шықпаса, «застой» басталады. Яғни, көп уақыт шықпаған сперматозоид артқа қарай ағзаға қайтады. Көшеде ашық жүрген қызды көрген адамда, әрине іштей қозу басталады. Бірақ өзін тоқтатуға, «келген» сұйықтықты қайта ішке кіргізуге мәжбүр. Бұл процесс барлық адамда емес, белсенді өмір салтын ұстанатын 25-30 жастағы жігіттерде болады. 45-50 жастағы азаматтарға ондай дүниелер әсер етпейді. Сондықтан жігіттерге уақытылы үйленуге кеңес беріледі. Адам 35-40 жасқа дейін жыныстық қатынасқа тұрақты түрде түсіп отырмаса, созылмалы простатит секілді ауруларға ұшырау тәуекелі күшейеді. Тағы бір айта кететін дүние, балалы болуда ерлі-зайыптылардың жас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Егер қыздың жасы 18-20-да болып тұрып, ер-кісі 40-та болса, ауру бала тууы мүмкін. Керісінше, қыз бала 30-дан жоғары болып, ер кісі 25-ке енді толса да дені сау ұрпақ әкелу қиын. Себебі, бала өмірге ер кісінің сперматозоиды мен әйелдің тұқымының қосылуынан пайда болады. Екеуі бір-бір клетка, өте нәзік орган. Сперматозоид бала жыныстық жағынан жетіле бастағанда пайда болады десек, уақыт неғұрлым көп өткен сайын оның құрамында зиянды гормондар, токсиндер көбейеді. Ол адам қандай аурумен ауырса да сперматозоидтқа әсер етеді. Сөйтіп, ересек адамның хромосомаларының құрылымы өзгеріп, мутацияға ұшырайды. Даун синдромы да осылай пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әйел кісілерге 40 жастан кейін бала тумауға кеңес беруі де содан. 30 жастан кейін әйелдердің туу қабілеті әр жыл сайын 10%-ға кеміп отырады.

- Қазір Қазақстанда қандай жыныстық аурулар жиі кездеседі?

- Қазақстанда 18 милллион ғана халық тұрғандықтан, бізге нақты статистика шығару қиын. Сондықтан Еуропа урологтар қауымдастығының зерттеулеріне жүгінеміз. Оның статистикасы бойынша, бүкіл әлемдегі еркектердің 5%-ы бала тудыруға қабілетсіз. Міне, осы 5% белсіз еркектерді 100% деп алсақ, оның ішіндегі 17%-ы крипторхизммен ауырады (жыныстық аурулардың толық тізімін төменде  кестемен ұсынамыз – авт.). Сонымен бірге варикоцеле деген ауру да (10,9 %) кең тараған. Міне, осы статистика біздің Қазақстанға да тура келеді.

- Белсіздік ауруы Қазақстандағы аймақтар бойынша ерекшелене ме?

- Иә, көрсеткіш әр облыста әр түрлі. Түркістан облысында ұрпақ сүйе алмайтын отбасылар аз кездеседі. Ал солтүстік аймақтарда жыныстық проблема көп. Мысалы, Астанадағы отбасылардың 30%-ында ерлі-зайыптының біреуінде бедеулік немесе белсіздік бар. Біз бұл статистикаға мүлдем бала көрмеген отбасыларды да, бірінші баласын өмірге әкеп, әрі қарай көбейе алмаған жанұяларды да қосып отырмыз. Неге Астанада көп? Себебі, бұл қалаға медицина жақсы деп әр облыста бала сүйе алмаған отбасылар ем іздеп келеді. Сөйтіп, емделіп жүріп, осында қалып қояды. ЭКО-ға (экстрокорпоралды ұрықтандыру –авт.) жүгінетіндер оның нәтижесін 1-2 жыл күткендіктен, тұрақтап қалып кетуі мүмкін. Мұның бәрі статистикаға әсерін тигізеді. Ал Елордадан басқа солтүстік өңірлердегі жастардың тез жетіліп, жыныстық қатынасқа ерте түсіп қоюы белсіздікке соқтырып жатыр. Жыныстық ауруларға ауа-райының да әсері зор. Астананың алты ай қысы простатитке себеп болады. Бірақ, ауа-райының жайлы болғанына қарамастан Талдықорғандағы белсіздік көрсеткіші 40%-ға жетіп отыр.

- ЭКО демекші, қазіргі қолдан бала жасау процесіне қандай адамдардың ұрығы пайдаланылып жатыр?

- Елорданың өзінде қазір 3-4 ЭКО орталығы бар. Бала сүйгісі келген әр адам ЭКО кезінде де өз сперматозоидын пайдаланғысы келеді. Бірақ туа біткен хромосома аурулары оған мүмкіндік бере бермейді. Сол кезде донор ретінде өзінің ағасының, інісінің сперматозоидын пайдаланады. Тіпті, әкесінен алатындар да кездеседі. Жыл сайын менің пациенттерімнің 2-3%-ы осындай жолмен көбейеді. Олар сәйкес келмесе, басқа дені сау адамнан сатып алады. Донордың да бұрын сотталмаған, мінез-құлқы дұрыс адам болғанын, қазақ болғанын, руы бір болғанын қалайды. Тіпті, кейбіреулер жоғары білім алғанына да мән береді.

- Ұрық доноры болғысы келетін жастар көп деп естідім?

- Маған көбіне ақшадан қиналып жүрген студент жастар келеді. Сараптама өткізгенде олардың ұрығы жарамсыз болып шығады. Өткен жылы соңғы курста оқитын бір студент менен кеңес алып, ЭКО орталығына барды. Бойы ұзын, дене тұрқы жетілген. Бірақ үйленбеген. Үйленбеген адамның ұрығын ешкім алғыс келмейді. Өйткені, сперматозоидтың бала жасау қабілеті дәлелденбеген.

- Белсіздікті, бедеулік бойынша халық еміне жүгініп, артынан зардап шегіп, сізге келгендер бар ма?

- Өте көп. «Ауруын жасырған өлетінін» білсе де, қазақтар жыныстық мәселемен дәрігерге келуге намыстанады. Сөйтіп, ауылдардағы емшілерге барып, түрлі шөптерді қабылдап, уақытын жоғалтады, ауруын асқындырады. Нәтиже болмай, 1-2 жыл өткізіп барып бізге жүгінеді. Әрине, ауруды алғашқы кезеңінде емдеп тастаған оңайырақ. Мысалы, Қазақстанда бір пациентке халық емшілері емдік шөпке кәдімгі тарақанды езіп қосып, ішуге кеңес берген. Соны ішкен адам бір күннен кейін денесі ісіп, зәрі қан болып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Себебі, тарақанның құрамында токсин қалдықтары бар. Сол ағзаға ауырлық түсірген. Тағы бір отбасыны білемін. Ол да халық еміне қатты сенеді. Аурудан айығып кетеміз деп, әйелі де, күйеуі де жыланның уын укол арқылы қабылдап, бір аяғы мүлдем істен шығып қалған. Бір жылдан бері ауруханада жатыр, аяқтары әлі ауырады.

Сұхбаттасқан - Абай СЕЙФУЛЛА