Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы: оқу ақысы мен жаңа мамандықтар жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде 23 стипендиат білім алып жатыр

Azattyq Rýhy / Алиакпар Қадырбаев

Бүгінде Қазақстан бойынша медициналық білім беру бағытында 5 мемлекеттік медицналық ЖОО, 4 мемлекеттік емес ЖОО және көпсалалы білім беру ұйымдарының құрамында 7 медициналық факультет бар.

Қазір елімізде дәрігерлерге қатысты шамамен төрт мыңнан аса штат бос тұр. Себебі, елде бұл салада маман тапшылығы бар. Медициналық бағытта білім алып, елге қызмет етуді қалайтын жас түлектер саны аз емес. Алайда, оларды алаңдататын мәселе - оқу құны. Бұл ретте студенттердің білімі мен оқу орындарының жабдықталу мәселесі қаншалықты сапалы екенін білу үшін Azattyq Rýhy тілшісі ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Гүлназ Таңатаровамен сұхбаттасты.

- Гүлназ Нұрсұлтанқызы, еліміздегі медициналық білім беру мекемелерінің оқу әдістемелік құралдармен жабдықталуы қай деңгейде?

- Медициналық ЖОО-лар қазіргі заманғы білім беру орталықтарымен, оның ішінде оқу-клиникалық орталықтармен, симмуляциялық орталықтармен, практикалық дағдыларды пысықтауға арналған қазіргі заманғы манекендермен, әлемдік дерекқорға қолжетімділігі бар кітапханалармен жабдықталған. Медициналық университеттер қабылдау бөлмелерімен, зертханалармен, операциялық блоктармен және мамандырылған бөлімдері бар клиникалық базалармен және университеттік клиникалармен қамтылған.

- Жыл сайын қанша түлек дәрігер статусын иеленіп шығады? Соңғы үш жылдың статистикасын айтып берсеңіз.

- 2019 жылғы түлектердің саны - 8003 (мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығандар – 5579 адам), 2020 жылы - 7912 адамды (мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығандар – 5551 адам) құрады. Жоспар бойынша 2021 жылғы түлектер саны – 9339 адам (мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығандар – 6413 адам).

- Елімізге қандай медициналық мамандар жетіспейді?

- 1 қаңтардағы деректерге сүйенсек, Денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық ведомстволарды ескере отырып, шамамен 211 234 медицина қызметкері: оның ішінде 55 867 дәрігер, 155 367 орта медицина қызметкері (бұдан әрі – ОМҚ) еңбек етеді. Қазір жалпы дәрігер тапшылығы шамамен 4 мың штаттық бірлікті құрайды. Нақтырақ айтқанда, елімізге қазір жалпы практика дәрігерлері (430,75), анестезиолог-реаниматолог (378,25), педиатр (204,25), акушер-гинеколог (378,25), терапевт (707,75), инфекционист (250,5), кардиолог (97), онколог (108,25), эпидемиолог (100,5) жетіспейді.

- Алда осы олқылықтардың ескере отырып, тиісті ЖОО-да мамандық санын арттыру жоспарда бар ма?

- Жаңа мамандықтар тәжірибелік денсаулық сақтау талаптарына сәйкес пайда болады. Мәселен, 2020 жылдан бастап «эрготерапия», «кинезиотерапия», «трансплантациялық координация», «дәстүрлі медицина» сияқты жаңа мамандықтары енгізілді. 2021 жылы «қоғамдық денсаулық: эпидемиология және гигиена» мамандығы енгізіледі.

- Медициналық бағытта білім беретін ЖОО-лардағы ақылы бөлімнің орташа есеппен бір жылдық құны қанша?  

- «Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандар даярлауға 2018 – 2019, 2019 – 2020, 2020 – 2021 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» Үкімет қаулысына сәйкес ұлттық ЖОО-ларда мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы – 770,1 мың теңге, кәдімгі ЖОО-ларда 609,0 мың теңгені құрайды. Медициналық жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу сомасын ұйым дербес белгілейді және оны директорлар кеңесі бекітеді.

- Медицина мамандарының біліктілігі мен білімін арттыру мақсатында қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін күшейту шеңберінде 2020 жылы республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде 15 мыңнын астам медициналық қызметкер (10 993 дәрігер, 4352 ОМК) біліктілігін арттырды. Биыл денсаулық сақтаудың өзекті басым бағыттары бойынша 11 мыңнан астам қызметкердің біліктілігін арттыру жоспарланған.

- Студенттердің білім деңгейі қалай тексеріледі? Оны кім тексереді?

- «Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау, түлектердің кәсіптік даярлығын бағалау, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығын бағалау қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес студенттердің білім деңгейін бағалау жөніндегі уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.

- Пандемия тұсындағы қашықтан оқыту процесі студенттердің практикалық тәжірибесіне кері әсер етпей ме?

- Қазіргі уақытта интерндер мен резиденттер күндізгі оқу бөлімінде оқиды және стационарларда жұмыс істейді. Бакалавриаттағылар қашықтан оқиды, онда практикалық дағдылар бейнематер арқылы оқытылады. Жоғары оқу орындары өз студенттерін біртіндеп аралас оқыту нысанына ауыстырады, теориялық материалды зерделеу қашықтық форматта қалады, ал практикалық бөлігі – кіші топтар бойынша күндізгі режимде оқытуда. Практикалық дағдыларды қолдану санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, кіші топтың оқу-клиникалық орталығында пысықталады, осылайша практикалық дағдыларды пысықтауға ерекше назар аударылады.

- «Болашақ» бағдарламасы аясында медициналық бағыт бойынша шетелдік университеттерде қанша студент білім алып жатыр?

«Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде 23 стипендиат (Ұлыбритания – 9, Канада - 1, Аустралия – 1, Қытай -1, Литва -2, АҚШ – 7, Германия – 1, Швеция – 1) медицина бағыты бойынша білім алуда. «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша – 5, жалпы медицина - 2, неврология - 2, офтальмология - 1, стоматология - 2, анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия - 1, биотехнология - 3, ветеринария - 1, ішкі аурулар - 1, онкогематология - 1, педиатрия - 1, хирургия - 2, экология және эволюциялық биология - 1 студент оқып жатыр.

- Алда медициналық білім беру бағытында қандай жаңашылдықтар болады?

- Медициналық білім беру саласында халықаралық үрдістерге бағдарланған қосымша және бейресми білім берудің жаңа форматын енгізу жоспарлануда, медицина қызметкерлерін лицензиялауға көшу үшін негіз ретінде жаңа номенклатура бойынша мамандықтар мен мамандануларды сертификаттау жүйесі енгізілуде. 2021 жылы кәсіби стандарттар енгізіледі, салалық біліктілік шеңбері өзектендіріледі, оның негізінде медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіби дамыту жүйесі енгізіледі.

Сұхбаттасқан: Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан