Қазақстандағы техникалық және кәсіби білім, кадр тапшылығы және IT мамандық туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Daryn.online республикалық білім беру платформасының директорымен сұхбат

фото: Асқар Мақсатұлының жеке архивінен

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың білімін жетілдіру үшін қажетті жағдай жасау туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек» деді.

Алдымен жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру қажеттігін басты міндет ретінде белгіледі. Қазақстандағы кәсіби және техникалық білім турасында Azattyq Ruhy тілшісі Daryn.online республикалық білім беру платформасының директоры, жас кәсіпкер Асқар Мақсатұлымен сұхбаттасты.

- Асқар мырза, Қазақстандағы техникалық және кәсіби білім берудің деңгейіне қалай баға бересіз?

- Қазақстанда кәсіптік білім деңгейі жалпы орташа және кей жерлерде төмендігінің негізгі себептерінің бірі - өндіріс пен білім беру саласының арасындағы байланыстың болмауынан деп білемін. Кез-келген дамыған елдерде кәсіптік білім өндіріс пен сала мамандарының талаптары негізінде жүзеге асады. Ал, біздің жағдайда өндіріс пен білім беру саласы екеуі екі реалда тіршілік етіп жатыр. Елде көп жастардың кәсіптік білімі бола тұра «екі қолға бір күрек» позициясында жүрген себебі осыдан деп білемін.

- Аталған салада Қазақстанның кемшіліктері мен артықшылықтары неде?

- Қазақстандағы кәсіптік білім беру саласының артықшылығы дегеннен гөрі, потенциалы дегеніміз дұрысырақ болар. Қазір елдегі жаңадан басталған жаппай өндірістік үдеріс сөз жоқ кәсіптік білім алушылар мен мамандарына үлкен сұраныс тудыру үстінде. Дәл осы сәтті пайдаланып, біз жоғарыда айтып өткенімдей, өндіріс пен білімнің арасының алшақтығын минимумға жеткізуіміз керек. Оның үстіне Қазақстандағы жастардың базалық білімі ТМД елдерінің көбіне қарағанда едәуір жоғары екенін ескерсек, өз саласында үздік мамандарды дайындап шығудың алғышарттары бар деуге әбден болады.

- Техникалық мамандық саласындағы кәсіби маман даярлаушы педагогтердің біліктілігі, кадр мәселелерін біз толықтай қамти алып жатырмыз ба?

- Әуелі мына нәрсені анықтап алсақ деймін. Қазір бізде тек техникалық мамандық саласындағы кәсіби маман дайындайтын педагогтар ғана емес, жалпы білім саласындағы мықты педагогтерді қамтудың өзі оңай болып жатқан жоқ. Өздеріңіз білетіндей, елімізде ұстаздар мәртебесіне қатысты мәселе енді ғана қолға алынып жатыр. Өткен 20 жылда педагогика саласына көбінесе соны мақсат тұтқан білімді жастар емес, «ең болмаса мұғалім болармын» дейтін жастардың легі келді. Мемлекет оларға қанша мүмкіндік жасағанымен, қазір білім беру орындарында олардың қарасы көрінбейді. Сондықтан бізде кез-келген саладағы педагогтер табиғи дефицит жағдайына жетіп отыр. Бұл бағытта ҚР Білім және ғылым министрлігі бастаған жаңа реформалар алдағы жылдарда өз жемісін беретініне үміт бар.

- Қателеспесем, бүгінде танымал платформаның бірі - Daryn.online кіретін Bugin Holding-тің негізін қалаушылар да техникалық мамандық иелері. Қазақстанда IT саласын меңгерген мамандар үшін мүмкіндіктер көп пе?

- Иә, дұрыс байқаған екенсіз. Біздегі тек Daryn.online ғана емес, басқа да жобалардың баcы-қасында негізінен техникалық сала мамандары жүргенін айта кету керек. Сізге бір қызық айтайын. Дәл қазір біздің холдинг ондаған мықты IT маманына мұқтаж. Біз білетін серіктес компаниялар да ай сайын маман іздеп жатады. Жобалардың кеңеюіне байланысты өзіміздегі бар кадр ресурсы кәдімгідей аздық етіп жатыр. Қазір қазақ жастарының арасында бұл салада өздерін алыс-жақын шетелдерде мойындатып жүрген азаматтарымыз өте көп десем, қателеспеймін. Google, Yandex, Facebook, Twitter, Booking, Opera сияқты үлкен әлемдік компаниялардан жүрген қазақ жастары биік жетістіктерге жетіп жатыр. Өйткені, IT жаңа сала болғандықтан, ол басқа салалар сияқты консерватив көзқарастардың астында қалып кеткен жоқ. IT өндірісі білім беру саласына өз талаптарын ашық қойып келеді. Тіпті, көптеген IT компаниялар жұмысқа аларда диплом талап етпейтін болды.

Олардың стандартына негізделген біліктілік сертификатыңыз болса, жеткілікті. Берген тапсырмаларын орындайсыз да, жұмысыңызды бастай бересіз. Сондықтан, өз ісін жақсы меңгерген маман үшін шетелде де, елімізде де потенциалы мол жұмыс орындары бар екенін толық сеніммен айта аламын.

Еске сала кетейік, 16 наурызда Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында жаңа тетікке сәйкес, педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы сынақтарды қоспағанда, колледжге түсу емтиханы алынып тасталатынын мәлімдеді.

Бибігүл Асылованың айтуынша, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе қаражатты нақты студентке бекіту ұстанымы бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігін әзірлеген. Егер осыған дейін өңірлердегі білім басқармалары колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты өздері орналастырса, енді жаңа механизм бойынша абитуренттер колледжді әрі мамандықты өздері таңдайды.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастырудың жаңа ережесі әзірленіп, тиісті бұйрық тіркеу үшін Әділет министрлігіне жолданған.

Айжан Қалиева, Алматы