Жеке басқа табыну, Қытай экспансиясы, Астана атауы – Тоқаевтың Немцоваға берген сұхбатында тағы не айтылды?

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Немецкая волнаға» сұхбат берді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Deutsche Welle» журналисі Жанна Немцоваға сұхбат берді. Әңгіме барысында ол алдағы Германияға сапары жайлы, Қазақстанның Қытай, Ресей мемлекеттерімен ара-қатынасы туралы, Астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге қатысты пікірін білдірді.

Журналистің «Қаланың атауын ауыстыруға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсы болды ма?» деген сұрағына Қ.Тоқаев:

«Біз одан бұл туралы сұраған жоқпыз. Біз елорданы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен ол (Елбасы – авт.) өз қызметінен кеткен сәтте атадық қой. Формальдық тұрғыдан ол кезде Назарбаев Мемлекет басшысы емес еді. Мен жаңа Президент ретінде ұсыныс айттым. Біз алғаш келгенде бұл жер (Нұр-Сұлтан қаласы –авт.) қарапайым елді мекен болатын. Иә қала болды, бірақ өте кішкентай еді. Сондықтан мемлекет астанасын Целиноградқа ауыстыру өте батыл, геосаяси шешім. Жаңа талаптар кезеңінде астананың ел орталығында орналасуы аса маңызды», - деп жауап берді.

Тоқаев Қазақстанда «жеке басқа табынушылық» жоқтығын журналиске Елбасын халықтың еркін сынай алатындығымен түсіндірді.

«Назарбаевты Қазақстанның азаматтары да сынайды. Оны тоқтату мүмкін емес. Себебі әлеуметтік желілер, интернет бар. Екінші жағынан бидайды бидайықтан айыра білу керек. Жауапкершілікті түсінбейтіндер, жала жабушылар бар. Өз өмірінен түңілгендер де бар. Олардың қолында интернет бар. Сондықтан Тұңғыш Президентті ешкім сынамайды деп айта алмаймыз», - дейді ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сұхбат барысында ел арасындағы Қытай экспансиясына, Ресей ықпалына қатысты алып-қашпа сөз жайлы ойын айтқан. 

«Бізде Қытайға ешқандай тәуелділік жоқ. Өзара тиімді серіктестік бар. Қытайдың инвестициялық потенциалы өте жоғары. Әрине, біз өз экономикамыздағы инвесторларды диверсификациялағымыз келеді. Сондықтан да мен Германияға жақсы ұсыныстармен бара жатырмын... Қытай бізге 20 млрд-тан аса инвестиция құйды. Қытай экономикасы өте жылдам дамып жатқан ел. Ол жөнінен әлемде бірінші орынға шықты десек те болады. Қыркүйектің ортасында мен Пекинғе мемлекеттік сапармен барып, Қытаймен мәңгілік серіктестік туралы декларацияға қол қойдым. Басқаша мүмкін емес. Бір белдеу, бір жол концепциясы бар. Қазақстанның қатысуынсыз ол концепция жұмыс істемейді. Қытай тауарлары біз арқылы, Ресей, Белоруссиядан өтіп, Еуропаға жетіп отыр. Жақында мынадай рекорд болды: Сиянь қаласынан шыққан тауар теміржол арқылы Гамбургке он күнде жетті. Егермен кемемен жеткізгенде, оған 40 күн кетер еді», - деді.

Журналист тарапынан Қырымда болған жағдайдың Қазақстанда қайталануы мүмкін бе деген сауал болды. Оған Тоқаев:

«Қырымның бөлінісінен кейін ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі біздің Ресей Федерациясымен достығымыз сенімге, татулыққа құрылған. Біз әу баста Ресей басшылығының даналығына сендік. Сондықтан аталып отырған елдегідей жағдай бізде орын алады деп еш қауіптенбейміз», - деп жауап берді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан