«Үлкендер жағы қиналар, бірақ бәрі болашақ үшін»: Ербол Тілешов жаңа әліпби жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Латын графикасына негізделген жаңа әліпби туралы ғалыммен сұхбат

Ербол Тілешов, ғалым

2017 жылы Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшетіні жайлы мәлімдеді. Содан бері еліміздің 70-ке жуық филолог ғалым жаңа латын әліпби жобасын әзірлеу үстінде. Сол ғалымдардың бірі - Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев.

Филология ғылымдарының кандидаты Azattyq Rýhy тілшісіне латын қарпіне көшудің қазақ тілі үшін маңыздылығын айтты.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ДАМУЫНА ДЕМОГРАФИЯ ӘСЕР ЕТЕДІ»

- Латынға толық көшу қазақстандықтардың қазақ тілінде толық сөйлеуіне тура пропорционал. 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде қазақтілділердің үлесі 42% болды. 1991-1992 жылдың қыркүйегінде бүкіл оқушылардың 28% ғана қазақ сыныбында оқыған. Бүгінде қазақ мектебінде оқитындардың саны 70%-дан асты. Статистка бойынша, бастауыш сыныпта оқитындардың үлесі - 83%, бұл көрсеткіш жалғасады. 2016 жылдан бастап 1-сыныпта оқитындар 88-89% болды. Жоғары сыныпты қоспағанда, енді біраз жылдан кейін мектеп бітірушілердің 90% қазақ сыныптарын бітіреді. Аяз бидің ертегісіндегідей «Көп қорқытады, терең батырады». Қазақ тілінің мәселесін қазақтың демографиясы шешеді. Қазір қыздар тұрмысқа шықпай, жігіттер үйленбей, бала туу азайды деп айтуға болмайды. Бәрібір қазақ елінде қазақтардың бала туу, көбеюі славян, еуропа тектестерден жоғары. Көшіп келу сальдосы этникалық қазақтардың пайдасында. 2025 жылға дейін қазақтілді орта, қазақ мектебі, мемлекеттік қызмет, БАҚ толықтай қазақ тіліне көшеді. Өзіңізде байқап отырсыз, қазір қазақ тіліне деген сұраныс пен талап күшейіп отыр. Көпшілік көптігін көрсетіп жатыр. Әлеуметтік желіні байқасаңыз, қазір ұлтжанды азаматтар бір-біріне өте жақсы қолдау көрсетеді. Ал ұлтжандылықтың күшеюі қазақ тілінің күшеюіне тікелей алып келетін дүние. Мүмкін эволюцияның да шегі осыған келген шығар. Қазір жастар табиғи, бейбіт жолмен өзінің құқын сауатты түрде сұрап жатыр. Осы ұлтжандылық бізді индикатор сияқты ұйыстырып, патриоттықты өсіруде.

Кейбір ғалымдардың жаңа латын әліпбиінің кейбір принциптерімен келіспейтін жері бар. Ол қайшылықты айтуымыз керек, бірақ ғалымдардың 97-99%-ы осы орфографиялық жұмыс тобымен ортақ шешімге келіп отыр. Мұндай даудың болуы табиғи екен. Мен түріктің бір ғалымынан: «1928 жылы түрік әліпбиі латынға көшті ғой. Сендер де бұл үрдіс қалай жүрді?» деп сұрадым. Сонда ол «Ербол мырза, 80-ші жылдардың ортасына дейін осы әліпбиді жамандап келген түріктің ғалымдары болды» дейді. Алпыс жыл өткеннен кейін де қабылдамағандар бар. Орыстардың арасында да кириллден латынға көшу керек екенін әлі күнге дейін айтып жүрген бір топ ғалым бар. Қытайда пиньинь, жапондарда ромадзи бекітілген. Латынды бекітпесе, халықаралық пошта, әуе, әскери бірлестікке кіре алмайды. Банктердегі есептің бәрі латын тілінде. Жаһандану дұрыс емес деп екі қолды көтеріп тұрып алмау керек, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жақсы жағын алғанымыз абзал.

Латын графикасындағы жаңа әліпби нұсқасы 

ӨЗГЕ ТІЛДЕН ЕНГЕН СӨЗДЕРДІҢ  ЖАЗЫЛУЫ МЕН АЙТЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ ЖАЙЛЫ

- Көп сөз қазақ тіліне «сындырылады». Мысалы, «ш» әрпі болмайды. Бұрынғыдай «я» болмайды, жіңішкелік белгісі, жуандық белгісі, элеватор дегендегі «э» болмайды. Яғни латын қарпінде жоқ әріптердің бәрі қазақ тіліне икемделеді және ол еш қиын емес. Сол себепті, ғалымдар емле ережесінде аралық деген нәрсені ұстап отыр. Демек, бұрынғы емле ережесін де ұстап отыруымыз керек, «сындырылатын» сөздерді де сындырып отыру керекпіз.

Құралай Күдеринова деген профессор екуміз Еуразия гуманитарлық институтына бардық. Сонда студенттерден «в», «ф» әріптерін алып тастауға қатысты сұрақ қойдық. Олар бұл өзгеріске қарсы болды. Біз болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандарына барып отырмыз және олар аталған әріптердің қалуын қалады. Фильмге барамыз дегенді «пильмге барамыз» деп айта алмайтынымыз сияқты ғой. Латынға көшкенде көп нәрсе аралық болады. Яғни белгілі бір уақыттан кейін түсіп қалуы немесе толығуы мүмкін. Осы «2020 жылы бекітілген ереже шегі осы. Енді осылай өмір бойы тұрады» деп біз айта алмаймыз.

«ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ КИРИЛЛИЦА ЗАҢЫНА БАҒЫНБАДЫ»

- 1929 жылы латынға көшті, 28 жылы Лениннің зорлығымен кіргенге тіл бағынбады. 1950 жылға дейін реформа жасалып келді. 17 жыл бойы қазақтың тілі кириллица заңына көнбеді. Қазір біз ұсынған емле-ережелерге екі-үш жылдан кейін таңбалық өзгерістер енуі әбден мүмкін. Мәселен, Әзірбайжан халқының 92% өз тілінде сөйлейді. Олар үш әліпби, төрт емле қабылдаған. 2019 жылы олар төртінші емлесін қабылады. Өздерінің жер көлемі 86 мың квадрат шақырымды құрайды. Біздің Маңғыстау 165 мың квадрат шақырым, Алматы облысы 200 мың квадрат шақырым болады. Қарап тұрсаңыз, 9 миллион ғана халқы бар Қарағандының жартысының жартысындай мемлекет. Соған қарамастан, Кеңес үкіметінің кезінде халқының 90%-ы ана тілінде сөйлейтін және ешқандай проблема болған емес.

КИРИЛЛИЦА ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

- Латынға көшу - әлемнің талабы. Тіл жаңғырмай, сана жаңғырмайды. Ал, тілдің жаңғыруы - біздің жазуымыз. Бізге кезінде империямен, саяси зорлықпен тағылған жазудан бас тартуға тиістіміз. Біз бас тарта алмасақ, біздің тәуелсіздігіміз қайда?! Біздің тәуелсіз идеяларымыз, азаттық құндылықтарымыз, дербес мемлекет ретіндегі біздің басымдықтарымыз. Әзірбайжан неге бірден көшіп кетті, неге Түркия көшіп кетті, неге Түркменстан көшті? Молдаванның ішінде отырған алақандай ғағауыз көшті. Өйткені, бізді қоршап тұрған ортаның бәрі көрнекі ақпарат пен таңбалар. Біз заттардың ғана емес, таңбалар мен ақпарат ішінде өмір сүріп жатырмыз. Әрбір заттың атауы, атауы бар нәрсенің жазуы бар.

Белгілі бір реформалық қиындықтар болады, уақыт жұмсап, үйренуге тура келеді. Бірақ бұл біздің болашағымыз, келешегіміз үшін. Өскелең ұрпағымыздың азат санасы болып, біреуге кіріптар болғанын қаламаймыз. Бүгін ата-аналар, ата-әжелер қиналуы мүмкін. Бірақ сол ұрпақ үшін біз жол ашуымыз керек. Ата-ана баласы үшін бір кәмпитті кем жейді, бір сағат кем ұйықтап, бір киім кем киеді ғой. Сол сияқты осыған ойлы азаматтар атсалысар деп ойлаймын. Өйткені біз осы бір аралық кезеңнен өту керекпіз. Ғалымдар өз тараптарынан осыған қатысты әрекетті тез бекітіп қоймай, екі қарап, бір шұқып, қайта-қайта ашық талқылау өткізіп, компыютерге салып қарап, осы жолы қате кетпейік деп мұқият болуда. Біз артылған жүктің салмағын сезіп отырмыз. Қазір 4 жұмыс тобында 70-ке жуық ғалым бар, бәріміз тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан