Мемлекет жас дінтанушыларды дұрыс пайдалана алмай отыр – сарапшы

Автор: Azattyq Rýhy

Арулан Қуатов дінтану саласындағы өзекті проблемаларды айтты

Арулан Қуатов, ЕҰУ-да магистрант

Арулан Қуатов Еуразия ұлттық университетінде дінтану мамандығы бойынша бакалаврды аяқтап, аталған мамандық бойынша ары қарай магистратурада оқып жатыр. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген сарапшының сөзінше, дінтанушы мамандығына көпшілігі грант үшін мақсатсыз түсіп жатады.  Ал мақсатты түрде оқу бітіргендерге кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз.

ДІНТАНУ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ ЖАЙЫНДА

- Біздің қоғам әлі күнге дейін теолог пен дінтану мамандығының ара-жігін дұрыс түсіне алмай жүр. Дін саласының маманы десе көпшілігінің көз алдына уағыз айтатын имам мен мешіт елестейді. Бұл қате түсінік.  Осы сәтті пайдалана отырып оқырмандарға дінтанушы дегеніміздің қандай мамандық екенін бір ауыз сөзбен түсіндіріп кеткім келеді. Дінтанушы - әлемдегі барлық діндерді ғылыми тұрғыдан зерттейтін маман.

Дін тақырыбы қай қоғамда болсын өзектілігін жоғалтпайды. Себебі, дін әлеуметтенудің бір бөлігіне айналды.  Діни сауаттың аздығынан қаншама жас жат ағымның жетегіне еріп, шетел асып кетті. Елде жүріп салафизм құрбанына айналып, шоқынып, күнге табынып кетушілердің саны да әлі толастар емес. Осы орайда, біздің елімізге барлық дінге зайырлы тұрғыдан қарап, баға бере алатын дінтанушы сарапшы мамандар өте қажет. Мемлекет тарапынан аталған мамандық иелеріне гранттар бөлініп жатыр, бірақ оларға қолдау аз. Оның үстіне, жоғарыда атап өткенімдей, дінтану мамандығы туралы әлі күнге дейін дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Дінтану соңғы он жылдықта ғана жүйелі түрде оқытылып келе жатыр. Еуразия ұлттық университетінде жеке кафедра болғанына 4-5 жылдан асты. Одан бөлек, дінтану мамандығын бітіруші түлектердің жұмыс істейтін орны әлі де шектеулі.

 МЕКТЕПТЕГІ ДІНТАНУШЫЛЫҚ БІЛІМ 

- Мәселенің бастауы мектепте деп ойлаймын. Себебі, мектепте дінтану мамандығы жайлы дұрыс түсінік пен көзқарас қалыптастырып бере алмай отыр. Одан кейін ешкім «мен болашақта дінтанушы болсам екен» деп армандамайды. Оған себеп біріншіден, арнайы дінтанушы маманның сабақ бермеуі. Екіншіден, дінтану пәнінің қосымша пән ретінде қарастырылуы, осының салдарынан оқышулар бұл пәнге мүлде назар аудармайды. Үшіншіден, оқулық та дұрыс жазылмаған деп білемін. 

Қазір мектептерде оқушыларға дінтану туралы сабақ беріп жатқан мұғалімдердің дінтанулық білімі жоқ. Кадр тапшылығы салдарынан оқушыларға тарихшылар, әдебиетшілер сабақ береді. Оның үстіне, дінтану пәні мектепте қосымша сабақ ретінде бір жыл ғана беріледі. Меніңше, дінтану пәнін бір жыл оқыту жеткіліксіз. Мәселен, физиканы 7-ші сыныптан бастап оқытады, химияны 8-ші сыныптан бастайды. Бұл пәндерді 5-6 сыныпта оқытпайды, себебі, ол кезде математика заңдылықтарын үйретеді. Сол сияқты дінтануды бір жыл оқыту жеткіліксіз. Дінтану пәніне дейін ұлттық, мемлекеттік құндылықтар, әлемдік мәдениет, сыни ойлау мәселесін қамти алатын қосымша сабақтар жүргізіліп, содан кейін дінтану пәні оқытылғаны дұрыс деп білемін. Мектепте дін негіздері дұрыс оқытылса, бүгінгідей жат ағымға ерушілердің саны көп болмайтын еді. Дінтану мамандығын бір жыл емес, үлкен сыныптарда 4-5 жыл оқытып, сағат санын көбейтетін болса, біраз маман мектепте аталған пәннің дұрыс оқытылуына мұрындық болатын еді.

«ДІНТАНУҒА АБИТУРИЕНТТЕР МАҚСАТСЫЗ КЕЛЕДІ»

- Дінтану мамандығына студенттер жүрек қалауымен емес, грант үшін келеді. Мұның алдын алу үшін 2016 жыл ұстаздар журналистика мамандығы сияқты, дінтануға да шығармашылық емтихан қойды. Осыдан кейін абитуриенттер өз еркімен келер деп ойлаған. Бірақ ол кездің өзінде де төмен балл жиғандар шығармашылықтан жолым болып кетер деп оймен келіп жатты. Жыл сайын мемлекеттен дінтану мамандығына 300 грант бөлінеді. Бірақ соны дұрыс пайдалана алмай жатырмыз. Оның ең басты себептерінің бірі - оқу бітірген жастардың жұмыс таба алмауы. Менімен бакалаврды бітірген 9 адамның 3-і ғана мамандық бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс таппай жүрген дінтанушылар қанша?! Біздің мамандық бойынша оқу бітірген бойда жұмыс істеп кету қиын. Бітірушілер көп жағдайда қалалардағы әкімдікке қарайтын Дін істері басқармасы және дін мәселелерін зерттеу орталықтарында жұмыс істейді. Ал, оңалту орталықтарында теологтар жұмыс атқарады. Одан кейін Назарбаев атындағы конфессияаралық келісім орталығында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істей алады. Оның өзінде санаулы орындар ғана. Аймақтарға барып жатқан жастардың қабілетін жүйедегі қағазбастылық, цензурамен басып тастаған, олар жиған білімін, энергиясын толыққанды көрсете алмай жатыр. Мотивация беретіндей жалақы да мардымды емес. А.Яссауи, әл-Фараби атындағы оқу орындарында дінтану мамандығын бітірген мықты мамандар бар, бірақ олар қолдаудың аздығы мен төмен айлық салдарынан бұл саладан кетіп қалған. Көп жерде жас мамандардан бірден тәжірибе сұрап, кәсібилікті талап ететіні тағы бар. Ал, дінтануға мақсатсыз түскен студенттер оқуды мақсатсыз бітіріп жатыр.

«АҒА БУЫН ДІНТАНУШЫЛАРҒА КРЕАТИВ ЖЕТІСПЕЙДІ»

- Дін саласындағы мемлекеттік бағдарлама екі ауыз сөзге ғана сияды: «алдын-алу және қарсы насихат». Тіпті шығарып жатқан контенттеріміз исламафобияны арттыруға жұмыс жасап жатыр. Мақсатты түрде емес әрине. Бізге керісінше ағартушылықпен айналысу қажет. Ағартушылықпен айналысып қана дін саласындағы мәселелердің алдын-ала алып, қоғамда радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыра аламыз. Дінтанушылардың имиджін қалыптастыру үшін жас дінтанушылар ассоциациясын ашып, төрт жыл жинаған білімін дұрыс бағытта пайдалана алмай жүрген амбиция бар қыз-жігіттердің басын қосып жатырмын. Мақсатымыз – дін саласында жаңа медиа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халыққа әлеуметтік желіде сауатты ақпарат тарату. Дін саласында аға буын арасында өте мықты, тәжірибелі мамандар бар. Бірақ оларға қазіргі жаңа медианы пайдаланып, уақыт талаптарына сәйкес ақпарат беруде креатив жетіспейді. Ал жастарда креатив те, құлшыныс та бар. Осы арқылы жаңа заманның мүмкіндіктерін игерген және қалыптасып отырған мәселелермен жұмыс істей алатын дінтанушылар мектебін қалыпастырғымыз келеді. Біріншіден, мемлекетке үлкен көмек болады. Зайырлы елміз дегенмен, дін мемлекеттің, мемлекет діннің саясатына араласпайды. Бірақ діннің негізінде туындап отырған экстремизм, терроризммен күресуге жұмыстар атқарылуы керек. Ал сол жұмыс нәтижесі кейде көңілді қанағаттандырса, кейде қанағаттандырмайды. Қазір діндегі проблеманың дені жастардың үлесінде. Ақпараттық насихат, алдын алу жұмыстарын жастардың дүниетанымы арқылы жеткізу, фото жазбаларды заманауи етіп беріп, түрлі вайндар, әзілдер түсіру, діни ақпараттарды жастардың тілінде түсінікті жеткізу қолымыздан келеді. Қазір мессенджерде чат ашып, жұмысымызды бастап кеттік. Онда Еуразия ұлттық университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Нұр-Мүбарак, Қарағандыдағы Букетов атындағы универсиетті, Қ.Яссауи атындағы университетті бітірген дінтанушы, исламтанушылардың басын қосып, топ аштық. Қатарымызда қазірдің өзінде 100-ге жуық жас маман бар. VERSUS жас дінтанушылар ассоциациясы деп аталады. Жас мамандардың дінтану саласын дамытуға деген қызығушылығы жоғары және мақсатымыз - дін саласына жаңа леп әкелу. 

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан