«Тырнақ әрлеу тек қыздардың кәсібі емес»: 13 жастағы нейл-шебермен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Жеткіншек маникюр жасаудан 7 чемпионаттың бас жүлдесін иеленген

Тырнаққа маникюр жасайтын шеберлер арасынан ер адамды сирек кездестіретініміз рас. Бірақ, көрсек те таң қалмаймыз. Өйткені Қазақстанда да мамандық түрлері бұрынғыдай адамның жынысына қарап бөліне бермейді. Алайда, сұлулық салонында клиенттің тырнағын әрлеп отырған кішкентай баланы көрсеңіз қандай сезімде боласыз? Таң қаласыз ғой?! Иә, 13 жастағы Арулат Мұхаметқали тек қазақстандықтарды емес, әлемді таңдандырып жүр. Екібастұз тұрғыны маникюр жасаудан халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше рет бас жүлдені иемденген. Azattyq Ruhy тілшісі жап-жас шебермен сұхбаттасып, оның өнері мен өмірі туралы сұрап білді.

«Бұл ер баланың айналысатын кәсібі емес...»

- Арулат, неге маникюр жасауды таңдадың? Сенің жасыңдағы балаларды әдетте компьютер ойындары көбірек қызықтырады емес пе?

- Иә, бәлкім солай шығар, бірақ әркім өзінің көңілі нені қалайды, сонымен айналысуы керек. Менің маникюр жасауға деген қызығушылығым 11 жасымда пайда болды және сол уақыттан бері онымен айналысып келемін.

Бір күні анамның тырнағын әрлеуге үйге маникюр шебері келді. Оның жұмысы мені қатты қызықтырды. Жанына барып, әрбір құралды ұстап көрдім, онымен қалай жұмыс істейтінін сұрадым. Ол да маған бәрін тәптіштеп түсіндірді. Артынша анама осы кәсіптің оқуын оқығым келетінін айттым. Бірақ, анам менің сөзіме аса мән берген жоқ. Әкем болса естіген бойда қарсылық білдірді, бұл ер бала айналысатын кәсіп емес деп тоқтатпақ болды. Бірақ, әкемнің шектеуі менің құлшынысымды одан сайын арттыра түсті. Ақыры дегеніме жеттім, екеуін де көндіріп, мені оқытатын маман іздедік.

Қазір Екібастұздағы №36 мектептің 7-сыныбында оқимын.

- Сонымен, маникюр жасауды кім үйретті?

- Қызығы сол, ата-анамды көндіргеніммен, мені оқытатын мастер табылмады. Бәрі жасымның кіші екенін айтып, жауапкершілік алғысы келмеді. Бірақ, анам іздеп жүріп бір маман тауып, соның курсына жазылдым. Алғашқы сабақта-ақ ұстазым менің қабілетімді көріп, дереу анама хабарласты да, маған сертификат беретінін айтты. Кейін бұл кәсіпті тереңдетіп оқыдым. Жасанды тырнақ жасауды үйрендім, біліктілігімді арттыру үшін тағы бірнеше курстан өттім.

ЖЕТІ ЖАРЫСҚА ҚАТЫСЫП, ЖЕТЕУІНДЕ ДЕ БАС ЖҮЛДЕ ИЕМДЕНГЕН

- Сен жуырда Миланда (Италия) өткен халықаралық жарыста бас жүлдені жеңіп алдың. Жарысқа кімдер қатысты және өнеріңді кім бағалады?

- Иә, Миланда тырнақ әрлеушілердің дәстүрлі халықаралық жарысы өтті және мен онда бірінші орын алдым, яғни ең үздік нейл-шебер атандым. Бұдан бөлек соңғы 1,5 жылда тағы 6 конкурсқа қатысып, бәрінде бас жүлдені алғанмын. Байқаудың бәрі онлайн форматта өтті. Жарыстар туралы ресейлік танымал коуч Елена Шанскаядан естіп білдім.

Миландағы соңғы конкурсқа әлемнің 19 елінен 192 шебер қатысты. Барлығының жасы менен үлкен. Біздің жұмысты қазылар алқасындағы 13 маман бағалады. Бағаны олар тырнақтың дизайны мен тазалығына, жұмыстың күрделігіне қарап берді.

Елена Шанская менің жұмыстарымды бұрыннан біледі, ол хабарласып, Миландағы конкурс Instagram желісі арқылы болып жатқанын және оған міндетті түрде қатысуым керегін айтты. Мен үздік жқмыстарымды камера алдында тағы қайталап, оларды конкурсқа жолдадым. Екі күннен кейін менің жеңіске жеткенім туралы хабарлама келді. Сертификатты электронды почта арқылы жіберіпті.

- Болашақта кәсібіңді өзгертіп жібермейсің бе?

- Жоқ, ондай ой миыма мүлдем кірген емес. Керісінше, біліктілікті одан әрі дамыту үшін тағы оқимын. Арманым – Қазақстандағы ең үздік және ең қымбат нейл-мастер атану. Сол арманыма жету үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін.

Сондай-ақ, мен оқушымын, басты міндетім – сабағымды үздік оқу. Екі істі қатар алып жүре алатыныма сенімдімін.

- Ендеше сәттілік тілеймін, арманың орындалсын. Уақыт тауып сұхбаттасқаныңа рахмет!

Ақпарат үшін:

Арулат үйінің үлкені. Оның өзінен кейін 5 іні-қарындасы бар. Маникюр ісімен алаңсыз айналысу үшін анасы оған үйдегі бір бөлмені босатып, шеберхана жасап берген. Қазір ол осында клиент қабылдап, ата-анасына көмектесіп келеді. Әр клиенттен шамамен 3 мың теңгеден алады.

«Қазір көп адам қабылдап жүрген жоқ. Себебі, оқуы бар, арнайы секцияларға қатысады. Жұмыс күндері бір адам, демалыс күндері бірнеше клиент қабылдайды. Алғашында жолдасым ұлдан қыз жасайын деп жатсың ба деп қарсы болды (күліп). Бірақ, Арулат айтқанынан қайтпады. Сосын оның қызығушылығына шектеу қоймайын деп, әкесіне айтпай, маникюр жасауды үйрететін адам іздеп, оқыттым. Кейін несие алып, керек-жарағын алып бердім», - дейді Арулаттың анасы Сәния Рахимова.

Арулат жұмыс істеп тапқан ақшасын інісі Бекарыстың еміне жинап жүр. Бауыры екі жасында үшінші қаббат құлап кетіп, басынан ауыр жарақат алған. Қазір ол жетіде. Отандық дәрігерлер науқас баланы емдей алмайтынын бірден айтыпты. Шетелде де миды ауыстыратын отаның жасалуы екіталай дейді анасы. Сондықтан оның денсаулығын бірқалыпты ұстап тұру үшін қазір түрлі емдом қабылдау керек. Арулаттың тапқан ақшасы жыртыққа жамау болып отыр. Ал, ақшаның қалған бөлігін бұл отбасы қайырымдылық арқылы жинауда.

«Біздің отбасымызда ауыратын бір баламыз бар. Арулатым соған көмектесемін деп ақшасын жинап жүрді. Бекарыс қазір 7 жаста. 2 жасында 3-ші қабаттан құлап, басына зақым келген. Апармаған жеріміз жоқ. Бірақ жазылмады. Үнемі емдеп, арнайы тексерістен өткізіп тұру қажет. Арулаттың инстаграмдағы жазбаларынан кейін БАҚ құралдары бізге бірден қызығушылық танытты. Арнайы бағдарламаға да шықтық. Қор жинадық. Енді карантин уақытының аяқталуын күтіп отырмыз, баламызды Қырғызстанға апарып қарату керек. Біздің медицина емдеуден бас тартты. Бұл аурудан жазылудың тек бір ғана жолы бар, ол – миды ауыстыру. Ал, ондай ота мүлдем жасалмайды. Ми болғандықтан тәуекелге баруға қорықтық. Қазір жағдайы нашарлап кетпес үшін емдеуді үзбей отырмыз», - дейді ол

«Арулаттың бала кезден қайырымдылыққа жаны жақын. Артық ақшасы болса мұқтаж жандарға көмек беруге дайын тұрады. Жаңа жыл қарсаңында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан арнайы алғысхат пен ақшалай сыйлық алды. Тапқан табысының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсайды. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, ойыншықтар алып беріп отырады. Баламның бұл таңдауына ешқашан қарсы шыққан емеспін. Өзінің еңбегімен тапқан ақшасын қайда жұмсағысы келсе де өз еркінде», - деп сөзін түйді Арулаттың анасы.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан