Велокоманданың серіктесі ауысты, соған орай атауы да өзгермек
«Astana Pro Team» кәсіби велоклубы келесі жылдан бастап жартылай канадалық компанияның еншісіне өтеді. Мұндай өзгеріс команда құрамына және қаржылық жоспарына қалай әсер етпек? Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне «Astana Pro Team» кәсіби велоклубының басқарушы директоры Яна Зель айтып берді.
- Яна ханым, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми сайтында 1 қаңтардан бастап «Astana Pro Team» кәсіби велоклубы жартылай канадалық «Premier Tech» компаниясына берілетіні жөнінде ақпарат шықты. Осыған оғай «Astana Pro Team» өзінің атауын «Astana-Premier Tech» деп ауыстырмақ екен. Мұндай өзгеріс немен байланысты?
- Команданың атауының өзгеруі жаңа басшылықтың келуіне байланысты болып отыр. Бұл – кәсіби спортта қалыпты тәжірибе. Кез келген ірі серіктес қаржыландыратын командаға өз компаниясының атауын береді. Сол үшін де ақша салады.
- Неге таңдау «Premier Tech» компаниясына түсті?
- Бізде «Premier Tech» компаниясымен арада өте жақсы достық қарым-қатынас қалыптасқан. Көзқарасымыз бен мақсатымыз да ұқсас. «Premier Tech» компаниясының басшысы Жан Беланженің айтуынша, екі елдің арасында өзара ұқсастық көп. Сондықтан, оған қазақстандық командамен жұмыс істеу ыңғайлы. Оған қоса, әлемдік дағдарыс пен пандемия кезінде біздің командамызға қомақты қаржы құюға көп компаниялар дайын болған жоқ. Міне, осындай жағдайларды ескере келе, біз келісімшартты тұрақты қарым-қатынас орнаған компаниямен жасаған дұрыс деп шештік.
- Осылайша, велокоманданың бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ каржыландыратын соманың 50 пайызын қысқартуды көздейді екен. Нақты қандай сомасы қысқарады?
- Өкінішке қарай, канадалық тараппен жасалған келімісшарт аясында команданың бюджетін жариялауға құқығымыз жоқ.
- Пандемия велокоманданың қаржылық жоспарына қалай әсер етті? Шығындар есебі қысқарды ма?
- Әрине, пандемияның әсері бізді де айналып өткен жоқ. Бюджет қысқарды, шығындарды азайтуға тура келді. Жарыстарға қатысу үшін тек қажетті дегендерді қалдыруға мәжбүр болдық. Дағдарыстың зардабы бізге ғана емес, өзге де командаларға тиіп жатыр.
- Ал пандемия велошабандоздардың дайындығы мен күнделікті жаттығуына қалай әсер етті? Карантиндегі үзілісте спортшылар бабын жоғалтып алмады ма?
- Спортшылар карантин кезінде біраз уақыт үйінде оқшауланды. Олардың велосипедпен жаттығу өткізуіне еш мүмкіндік болмады. Расымен де, жігіттерге бабын жоғалтпай жүру оңайға соқпады. Кейбір спортшыларға көшеге шығуға тыйым салынды. Оларға үй жағдайында жаттығу жасауға тапсырмалар берілді. Жаттықтырушылар, спорттық директорлар мен дәрігерлер барлығын бақылауында ұстап, онлайн жиналыс өткізіп отырды. Команда қашықтан жұмыс істеді. Бұдан бөлек, алдағы маусымдағы жұмыс жүйесін ретке келтіру маңызды міндет. Логистикалық мәселелердің де шешімін нақтылауымыз керек. Өйткені, велоспорт - әрдайым бір жерден екінші жерге көшіп жүретін спорт. Көбіне топтық емес, спортшыларды жеке тасымалдауға тура келеді. Логистиканы жоспарлау - күрделі процесс. Оның үстіне, коронавирус салдарынан туындаған қиындықтар дәрігерлердің жұмысына біраз салмақ салды. COVID-19 спортшыларда көбіне симптомсыз өтіп жатты. ПТР-тесттен жиі өтіп отырдық.
- Осы маусымды қысқаша қорытындыласаңыз... Нендей жетістіктер болды, команданың әлемдік рейтингтегі орны қандай?
- Оңай жыл болған жоқ. Уақытымыздың бір бөлігі карантинге кетті. Соған қарамастан, әлемнің түкпір-түкпірінде өткен 41 жарысқа қатыстық. 15 рет жеңімпаз атандық. Осы ретте қазақстандық велошабандоз Алексей Луценконы ерекше атап өткім келеді. Ол биыл әйгілі Тур де Франс веложарысында жеңіс тұғырынан көрінді. Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) қорытындысы бойынша, осы маусымда әлем командаларының арасында 7-орынға тұрақтадық.
- 2021 жылы команданың құрамы өзгере ме? Келер жылы команданы қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?
- Алдағы жылы команда сапында 31 спортшы өнер көрсетеді. Топтың құрамында кішігірім өзгеріс болды. Спорттық директорлар - Дмитрий Седун мен Александр Шефер құрамнан кетті. Олардың орнын жаңа канадалық спорт директоры мен қазақстандық велоспортшы Дмитрий Муравьев басатын болады. Муравьев биылғы жарыстарда командаға көмектесті. Келесі жылы осы «Astana-Premier Tech» командасының директоры болып тағайындалады.
- Луценкодан бөлек, командада тағы қай велошабандоздың болашағы зор?
- Бірінші кезекте өзіміздің қазақстандық Алексей Луценко жайында айтамыз. Одан бөлек, Якоб Фульсанг пен жарыстарда енді ғана көрініп келе жатқан Александр Власовты атап өткім келеді. Тағы бір талантты қазақстандық Вадим Пронскийдің потенциалы жайында айтуға болады. Оны алда өтетін кейбір жарыстардан үздік спортшы ретінде көреміз деген үміт бар.
- 2021 жылға қалдырылған Токио олимпиадасына қазақстандық велошабандоздар қатыса ма? Фавориттер кім?
- Егер бәрі жоспарға сай жүзеге асса, қазақстандық команда міндетті түрде олимпиада ойындарына қатысады. Әлбетте, фавориттер көшін Алексей Луценко бастап тұр. Сондай-ақ Артем Захаров велотректен додаға түседі. Екі спортшы да Олимпиадаға әлемдік жарыстар бойынша дайындығын шыңдайды. Келер жылы команда сапында он қазақстандық велошабандоз өнер көрсетпек. Олардың арасында Олимпиадаға қатысуға лайықты бірнеше спортшы бар: Вадим Пронский мен Юрий Натаровқа сенім артып отырмыз. Алайда, Токиоға нақты кімдердің баратыны маусымның қорытындысына байланысты болмақ.
- Алда олимпиададан бөлек, команда қандай жарыстарда ел намысын қорғайтын болады?
- Биылғы маусым аяқталды. Келер жылға әлі нақты жоспар құрылған жоқ. Өйткені әлемдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақталмағандықтан, көптеген ұйымдастырушылар жарыстың өтетін күнін нақты белгілеген жоқ. Бірақ әйгілі дәстүрлі біркүндік жарысқа және басты 3 гранд-турға қатысамыз.
- Жаңа маусымға дайындық карантин кезінде қалай жүріп жатыр?
- Дайындық қызу жүріп жатыр. Әрбір шабандозбен онлайн кездесу өткізіліп, жеке бағдарламасы әзірлену үстінде. Команданың күнтізбесіне тұрақты өзгерістер енгізіліп жатыр. Дәрігерлер де сақтық шараларына қатысты жұмыс жүргізіп жатыр. Команда менеджменті келесі маусымда кімнің қандай жарысқа қатысатынына байланысты жоспар әзірлеп жатыр. Өкінішке қарай, желтоқсан айында өтетін дәстүрлі жаттығу жиынын қаңтар айына ауыстыруға тура келді. Яғни команда қазір демалыста. Дегенмен, қалған жұмыс қашықтан атқарылып жатыр.
- Жарыстарда қазақстандық команданың басты бәсекелесі кім?
- Ешкімді осал деуге болмайды. Қарсылас командалар құрамын жарыс түріне байланысты үнемі өзгертіп отырады. Егер, негізгі сайыстарды алып қарайтын болсақ, біркүндік жарыстардағы басты бәсекелесіміз – «Deceuninck - Quick Step» және «Team Jumbo-Visma». Гранд-турларда – «UAE», «Team Jumbo-Visma» және «Team Ineos» командалары.
- Команданың мақсаты да, жетістігі де бар. Бірақ әлі де ілгерілеуді қажет ететін дүниелер бар ма?
- Команданың инновацияға ұмтылысы жоғары. Техникалық департамент бөлімі қазіргі нарықтағы заманға сай тенденциялардың көшінен қалмауға тырысады. Бәріне сай болуымыз керек. Нақтырақ айтсақ, қазіргі командалар құрамына 19 бен 23 жас аралығындағы жас велошабандоздарды алуға ынтық. Біз де осы нарыққа бейімделуіміз керек, сол үшін жұмыс істейміз.
Жазып алған: Әсел ОРШЫБЕКОВА, Нұр-Сұлтан