Карантинде 3 мың доллар төлеп тойға шақыратындар бар – асаба

Автор: Azattyq Rýhy

«Көпен келе жатыр» той орталығының директоры Асқар Әмірбекпен сұхбат

Асқар Әмірбек, асаба

Карантин басталғалы Қазақстанда той-жиын жасауға тыйым салынып, нәтижесінде рестораторлар ғана емес, той саласында қызмет көрсететін асаба, әнші-бишілер мен оператор, фотографтар да тұрақты табысынан айырылды.

«Үйде, табиғат аясында өтетін тойлар көбейді. Бірақ адам саны аз болғандықтан, қызмет құны да төмен»,- дейді асабалар.

Azattyq Rýhy тілшісі «Көпен келе жатыр» той ұйымдастыру орталығының директоры, Алматыда үш бірдей мейрамханасы бар кәсіпкер, асаба Асқар Әмірбекпен «Карантиннің тойға, асабаларға әсері қалай болып жатыр?», «Карантинде қандай асабалардың жолы болды?», «Індет аяқталған соң қазақтың тойы азая ма?» деген сұрақтар төңірегінде әңгімелесіп көрді.

ТОЙ ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН АСАБАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

- Шын мәнінде карантин барлық салаға өте ауыр тиді. Оның ішінде той бизнесіне кәдімгідей соққы болды. «Қазақтың тойы бітпесін», «Той - Алланың қазынасы» деп жатамыз ғой. Шыны керек, қазақтың тойы тоқтап қалады деп ешкім ойлаған жоқ. Той-думансыз өмір сүру қиын болғандықтан, біреулер үйінде, екіншісі табиғат аясында қуаныштарын атап өтуді тоқтатқан емес. Мен де арасында той ұйымдастырып, кейбір тойларға тек асаба ретінде барамын.

Жалпы, карантин уақытында той ұйымдастырушылар, декараторлар, асаба, әнші-бишілердің 90%-ы жұмыссыз қалды. Таныстарымның арасында той болмағандықтан басқа кәсіпке ойысып жатқандары жетерлік. Әнші, асабалардың, той саласында жүргендердің арасында алдын ала жағдайын жасап, үй алып, қосымша кәсібін ашып алғандары ғана қиналып жатқан жоқ. Ал белгілі бір салада дипломы жоқ, тек тоймен күн көріп жүрген асабалар мен әнші жігіттердің біразы таксист, тамақ жеткізуші болып қызмет етіп жүр. Отбасыны асырау керек, әркімнің несиесі, ипотекасы бар.

25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ШЫҒЫНҒА БАТҚАН

- Мәселен, осы мейрамхананың жөндеу жұмыстарына 25 миллион теңгедей ақша салдық. Карантинге дейін, 15 қаңтар күні осы орынды жалға алып, екі ай ішінде ретке келтіріп, 15 наурыз күні ашылуымыз керек болған. Тура 22 наурызда той белгіленген еді, бірақ карантин жарияланып, қолымыз байланды. Қаншама жанның алдын ала төлеген ақшасын қайтаруға тура келді. Десе де, шығынға баттық деп айта алмаймын, салған қаражатымызды індет аяқталғанда міндетті түрде ақтап алатынымызға сенімдіміз.

Қаланың сыртында бір, ішінде екі мейрамханам бар. Бір мейрамхананың өзінде жалпы саны 50 адамды құрайтын қызметші жұмыс істейді. Карантин кезінде қызметкерлеріммен қоса, өзім де 42500 теңгеге өтініш бердім. Бәрі тұралап қалған соң, көпшілігі амалсыз қысқартуға ұшырады. Қазір мейрамхананы карантин жағдайына бейімдеп, той өткізетін емес, күнделікті тамақтанатын орын етіп қайта іске қосып жатырмыз. Одан бөлек, жеткізу қызметін жолға қойдық. Бір сөзбен айтқанда, коронавирус жағдайына икемделіп, жаңа форматқа көшудеміз. Карантин кез келген кәсіпкердің түрлі жағдайға дайын болуы керек екенін көрсетті. Алғашқы соққы қашан да ауыр келеді ғой, бұл індеттен де құтыламыз деп сенемін.

«КАРАНТИНГЕ ҚАРАМАСТАН ТОЙ ЖАСАП ЖАТҚАНДАР БАР»

- Жасыратын ештеңесі жоқ, карантинге қарамастан тойға асаба ретінде шақырып жатқандар бар. Осы мейрамхананың өзіне келіп, «Ешкім білмей қалады, той жасай берейік» деп өтінетіндер бар. Бірақ дәл қазір карантин талаптарына сай, мейрамханада ешқандай той өткізіп жатқанымыз жоқ. Бірақ тау бөктерінде, табиғат аясында немесе үйде болатын тойларға асаба, ұйымдастырушы ретінде барып жүрміз.

Қазір көптің арасында «Тойға шектеу қою керек, той болмауы керек» деген пікір қалыптасып жатыр. Дегенмен, бүгінде той бизнесіне байланған кәсіп көп. Мысалы, біз 300 адамға той жасайтын болсақ, ет сататындардан қаншама келі ет аламыз, сусынның түр-түрін де сатып аламыз. Ал жеке адамдар тамақты олай көп мөлшерде алмайды. Той болмаған соң, азық-түлікпен айналысатындардың да саудасы тұралап қалды. Одан бөлек, киім саудасы да тоймен байланысты. Карантин уақытында барлығы үйде, қарапайым мектеп оқушыларының өзі үйде оқығандықтан, артық киім алуды қойды. Асаба болғандықтан, біз де тойға кию үшін төрт маусымға арнайы костюм тіктіретін едік. Қазір арнайы тапсырыспен киім тігетіндердің жұмысы да баяулады. Көрдіңіз бе, біздегі кәсіп түрлері бір-бірімен тығыз байланысты.

Қазақ өзі екі-ақ жағдайда бас қосады. Бірі өлім-жітім, екіншісі қуанышта. Той – ағайынның арасын жақындастыратын көпір десек болады. Екі жастың қуанышы арқасында бір-бірін көптен көрмеген туыстар қауышып, қарым-қатынасын жақсартып жатады. Әдетте барлығы жұмыста болғандықтан, осындай қуанышта ғана табысып, көңіл көтереді. Сондықтан тойдың атқаратын қызметі өте зор. Қазақ халқының салт-дәстүрі, наным-сенімдерінің барлығы тоймен байланысты. Сондықтан тойға тыйым салу деген тым артық. Ал ысырапшылдыққа осы арқылы тосқауыл қою мүмкін емес. Той әр әулеттің жеке мерекесі болғандықтан, оған ешкім араласа алмайды.

КАРАНТИННЕН КЕЙІН ТОЙҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРУІ МҮМКІН БЕ?

- Мен осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш асабалар мектебін ашқанмын. Дәл осы карантин жағдайында асабалық курс өткіземіз деп жарнама жасадым, ешқандай сұраныс болған жоқ. Біріншіден, той болмаған соң асабалықты кім оқығысы келеді дейсіз. Екіншіден, кез келген адамның жұмысына деген махаббат пен адалдығы болуы керек. Қазір сол нәрсе жоғалып бара жатқандай. Адамдарда тұрақсыздық байқалады. Менің ойымша, карантиннен кейін дәл осы той саласына берілген нағыз мықтылар қалатын сияқты. Себебі, қазірдің өзінде асабалық кәсібін оңай алмастырып, мүлде ойламаған қызметті жасап жатқандар бар.

Тарихқа үңілсек, елімізде әртүрлі деңгейде дағдарыстар болды. Солардың бәрінде той тоқтаған жоқ. Керісінше, той көбейіп келеді. Біздің балалық шағымызда ең ірі деген үйлену, сүндет тойларды ғана мейрамханаларда өткізетін. Қыз ұзату, сырға салу дегендер үйде өтетін. Қазір қыз ұзатуды міндетті түрде тойханада жасайды. Мұның өзі тойдың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Былтыр біздің мейрамханамызда қызы мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгі» алғаны үшін 120 адамды шақырып, баласының грантқа түскенін тойлаған кісі болды. Бұл тойдың көбейіп, халықтың жағдайының жақсарып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан карантин аяқталған соң бәрі баяғы қалыпқа келеді деп ойлаймын. Орыстың саяхатшы, тарихшылары қазақтың тойшыл, сауықшыл халық екенін айтқан. Қанға сіңген қасиет бір-екі жылдық карантинге қарамас (күліп).

КАРАНТИННІҢ ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БОЛДЫ?

- Аптасына үш-төрт рет той болған кездері барлық уақытыңды сол шараны ұйымдастыруға жіберіп, аптаның қалай өткенін байқамай қалатынмын. Күнделікті қарбалас бәсеңдеген соң, «Мейрамхана жұмысын қалай жақсарту керек?», «Баға саясатын қалай жөндеген тиімді?», «Жарнаманы қалай жақсартсақ болады?» деген сияқты көп сұрақтың жауабын іздеуге уақыт табылды. Карантиннен кейінгі той маусымына ерекше жаңалық алып келетіндей жақсы жобалар әзірлеу үстіндеміз. Карантин бізге сол жағынан септігін тигізді.

«ДОМБЫРАМЕН ӘН АЙТАТЫН АСАБАЛАРДЫҢ ЖОЛЫ БОЛЫП ТҰР»

- Карантинге дейін асаба ретінде бір тойға $3000 шығатынмын. Қазір, карантин уақытында да осы көлемде ақша төлейтіндер бар. Мен көбіне қаражаты жеткілікті элиталық тойларды жүргіземін.

Жұмысы жүйеленген, жағдайы жақсы кісілерге карантиннің өзі қатты ауыр емес. Десе де, үйдегі құдалық-тойларға бағаны азайтып, халықтың жағдайына қарап жатырмыз. Қазір 300 адамға той жасамаған соң, олар да шашылғысы келмейді ғой. Асып кетсе, 50-100 адамға той жасалады. Өзім үлкен тойларды жүргізетін болғандықтан, кішігірім тойларға шәкірттерімді жіберемін.

Тағы бір айтарым, карантин тек үйлену тойын жүргізіп, домбырамен ән айта алмайтын асабалар үшін қиынға соғып жатыр. Қазір домбырада ойнап, әзілін айтып, отырысытың сәнін келтіре алатын өнерлі асабалар құдалыққа шығып, жақсы жұмыс істеп жүр. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты асабалардың жолы болып тұр. Олардың көпшілігі карантин аяқталмай, үйдегі тойлар жалғаса берсе екен деп жүр (күліп).

Айжан Қалиева, Алматы