Кореядағы қазақтар, құндылықтар мен 1 миллион теңге айлық табыс жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Кореяда жұмыс істейтін Қазығұрт ауданының тұрғынымен әңгіме

Ресми статистика бойынша бүгінде Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың саны 10 мыңнан асады екен. Жастардың кейбірі аталмыш елге кәріс дорамаларына деген қызығушылықпен барып жатса, енді бірі ол жақта еңбектің бағаланатынын айтады.

Azattyq Rýhy тілшісі Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан асқан түркістандық Марат Қалыбайұлымен тілдесіп, ол жақтағы қазақтардың өмірі мен жұмысы жайында білген еді.

«КОРЕЯҒА БАРУ  БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ»

- 2012 жылы жақын достарымның бірі Кореяға аттанып, жарты жыл жұмыс істеп қайтты. Ол елге келген соң Кореяның салт-дәстүрі, адамдарының ішкі мәдениеті мен жалпы ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жайында айтып берді. Одан бөлек, бала күнімнен кәріс дорамаларын көріп, мәдениетіне, музыкасына қызығып өстім. Сол қызығушылығым есейгеннен кейін де басылмай, сол елге барудың жөн-жосығын сұрап, әрдайым ізденісте жүрдім. Адам нені қаласа, Алла өзі сол нәрсенің ретін тауып қояды екен. 2019 жылы бөлем достарының шақыртуымен осы елге келді. Содан кейін менде ұйқы болмады. Осы жағдайдан соң бұрынғы арманыма қанат бітіп, «Менің де баруым керек» деген ой күн сайын мазалады. Бөлеммен хабарласып, қандай құжат қажет екенін біліп, аздап кәріс тілін меңгеріп, дайындықпен келдім. Алғаш Кореяға баратыным жайлы үйдегілерге айтқанымда, олар түсінбей, «Аяқасты не болды, мұндай ой қайдан келді?» деп қарсылық танытты. Бірақ мен қарсылыққа қарамастан, Кореяда өмір сүріп көрейін деген шешімімнен бас тартпадым. Кореяға ұшқан кезде де туған-туыс, дос-жарандарыма тіс жармадым. Ең жақын досыма ескерттім де, 11 қаңтар күні Инчон әуежайына ұшып келдім. Содан қалааралық автобусқа отырып, Кванджу қаласына жеттім. Аман-есен жеткен соң барып үйдегілер мен достарыма видеосәлемдеме жолдадым. Корея мені керемет қарсы алды (күліп).

АЙЛЫҚ ТАБЫСЫ БІР МИЛЛИОННАН ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ

- Қазір құрылыс заттарын шығаратын зауытта жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс істеймін деген адамға Кореяда тірлік көп. Зауыттар мен фабрикалар өте көп. Өздеріңіз білетіндей, Кореяның әл-ауқаты, экономикалық жағдайы бізден 50 жылға алға дамып кеткен. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 500-600 мың теңгені құрайды. Кез келген нәрсе халық үшін қолжетімді. Алған айлығың тұрып жатқан пәтеріңе, тамағыңа, жүріп-тұруыңа емін-еркін жетеді.

Алғаш келгенде, 500-600 мың теңге айлықты қанағат тұтып, кондиционер шығаратын зауытта істеп жүрдім. Сосын оң-солымды танып, кішкене тіл үйреніп, айлығы жоғары жұмысқа ауысып кеттім. Жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін. Егер 17:30 - 22:00 аралығында жұмыс істесең, айлық екі есе төленеді. Арнайы жұмыс үшін келгендіктен, түнгі 22:00-ге дейін жүреміз. Табысымыз жаман емес. Бастапқы айлығымнан екі есе көп табамын деуге болады. Мұндай айлықты Қазақстанда тек министрлер мен депутаттар ғана алады.

КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖАЙЛЫ

- Кореяда Қазақстаннан келген бүкіл ұлтты кездестіруге болады. Атап айтсам, қазақ, өзбек, орыс, этникалық кәрістерге дейін бар. Шетелде жүргендіктен, қазақстандық кездессе қуанып қаламыз. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, Кореяда қазақ көрсек, туған бауырымызды көргендей арқа-жарқа боламыз (күліп). Бұған дейін істеген жерімде, қазіргі қызметімде де қазақ жігіттері жетерлік. Бәріміз жақын араласып, жиі бас қосып тұрамыз. Мұнда келгендердің барлығы несиесін, ипотекадағы қарызын жауып, Қазақстанда емін-еркін өмір сүруге ұмтылып жүргендер. Біздің елде де жұмыс күшін осылай бағалап жатса, жат елде жүрмес едік. Бәрібір, бөтен елде жүрген соң, мүсәпірсің... Дегенмен, Корея – әлемдегі ең тыныш елдердің алдыңғы қатарында.

КОРЕЯ ХАЛҚЫ ЖАЙЛЫ

- Кәріс халқы өте еңбекқор халық. Біздің елдегідей зейнетақы берілмейтіндіктен бе, жасынан қартына дейін жұмыс істейді. Әрине, егде жастағы адамдарды зауыт-фабрикаларға алмайды. Бірақ жеңіл-желпі жұмыс істеп жүргенін көргенде: «Біздің ата-әжелеріміз қандай бақытты!» деп ойланып қаласың.

Кез келген елге барған соң, міндетті түрде өз еліңмен салыстырасың. Маған бұл елдегі қатты ұнағаны ‒ сыпайылығы, өзін сабырлы ұстауы және дарақылыққа жол бермеуі. Кәрістерде ұрлық жасау, өсек айту, бірін-бірі жамандау, сыртынан сөз айту, дөрекілік, менсінбеу сынды мінез-құлықты мүлде көрмейсің. Бір шетінен, біз қаржылай жағдайымызды дұрыстап қана қоймай, адамның ішкі мәдениетінің қандай болуы керек екенін жақсы меңгеріп жатқандаймыз. Тіпті, қарапайым адам мен беделі жоғары адам бір-бірімен тең сөйлеседі, Кез келген жерде, қоғамдық орындарда болсын, сенің ұлтыңа, жынысыңа және жас айырмашылығыңа қарамастан иіліп тұрған адамды кездестіресің. Керек десеңіз, зауытымыздың қожайыны бізбен бір асханада тамақтанады. Өзін жоғары санап, бізді төмен көрмейді. Олар үшін барлық адамның дәрежесі бір, құқығы тең.  Мұнда көп нәрсенің қадіріне жетесің. Көзқарасың, құндылықтарың өзгереді.

КОРЕЯҒА ЖҰМЫСҚА БАРУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?

- Кореяға келген соң жеке куәлік арқылы телефон нөмірін сатып алып, өз атыңа тіркейсің. Біздегідей кез келген жерден нөмір сатып алу мүмкіндігі жоқ. Заңбұзушылық болса, сол нөмір арқылы тауып алады. Мигрант ретінде жұмыс істеуге жеке куәлік пен паспорттан басқа құжат қажет емес. Мен бұл жаққа бір айлық визамен турист ретінде келіп, кейін қалып қойдым. Кореяда келісімшартқа отырған ел азаматтарына жұмыс визасы беріледі. Өкінішке қарай, біздің елмен арада ондай келісімшарт жоқ. Бұл елден кетер кезде миграциялық полицияға барып, айыппұлың болса, төлейсің. Оны төлемесең, 5-10 жылға елге кіруге тыйым салады. Қазір карантинге байланысты ешқандай шетел азаматын шекарасына кіргізіп жатқан жоқ. Бұл жақта да коронавирустың екінші толқыны басталды. Бірақ ауру саны біздегідей көбейіп жатқанын естімедік. Медицинасы да біздікімен салыстыруға келмейді. Шекара ашылған соң, Кореяға қалай келу қажеттігін елшіліктің ресми сайтынан қарауға болады. Пандемия кезінде визасыз кіруге рұқсат жоқ.

Жұмысым тұрақты, айлығым жақсы болғандықтан, әлі 2 жылдай осы елде қалсам деген жоспарым бар. Пандемия кезінде қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы қалай болып жатқанынан хабардар болған соң, елге қайтуға деген құлшынысым жоқ.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан