Қазақстандықтар бірнеше құжатты смартфон арқылы растай алады – мамандармен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Egov Mobile қосымшасының болашағы, қазіргі жай-күйі туралы

Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Жуырда ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин отандық цифрлық кеңістіктің аясы кеңейетінін айтты. Нақтырақ айтқанда, eGov.kz-тің қоғам арасындағы тиімділігі артпақ. Бұдан бөлек, смартфондарға арналған Egov Mobile қосымшасындағы көрсетілетін сервистер мен мемлекеттік қызметтер саны артады.  

Аталған цифрлық жүйелердің жұмысын қамтамасыз ететін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ төрағасының орынбасары Дияс Крамшеев пен интеграциялық және платформалық шешімдер департаментінің директоры Сәуле Ермекқызы жыл соңына дейін электрондық үкіметте қандай жаңалықтар болатынын айтты.

- Дияс Қазбекұлы, қараша айында өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі электрондық үкіметтің жұмысы тағы да жандана түсетінін айтты. Нақты қандай жаңалықтар болмақ?

- Біріншіден, осы жылдың соңына дейін бірнеше талаптарды орындау міндеті тұр. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90 пайызы реестрге сәйкес электронды түрде көрсетілуі қажет. Сол бойынша біз осы жылдың соңына дейін бірқатар жұмыс жүргізіп жатырмыз. 30-дан астам мемлекеттік қызмет электронды түрге ауыстырылады. Осы жоспарды орындағаннан кейін мемлекеттік қызметтер мен сервистерді басқа қосымшаларға шығару бойынша жұмыстар жүргізіледі. Пайдаланушыға қай қосымша ыңғайлы, сол арқылы өзіне қажетті мемлекеттік қызметтер мен сервистерді ала алады. Бұл орайда біз екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз.

- ТЖ кезінде әлеуметтік көмекке өтініш берушілердің тарапынан eGov.kz-тің жұмысына қатысты көптеген шағымдар болды. Цифрлы Қазақстан аясында электронды үкіметтің жұмысы неге ақсады?

- Сәуір айында бұл қызмет түрі іске қосылған сәтте өтініш берушілердің саны 10-20 есеге бірден артты. Сондықтан, кейбір техникалық ақауға тап болдық. Бірақ ол олқылықтар бір-екі күннің ішінде ретке келтірілді.

- Дегенмен өтініш жіберушілер тиісті органнан жауапты ұзақ күткенін айтып, шағымын білдіріп жатты…

- Бұл жерде мәселе тек бір ғана eGov.kz-те емес. 42 500 теңге бойынша өтініш жіберген кезде бірнеше тексерулер болды. Бұл әлеуметтік көмекті беру жүйесін іске қосқан кезде біз оны алғашқы екі аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талабы бойынша 3-4 мәрте өзгерттік. Кейбір тексерістерді алып тастап, процесті оңтайландырдық. Жалпы, әр қызметтің өзінің регламенттік мерзімі болады. Халық eGov.kz порталын ашқан кезде барлық қызметті сайт атқарады деп ойлайды. Бірақ бізде азаматқа қажетті құжаттарды беретін тиісті мекемелермен ықпалдастық бар. Қолданушыдан түскен өтінішті біз сол тиісті органға жібереміз. Олар қажетті деректерді жинап, жауабын қайта бізге жібереді. Біз – екі ортадағы байланыстырушы көпірміз.

Электронды үкіметтің Қазақстан азаматтарына ұсынатын тағы бір оңтайлы жүйесі – Egov Mobile қосымшасы. Жалпы eGov.kz-тің мобильді нұсқасы сонау 2004-2006 жылдары пайда болған. Алайда оған халық арасында сұраныс тумады. Өйткені, оның күрделі тетіктері қолданушыларға қолайсыз болған. Былтыр жобаны мамандар қайта қолға алып, қосымша жүйесін оңтайлы тәсілдерге ауыстырған екен. 

- Сәуле Ермекқызы, Egov Mobile қосымшасы туралы кеңірек айтып берсеңіз. Бұл жоба азаматтарға қандай мүмкіндік береді?

- Қосымша өткен жылдың қазан айында Apple және Google дүкендерінде алғаш рет жарияланды. Осы бір жылдың ішінде біз 73 мемлекеттік қызмет пен сервисті қосымшаға жүктеп үлгердік. Енді жыл соңына дейін олардың жалпы саны 100-ден асады. Осы орайда бірнеше сервистер мен мемлекеттік қызмет түрлеріне тоқталып өткім келеді. Қазіргі уақытта зейнет жасына жеткен азаматтар өз зейнетақысын есептету үшін ХҚКО-ға барып, оны есептетіп шығаруға біраз уақытын жұмсайды. Ал Egov Mobile-да «Зейнетақы калькуляторы» арқылы функцияны әп-сәтте орындауға болады. Бұл сервисті енгізу үшін біз БЖЗҚ-мен бір жылдай жұмыс істедік. Бірнеше рет тестілеуден өткіздік. Алдағы бір-екі апта ішінде азаматтарға қолжетімді болады. Яғни, бұдан былай бұл қызмет түрін алу үшін ХҚКО мен БЖЗҚ-ға бару қажет емес. Тағы бір сервис – «Салық әмияны» деп аталады. Бұл сервисті іске асыру үшін қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

- Egov Mobile-ға жүктелетін мемлекеттік қызметтер мен сервистердің тізімін қандай сараптамаларға сүйеніп жасадыңыздар?

- Жалпы, біз статистикаға көз жүгірттік. Халық тарапынан қандай қызметтер мен сервистерге сұраныс басым, соны таңдадық. Мәселен, көбі құжатын жоғалтып алып жатады. Олардың қатарында неке куәлігі, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәлігі сынды құжаттар бар. Осы құжаттардың көшірмесін жасату үшін ХҚКО-ға барып немесе компьютер арқылы өтініш жібермей-ақ, Egov Mobile қосымшасының көмегімен бәрін жасауға мүмкіндік бар.

- Министр Бағдат Мусин ЭЦҚ-ны ХҚКО-ға бармай-ақ, қолдағы смартфон көмегімен алуға болатынын айтты. Мұндай тиімді амал қалай жүзеге асырылатын болады?

- Алдымен телефонға Egov Mobile қосымшасын жүктеу керек. Қолданушы тіркелу тетігі арқылы бізге өзі туралы мәлімет жібереді. Яғни, қосымшадағы функция көмегімен өзін суретке түсіреді. Ал біздегі арнайы бағдарлама пайдаланушының жеке құжаты мен телефонға түсірілген фотосының биометриялық сәйкестігін тексереді. Осылайша азамат ЭЦҚ-ны ала алады. Сонымен қатар бұл қосымша арқылы пайдаланушы телефон нөмірін «Азаматтардың мобильді базасына» тіркеуге мүмкіндігі бар. Жалпы Egov Mobile-ға тек ЭЦҚ ғана емес, СМС арқылы да кіруге де болады.

- Әрине, сөз жүзінде барлығы керемет. Бірақ іс жүзінде мұндай функцияларды жүзеге асыруға қанша уақыт кетеді?

- Бар болғаны 5-6 минут.

- Egov Mobile-ға қанша цифрлы құжатты енгізуге мүмкіндік бар? Ол құжаттар қалай расталады?

- Цифрлы құжаттардың қатарында қазір 8 құжат бар. Нақтырақ айтқанда, олар: жеке куәлік, неке туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, аты-жөнін және әкесінің атын өзгерту туралы куәлігі, электронды техникалық паспорт, жүргізуші куәлігі, диплом және ПТР-тест нәтижесі. Барлық цифрлы құжаттар пайдаланушының QR-коды арқылы расталады. Жуырда ғана «Қазақстан теміржолы» ҰК бірге пилоттық жобаны іске асырдық. Алдағы уақытта бұл жүйені авикомпаниялармен де тексеріп көруді көздеп отырмыз. Алайда бұл жерде ескере кететін бір дүние бар. Мемлекеттік базаға енгізілмеген құжаттарды Egov Mobile-ға әзірге жүктеу мүмкін емес. 

- Қазір бұл қосымшаны қанша қазақстандық қолданып жүр?

- Бүгінде Egov Mobile қосымшасын 3 жарым млн-нан астам қазақстандықтар қолданады.

- Қосымша олардың көңілінен шығып жатыр ма?

- Әрине, біз барлығын әп-сәтте орындай салатын банк емеспіз. Олардың технологиялары да басқа. Дегенмен халыққа барынша қолайлы жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Қазіргі уақытта 5 балдық жүйе бойынша қолданушылардың берген бағасы – 3.1. Жалпы рейтинг күн сайын өзгеріп тұрады.

- ТЖ кезінде eGov.kz электронды үкіметі біраз сынның астында қалды. Жүйеде техникалық ақаулар да болып жатты. Ал Egov Mobile қосымшасында мұндай олқылықтардың болмайтынына кепілдік бар ма?

- 42 500 теңгеге өтініш жіберген кезде eGov.kz жүйесі сұраныстардың көптігінен біраз тұралап қалды. Телефон арқылы мұндай операцияларды орындау қолданушыға да қолайсыздық тудыруы мүмкін.  Сондықтан, біз осы сарындағы мемлекеттік қызметтер мен сервистерді бұл қосымшаға енгізген жоқпыз. Яғни қосымшада мұндай ақаулар болмауы тиіс.

Жазып алған: Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан