«Үкіметтен сынық сіріңке де ұрламаймын»: Баян-Өлгей аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлымен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Моңғолия премьер-министрі У. Хүрэлсүхтің өкімімен жуырда ғана тағайындалды

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына жуырда Бауыржан Дәлелұлы әкім болып тағайындалды. Ол 2016-2020 жылдары аралығында аймақтық Азаматтар өкілдері Хуралы (мәслихат) төрағасы қызметін атқарған. Алдағы төрт жылда Баян-Өлгейдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына енді 44 жастағы Б.Дәлелұлы жауапты. Azattyq Rýhy тілшісі халқының 99% қазақтардан құралған аймақтың ахуалы туралы анықтап, жаңа басшының жұмыс жоспарымен танысты. Өңірде 110 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр.

«Монғолияда 21 аймақ болса, соның бірі – Баян-Өлгей. Енді осы өлкенің дамуына алдағы төрт жылда мен жауаптымын. Бұған дейінгі жасаған жұмыстарымды халық бағалады. Парламент сайлауында Монғол Халық партиясы (Монгол Ардын нам) 72%-бен жеңіске жеткен. Елде жасалатын жұмыс өте көп. Сайлау барысында халықтан арыз-тілек көп түсті. Өз басым үкіметтен ешнәрсе ұрламаймын. Сынық сіреңке де ұрламаймын. Ал мемлекеттің қазынасын ұрлаған адамға аяушылық болмайды, оған жол бермеймін. Халықтан түскен сұрақтардың 900-інде бала білімінің сапасыздығы мен сыбайлас жемқорлықтың көбейіп кеткені айтылды. Тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарды қолдауға басымдық береміз. Білімді, талабы бар жастардың да жұмыс істеуін қолға аламыз», - деп сөзін бастады аймақ әкімі.

БАЯН-ӨЛГЕЙ ҚАЗАҚТАРЫ МАЛ МЕН ЕТТІ ҚАЗАҚСТАНҒА ШЫҒАРА АЛМАЙ ОТЫР

Баян-Өлгейде Булган, Дэлгүүн, Ногооннуур, Сагсай, Цагааннуур сынды барлығы 13 сумын (аудан) бар. Ауылды жерлердегі мал саны 3 миллионнан асады. Оның ішінде 1,1 млн қой, 980 мың ешкі, 100 мыңнан астам жылқы болса, қалғаны сиыр. Жерінің көбі таулы өлке болғандықтан қыс ерте түседі. Өлгей әкімінің сөзінше, қазір мал етін экспортқа дайындаумен айналысатын ірілі-ұсақты 8 өндіріс орны бар. Моңғолиядағы қазақтар ет өнімдерін Қытай мен Иранға экспорттайды. Алайда, тиіп тұрған Қазақстанға ет немесе мал сата алмай отыр.

«Келешекте етті Қазақстанға шығарғымыз келеді, бұл енді екі мемлекеттің үкімет басшылары шешетін өзекті жұмыс. Қазақстаннан күріш, сұйық май, өзге де азық-түлік өнімдері тасымалданады. Елдің көбі соғым сойып бітті. Әдетте бір жанұя бір жылқы, бір сиыр, оншақты қойдан сойып алады. Биыл коронавирустен күдіктенген ел етті молынан қамдап жатыр. Мемлекет вирусты 10 ай бойы таратпай ұстап тұра алған еді, қарашадан бастап пандемия бой бермей кетті. Теміржолдың бойындағы елдімекендерден шықты. Құдайға шүкір, Өлгейдегі бірде-бір қазақтан коронавирус анықталмады. Улан-Баторда 4 мыңдай қазақ студенті бар. Карантинге жатып шыққан олар жуырда Өлгейге келетіндіктен сақ болуымыз керек», - деді Бауыржан Дәлелұлы.

Еңбекке белсенді саналатын 18-45 жас аралығындағы азаматтардың саны 67% құрайды. Алайда, жастардың көбі жұмыссыз. Аймақта екі қолға бір күрек таппай жүрген немесе мамандығы бойынша жұмыссыз жастардың саны 20 мыңға жуықтаса, олардың 9 мыңында университет бітірді деген дипломы бар екен. Әкімнің айтуынша, ауылдағы балалардың білімін көтеру – басты проблеманың бірі. Аймақ көлемінде 46 мектеп болса, 5-сыныптан кейін оқушылар сабақты моңғол тілінде алады. Бұл тұрғыда атажұртпен рухани байланыс аса қажет деп санайды аймақ басшысы. Қазақтардың арасында қан қысымы, жүрек, қатерлі ісік аурулары аз емес. Сапалы дәрігер мен медициналық жаңа аппараттар жетіспейді. Аймақтың орталығында небәрі 11 жедел-жәрдем көлігі болса, аудандардың әрқайсындағы көліктердің саны екеу, үшеуден аспайды. Таулы аймақ болғандықтан, науқастарды таситын техника тез тозады.

«Бізде қан қысымы, жүрек және рак аурлары жиі кездеседі. 50 балаға және ересектерге арналған 100 адамдық аурухананы жуырда пайдалануға береміз. Орталық ауруханаға 44 жыл болған, ескі. Әлгі жаңадан салынған медициналық мекемелерді, ондағы медициналық аппараттарды басқаратын білікті маман таппай жатырмыз. Дәрігерлер тапшы. Қазақстанға мамандарды жіберіп, біліктілігін арттыратын курстар болса дейміз. 5-сыныптан кейін балалар тек моңғолша оқиды. Сондықтан атажұртпен мәдени-рухани байланыстар аса қажет. Пандемияға байланысты бұл сала ақсап тұр», - деді ол.   

АЙМАҚТАҒЫ ЖОЛДЫҢ 90%-да АСФАЛЬТ ЖОҚ

Аймақтағы жолдың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтаса, тек Ақкөл қалашығы, Бұғыты (Бугат сум) мен Тұлба (Толбо сум) аудандарына қатынайтын 260 шақырым жолға асфальт төселген. Бай-Өлке мемлекетке жыл сайын 13 миллиард төгрөг (1,9 млрд теңге) көлемінде салық төлесе, түрлі төлемдер үшін 90 миллиард төгрөг (12,8 млрд теңге) алады. Әкімнің сөзінше, аймақта алтын, вольфрам, көмір, өзге де жерасты байлығы болғанымен, ашылған ірі өндіріс жоқтың қасы. Халықтың экономикалық ахуалы аса жоғары көтерілмесе де, уәдені үйіп-төгетін саяси партиялардың ұранына ілесетін адамдар аз емес.

«Адамның тұлғалық дамуын қолға алмақпын. Отбасында да, түрлі ұжымдардағы қызметкерлердің де тұлғалық дамуы маңызды. Екіншіден, халыққа әділетті боламын. Басшылардың, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің әділетті, таза болуына басты назар аударылады. Қарапайым адамдар әділетсіздіктен жапа шекпеуі тиіс. Осы мақсатта он түрлі бағдарлама жасап жатырмыз. Үшіншіден, береке-бірлікті нығайту да басты жоспардың бірі. Монғолия көлемінде негізінен қазақ пен моңғол атты екі ұлт қана болса, Баян-Өлгейде ұраңқай (ураанхай), дөрбөт, тыва сынды ұлт-ұлыстардың да өкілдері бар. Бұдан бөлек, адамдар төрт партияның үгіт-насихатына бола өзара бөлініп қалды. Бір отбасында, бір ауылда өмір сүрген қазақтар партиялық көзқарастары мен ұстанымдарының әртүрлі болуына байланысты өзара бөлініп, бастары бірікпей жатады. Сайлау – өтпелі жағдайдағы саяси тартыс қана. Қазақстанда рулық бөліну жоғары болса, бізде сумын, яғни аудандық деңгейде жершілдікке бөліну бар. Осылардың ынтымағын нығайту керекпіз», - дейді Б. Дәлелұлы.

ӘКІМ АЙМАҚТАҒЫ АУҚАТТЫ АДАМДАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ЖАТАДЫ

Моңғолияның Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі аймақтағы лауазымды тұлғалардың табысы мен байлығын жариялаған. Аймақ әкімінің байлығы 433,2 миллион төгрөгтен (66 млн теңге) асады. Оның сыртында жүйрік аттары мен жолаушы тасумен айналысатын компаниясы бар.

Баян-Өлгей аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлының байлығы:

  • Жылдық табысы: 72,7 миллион төгрөг (10,5 млн теңге)
  • Отбасының жылдық кірісі: 102,5 миллион төгрөг (15 млн теңге)
  • Жылжымайтын мүлік: құны 162,6 миллион төгрөгке бағаланатын 1 хаус, 1 пәтер және 1 жер үйі, 1 автогаражы бар.
  • Автокөлік: құны 12 миллион төгрөгке бағаланатын Toyota Camry автокөлігі
  • Мал саны: 25 жылқыдан бөлек, 8 бәйге аты бар
  • Жері: 847м2, 888м2 – 10 миллион төгрөг
  • Жинақ: жергілікті банктердегі есепшотында 65,6 миллион төгрөг (9,2 млн теңге) жинақ қоры бар.
  • Салықтық төлемі: жылына 4 млн төгрөг (600 мың теңге)
  • «Аумин» компаниясының (көлік жөндеу және Улан-Батор – Баян-Өлгей аралығында жолаушы тасымалымен айналысады) 70% үлесін иемденеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы