«Шеберлерге қолдау жоқ»: Қазақтың ұлттық саз аспаптарын енді Қытай шығаруы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Қолөнер шеберлері елімізде кәсіп ашудың қиын екенін айтады

Қазақтың шеберлік өнері мен кәсіпкерлікті ұштастырып, екеуін тең ұстап жүруге болады. Алматы облысында тұратын шебер Алмас Мұстафа –осы сөзімізге дәлел.

Домбыра мен қобыз жасайтын фабрика салып, оны халықаралық нарыққа шығаруды армандайтын Алмас Мұстафа – халықаралық өнер жарыстарының жүлдегері. Ол көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде «Алмастер» деген атпен белгілі. Қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасайтын шебермен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

Үкілі домбыра мен киелі қобыз жасаумен қатар, зергерлік салада да өзіндік қолтаңбасы бар азамат пандемия кезеңіндегі шеберлер қауымының күнкөрісі және постдағдарыстық уақытта кәсіпкерліктің жағдайы қалай болуда деген сауалға жауап берді.  

- Алмас, сіздің өнімдеріңіз, әсіресе сіз жасаған домбыралар қазақтың киелі сахнасында күмбірлеп жүр. Тіпті, танымал тұлғалардың төрінде ілініп тұрады деп естідім. Мына пандемияға байланысты қиындықты қалай еңсеріп жатырсыздар? Жұмыс тоқтап қалған жоқ па?

- Иә, коронавирус көпті есеңгіретіп тастады. Соның ішінде қолынан іс келетін кәсіп иелері де, біз сияқты шеберлерге де оңай тиген жоқ. Себебі біз тапсырысқа байлаулымыз. Алайда, бұл дағдарыс маған жаман әсер еткен жоқ. Бірден тығырықтан шығудың жолын табуға тырыстым. Оның сыры мынада: қазір өнімді көбейте беру керек. Тапсырысқа деп қарап отыра беруге болмайды. Қарап отыра берсең, аш қаласың. Керісінше, осы кезді пайдаланып, тауардың саны мен сапасын көбейте берсек дұрыс болады екен. Неге дейсіз ғой?! Осы кризистен кейін шағын шеберханалардың көбі жабылады. Олар бұрынғыдай еркін жұмыс істей алмай қалды. Дағдарыстан соң белсенділігі жоғарылар ғана қалады. Сол кезде жұтылып кетпей, керісінше, күшейіп аламыз деген оймен қарқынды үдеттік.

Қазір шеберхананы байқасаңыз, жартылай дайын өнімдер және дайындығы 80-90 процентке біткендері көп. Келген адам оюын, түсін және өлшемін таңдайды. Ары қарай тез дайындап береміз. Қазір осындай режимге көштік. Бізге тапсырыс беріңіз, сосын оны бір ай күтіңіз деп айтпайтын болдық. Көп болса, бір апта немесе төрт-бес күнде дайындап береміз.

- Тапсырысты тек онлайн түрінде аласыздар ма, әлде келіп беруге бола ма?

- Бұрын онлайн тапсырысқа адамдар сенбейтін. Мына карантин кезінде, керісінше, онлайнмен тапсырыс көбейді. Пандемия кезінде бару, келу қауіпті болды. Екіншіден – онлайн байланыс жасауға адамдар да үйренді. Үшіншіден – төлем жасау қабілеті, банктер жүйесіндегі ақша алмасу дамып келеді. Бұл да бизнеске өз ықпалын тигізеді.

Алайда, мұның кері жағын да көріп отырмыз. Қазір интернетте алаяқтар көбейген. Сенің фотоңды, аты-жөніңді пайдаланып, тұтынушыларды алдап соғады, ақшасын алып кетеді. Олар әлеуметтік желіде шебердің атынан парақша ашады, жұрттан тапсырыс алады, ақша жинайды, соңында бәрін өшіріп жоқ болады. Сондықтан тұтынушы домбыра болсын, басқа да зергерлік бұйымдар болсын, тікелей шебердің өзіне шығып тапсырыс бергені жөн.

- Кейбір қандастарымыз туған тілін, дәстүрін білмесе де, төріне домбыраны іліп қояды. Оны баласына үйретпесе де, қастерлі деп қарайды. Қазір қазақтар арасында домбыраға қаншалықты сұраныс бар?

- Балаларға арналған көлемі шағын домбыраларға сұраныс жоғары. Өйткені домбыра алдағы жылдары мектепте пән ретінде оқытылады деген бастама бар. Бүкіл мектепте үйірмелер ашылып жатыр. Мемлекет те халықтың домбыраға ықыласы жоғары екенін біліп отырған сияқты. Домбыра күнін белгілеуі де осыған өз ықпалын тигізді.

Қазақ халқының саны өскен сайын, домбыраға да сұраныс арта түседі. «Ұлытау» тобы, Асылбек Еңсепов, Айгүл Үлкенбаева сияқты өнерпаздар домбыраны әлемге эстардамен ұштастырып, таныта бастады. Содан соң 2005 жылдан бастап бұл аспап – халықаралық аспаптар тізіміне кіреді, ЮНЕСКО тізімінде. Болашақта жетіген де осы қатарға кіреді, прима қобыз, қыл қобыз да халықаралық деңгейде мойындалған. Сосын, баланың моторикасын дамыту үшін оны музыкалық үйірмелерге беретіндер көбейді. Сол жағынан қарасақ, әрине, сұраныс бар.

- Қазақстанда «Домбыра» телеарнасы ашылды. Оның осы ұлттық аспапты дәріптеуге әсері бар ма? Шеберлер өнерін дәріптеуге байланысты бағдарламалар ашылды ма?

- «Домбыра» арнасын ашты деген аты ғана. Себебі оның көрермені аз. Қазір телеарнаны көретіндер азайғанда, домбыраны телеарна ретінде ашу дұрыс ойластырылмаған сияқты. Бұл саланың насихатын интернетте дамыту керек.

Негізі, «Домбыра» арнасын қолға алған кісілер оны өз энтузиазмімен ашты. Артынша қиындықтарға тап болды. Жабылып қалу қаупі де бар деп естідім.

Мәселен, жапондар технологияны қанша дамытып жіберсе де, өзінің ұлттық күресін, 300 жыл бұрынғы самурайлық өнерді құрметтейді. Катана мен дайто әр үйде тұрады. Оны насихаттауы қандай керемет. Нано-технология, жаһандану дәуірінде ұлттық санасын жоғалтып алмаған ел. Біз де жұтылып кетпес үшін осы шеберлік өнерін, домбыра мен қобызды төрімізден түсіріп алмауымыз керек қой.

- Қазір базарға барсаң, тіпті әуежайларда сувенир ретінде, сауда орындарында домбыра сататындар көп. Олардың сапасын қалай ажыратуға болады?

- Қазір қазақтың саны 10 миллионнан асты. Болашақта ол екі есеге көбейеді деп жүрміз ғой, сондықтан біз осы домбыраны да сол сұранысқа сай дайындай алуымыз керек. Қазір базардың бәрінде сапасыз аспаптар сатылып жатыр. Жекелеген шеберлер ғана тапсырыспен сапалы өнімдер дайындап береді. Қалғаны сыртын жылтыратып, сувенир түріндегі домбыраны саудалайды. Бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін сапалы аспап жасайтындар нарықты жаулауы керек. Мейлі, ол өзіндік құнына сатылса да, сувенир түріндегі домбыраның орнын басу керек. Құны бес мың теңгелік, екі ішек тағылған ағашты домбыра деп сатқандарды нарықтан ысыру қажет. Оған 3-5 жыл уақыт кетуі мүмкін. Шығынға батсақ та, сапаны арттыратын едік. Тұтынушы да ақымақ емес, сол бағада екі түрлі аспап тұрса, оның сапалысын таңдайды.

- Байқап тұрсам, бұрынғы бір бөлмелі шеберханаңыз үш қабатты жеке ғимаратқа айналыпты. Тағы да кеңейту үшін, кәсіпорын деңгейіне көтеру үшін не істеу керек?

- Жаңа айттым ғой, нарықтағы өнімнің сапасын арттыру үшін үлкен фабрикалар салынуы керек. Қазір базарда тұрған домбыраны шетелдіктер алады да, «ой, мыналардың аспабының сиқы осы екен ғой» деген жаман ойға қалады.

Мәселен, скрпиканы білесіздер, оның ең арзаны 500 АҚШ долларынан басталады. Дүниежүізіндегі музыкалық аспаптардың 90 пайызын Қытай жасап жатыр. Қытайлықтар біздің домбыраны жасауға талпынып көрді. Фабрика салмақ болды, бірақ сала алмады. Өйткені, оның үнін келтіре алмады. Бәлкім домбыраның қасиеті де сонда шығар?! Олар қазақ шеберлерін жұмысқа шақырды, алайда ешкім барған жоқ. Ескеретін жайт, қытайлықтар домбыраны қазір зерттеп жатыр, яғни болашақта олар бұл тақырыпқа қайта оралады, зауытты ақыры салады. Сондықтан біз олардың алдын орап, ұлттық аспаптарды шығаратын өз зауытымызды ашуымыз қажет.

- Өзіңіз сияқты өнімді жұмыс істеп жатқан қаншама шебер бар. Олар неге бірігіп, осы кәсіпорынды жолға қоймасқа? Не кедергі? Өндірісті конвейерге қою үшін не керек?

- Осыдан 9 жыл бұрын жеке шеберхана болып құрылдық. Оның алдында белгілі бір мекеменің базасында жұмыс істедім. Сонда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, осы жылдар бойы салық төлеп келемін. Біз одан қашпаймыз. Тапқан табыстың 10-12 пайызын мемлекетке бергенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ мемлекет бізге не беріп жатыр дегенге келгенде, налымаймын. Өйткені өнім шығаруға біздің Үкімет бас қатырмайды. Оны біз түсінеміз, сол себепті осы күнге дейін бір тиын несие алып көрген жоқпын. Ұсыныстар болады. Мысалы, «Даму» қорынан маған қазір тағы да СМС келді. Онда 6 пайыз жеңілдетілген несие береміз деп тұр. Барсаң, не болса соны сұрап, созбаққа салғанда, ол қаражатты алғың келмей қалады.

Қазір фабрика ашу үшін тырысып жатырмыз. Тек Алматының өзінде тауарының сапасы жақсы, ұялмай сата алатын 30-40 шебер бар. Оның ішінде үздік дегендері 10-15 шеберхана. Олар өз өнімдерін өте қымбат бағалайды. Жалпы, Алматыда домбыра жасайтын барлығы 100-ден астам шеберхана тіркелген. Бір қиыны, шеберлердің бәрі Алматыда шоғырланған. Аймақтарда жоқтың қасы. Мысалы, Оралда бір адам, Атырауда да санаулы адам бар. Атыраулықтар домбыраға Алматыға келіп тапсырыс береді. Ал Арқалық, Жезқазған сияқты қалаларда ұлттық аспап жасау өнері мүлдем жоқ десе де болады. Өңірлерде де осы шеберханаларды ашуға мемлекет ықпал етуі керек.

- Жоғары оқу орындарында саз аспаптары шеберлері дайындала ма?

- Ол үшін біз сияқты адамдар шәкірт тәрбиелеп, практиканы оқытуы керек. Ал оқу орындары оларға базалық білім беруі тиіс. Бізде ағаш өңдеу деген сабақ бар. Менің ұстазым – Жолаушы ағаның сыныбы бар, Ердос Рақымбеков – Өнер академиясында сабақ береді. Олардың да жағдайы мүшкіл. Өйткені осы мамандыққа грантты алып тастады, ақылы оқуға ешкім бармайды. Оның орнына жастар менеджер, маркетинг, заңгер мамандығын таңдайды. Жаны қиналмай ақша табатын оқуды оқығысы келетіндер көбейді.

Біздің жұмыста шаң жұтасың, әуереленсің, физикалық тұрғыдан күш қажет. Мұнда шыдам керек. Сондықтан бұл салаға көңіл бөлінбей кетті. Біз жұмысқа шақырсақ, дипломы болмаса да, икемі болғанына қарап, өзіміз үйретіп аламыз. Мен қазір өз мекемемде 10 адамға жұмыс беріп отырмын.

Мемлекет жақын арада бізге қолдау жасамайтынын білемін. Мысал, бізде Шеберлер одағы бар. Жыл сайын Айжан Бекқұлова деген жетекшіміз билік ұйымдастырған жиындарға қатысады, біздің ұсынысымызды айтады. Бірақ шенеуніктер тыңдап алады да, ол әңгіме сол жерде қалады. Оның орнына шаш қиятын, тырнақ жасайтын қызмет түрлері несиені оңай алады екен. Ал біз – өндіріске сұранып тұрған сала еңбеккерлеріміз.

- Сіздерге мемлекетке қарамай-ақ, жеке инвестиция тартып, Қытайдан қондырғы алып, жұмыс істеуге не кедергі болып тұр?

- Аспаптар жасайтын қондырғы өте қымбат. Қытайдан әкелуге болады. Бірақ ол 5 жылдан артық жұмыс істемейді. Германиядан алуға болады. Олар 20 жылға жарайды. Бірақ оның бағасы тым қымбат. Мен шығаратын өнімді қымбатқа сата алмаймын. 200 мың АҚШ долларына қондырғы қойсам, оны ақтау үшін қанша домбыра сатуым керек?

Сосын көптеген шебердің өз ісін  кәсіп етуді ойлауға мұршасы жоқ. Тұрмыс-тіршіліктен аса алмайды. Себебі шебер – ата-бабасы мыңғырған байдан немесе мұнайшыдан, банкирден шықпайды ғой. Олар – халық арасынан шығатын, бекзада өнерді қызығушылықпен алып жүргендер.

- Ең қымбат домбыраның бағасы қанша? Шетелде домбыраға сұраныс бар ма?

- Домбыраның ішінде балаларға арналғанына сұраныс жоғары дедім ғой. Оның бағасы – 20-30 мың теңге. Орташа баға – 150 мың теңге. Ал елдегі танымал әншілерге, дәстүрлі орындаушыларға эксклюзивті домбыралар жасаймыз. Олар 1-1,5 млн теңге болады. Себебі бір домбыраны жасау үшін бірнеше ай уақыт кететін кез болады. Шеберлер одағы деген ұйымнан жылына бірнеше ұсыныс келеді. Олар бізді шетелге шақырып жатыр деп ұсыныстар айтады. Халықаралық көрмелерге, конференцияларға жібереді.

- Ең ерекше дүниеңіз қайсысы?

- Өзімнің 100-ші домбырамды ешкімге бермей алып қалдым. Абай бабамыздың үш ішекті домбырасының көшірмесін де жасап шығардым, ол да өзімде тұр. 2013 жылы «Үздік шебер» номинациясын ұтып алған, «Ортеке» күйіне арналып жасаған домбырам да өзіме қымбат.

Ал ең қымбаты – сүйектен жасалған домбыра. Ол жалғыз. Шанағы, мойны және басы сүйек. Беті арша, ал қос ішегі малдың ішегінен есіліп жасалған. Ақтөбелік шебер осы ішекті дайындап берген еді. Бұл аспап несімен ерекше десеңіз, ол кәдімгі жылқының қабырға сүйегінен жасалған.

- Әңгімеңізге рақмет!

Ришат Асқарбекұлы, Алматы