Елші Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыс және түркі елдерінің ортақ ұстанымы жайында сөз қозғады
Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған бауырлас ел ғана емес, еліміздің негізгі экономикалық әріптесі. 1992 жылы наурызда екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнаған күннен бастап түрік инвесторлары Қазақстан экономикасына тұрақты түрде инвестиция құйып келеді.
Бүгін Түркияда ұлттық мейрам – Республика күні. Айтулы мереке қарсаңында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уфук Экиджимен сұхбаттасып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және рухани байланыстардың одан ары дамуы жайында сұрадық.
- Құрметті елші мырза, Қазақстанға қош келдіңіз. Бұған дейін Еуропа елдерінде ұзақ уақыт қызметте болғаныңызды білеміз. Біздің елге алғаш келуіңіз. Әр елдің салты басқа демекші, Қазақстанға келгенде қандай да бір қолайсыздық немесе қиындықтарға тап болған жоқсыз ба?
- Иә, қаңтар айында Қазақстандағы жұмысымды бастадым. Ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға сенім грамотасын ұсынып, жұмысыма ресми кірістім. Мен үшін бұл үлкен мәртебе, мақтаныш!
Қазақ пен түрік бауыр, туыс ұлт. Біздің салтымыз да, мәдениетіміз де, тіліміз бен дініміз де ұқсас, сондықтан Қазақстанға келіп қиындықтарға тап болуым мүмкін емес. Керісінше, өзімді туған жеріме оралғандай әсер алдым. Бұл – барша түркі халқының шыққан жері. Баршамыздың отанымыз!
- Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған ел. Сол уақыттан бері екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынас тұрақты дамып келеді. Түрік инвесторлары құрылыс, мұнай-газ салаларына инвестицияны молынан құйғанын білеміз. Алдағы уақытта екі елдің арасындағы байланыс қандай бағытта өрбиді?
- 1991 жылы КСРО елдері ыдырап жатқанда Қазақстанның тәуелсіздік алуын күтіп, бақылап отырдық. 16 желтоқсанда қазақ бауырларымыз үшін ерекше қуандық, тәуелсіздігін бірінші болып мойындадық. Бірақ бұл мақтанатын жайт емес, бауырлас ел болғандықтан бұл біздің міндетіміз, кез келген жағдайда Қазақстанның жанынан табыламыз.
Осы отыз жылда Түркия Қазақстан экономикасына өте үлкен көлемде инвестиция құйды. Құрылыс, мұнай-газ, білім беру, медицина салаларының дамуына барынша үлес қосуға тырысып келеміз. Соңғы уақытта түрік инвесторлары ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отыр.
Қандай қиын кездерді өткерсек те, Қазақстан мен Түркия арасындағы алыс-беріс бәсеңсіген емес. Екі елдің сауда айналымы былтыр 3,1 млрд доллардан асты.
- Қиын кезең деп айтып жатырсыз ғой, мынау коронавирустық пандемия бүкіл әлемді тығырыққа тіреп қойды. Жеті ай бойы шекараны қымтап жауып отырдық. Бұл екі ел арасындағы сауда айналымына кері әсерін тигізген жоқ па?
- Қызығы сол, карантиндік шектеулерге қарамастан биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы былтырғы 3,1 млрд доллардан асып түседі деп күтілуде. Шекара қарапайым тұрғындар үшін жабылды, бұл Қазақстанның да, Түркияның да экономикасын әлсіреткені анық. Әсіресе, туризммен күн көріп отырған елдер зардап шекті. Бірақ соған қарамастан, қазақ-түрік қатынасы тұрақты дамуын тоқтатқан жоқ. 2020 жылдың қорытындысында сауда айналымы 4 млрд долларға жетеді деп болжап отырмыз. Ұзақмерзімді жоспарда бұл көрсеткіш 10 млрд доллар деп белгіленген.
Биыл да Қазақстан Түркия үшін маңызды энергетика және минерал тасымалдаушы болып қалды. Түрік компаниялары індетке байланысты шектеу шараларына қарамастан, Қазақстанға инвестиция құюды жалғастырып келеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы жылдың алғашқы 8 айында Түркияның Қазақстанға жасаған экспорт мөлшері өткен жылдың 8 айына қарағанда 1,2%-ға артып, 507 млн долларды құраған. Аталған кезеңде импорт көлемі 1,3 млрд долларды құрады. Жақында жарияланатын қыркүйек айының сауда көрсеткіштері де өсу үрдісін көрсетіп отыр.
Алайда, екіжақты қатынаста шешімін күтіп тұрған өзге де сұрақтар бар. Қазақстанға келіп жатқан түрік кәсіпкерлерінің ең басты проблемасы – жүк тасымалының қымбаттығы. Түркияның жүк көліктері бірнеше елге Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстанның өзіне тасымалданатын тауар да көп. Кәсіпкерлердің бәрінің айтатыны осы – баға саясаты. Оның үстіне, Қазақстан әрбір жүк көлігіне елге кіру үшін рұқсат бланкілеріне квота береді. Сол квотаның саны да шектеулі. Біз осы мәселелерге байланысты екі ел арасында конструктивті диалог құру қажеттігін көріп отырмыз.
Тасымалдау нүктесінде Каспий теңізі арқылы теміржол тасымалын дамыту орта және ұзақмерзімді перспективада шығындарды азайту арқылы саудаға оң үлес қосады. Рұқсат бланкілеріне қатысты тағы бір мәселе – екіжақты тасымал мен транзиттік көліктерге арналған квоталар санын арттыру және/немесе квоталарды толығымен алып тастау өзара сауданың өсуіне айтарлықтай ықпал етеді. Яғни бұл Қазақстанға да, Түркияға да тек пайдасын алып келеді.
- Түркия елшісімен сұхбаттаса отырып, Таулы Қарабақ мәселесіне тоқталмай кеткен дұрыс емес шығар... Қазір бүкіл әлемнің назары – Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыста. Бұл ретте Түркияның да әр қадамын Батыс елдері шаммен қарап отырған сыңайлы. Өйткені Режеп Тайып Ердоған бауырлас Әзірбайжанға кез келген уақытта қолдау көрсетуге дайын екенін ресми мәлімдеді. Бұл мәселеге қатысты Сіздің ойыңыз қандай?
- Дипломатиялық тәжірибесі мол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның осы сұраққа қатысты 13 қазан күні жасаған мәлімдемесі есімде. Құрметті Президент мырза айтып кеткендей, бүгінгі таңда бұл тектес мәселелер «территориялық тұтастық» қағидасы негізінде шешімін табуға тиіс. Аталмыш мәлімдеме Түркия мен Әзірбайжанда оң қолдау тапты.
Әзірбайжан өзінің Армения оккупациялаған жерін құтқару, осылайша «территориялық тұтастығын» сақтау мақсатында 30 жылдан бері күш салып келеді. Бұл тақырыпта БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің де тиісті резолюциялары бар. Осыған қарамастан, Арменияның Әзірбайжан қалаларындағы бейбіт тұрғылықты аудандарға жасаған зымырандық шабуылдары өрескел дүние саналады.
Түркияның Әзірбайжанға қолдау көрсетуі – тек қана бауырластық қатынастарына байланысты емес, сондай-ақ Әзірбайжан күресі халықаралық құқық жағынан әділ болғанынан.
Түркі Кеңесінің де осы процесте Әзірбайжанды қолдай отырып жасаған мәлімдемесі маңызды дүние деп білемін.
Дегенмен, Қазақстандағы кей БАҚ ұйымдарында көбіне шетелдік медиадан алынған жаңалықтарды негізге ала отырып, Қарабақтағы оқиғалардың бұрмалай жарияланып отырғанын басынан бері байқап келеміз. Бірақ қазақстандық қоғамның осыған қарамастан әділдік күресін жүргізіп жатқан әзірбайжандық бауырларымыздың жанында екенін асқан қунышпен көріп отырмыз. Түркі әлемінің бір бөлшегі ретінде бауырлар арасында осындай ниеттестіктің болуын бағалы деп есептеймін.
- Осы Түркі Кеңесінің қазіргі халықаралық саясаттағы орны қандай? Өзінің миссиясын орындап жатыр ма?
- Президентіміз Режеп Тайип Ердоған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзаны «Құрметті Ақсақалым» деп атайды. Біз Назарбаев мырзаны Қазақстанды мықты бір елге айналдырып, дамуына үлес қосқан көшбасшы ретінде ғана емес, сондай-ақ Түркі әлемінің бірлігіне шабыт беруші, теңдессіз үлес қосушы үлгілі тұлға ретінде қабылдаймыз. Президентіміздің ұсынысымен Елбасының Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы атануы – ол кісіге көрсетілген құрмет пен адалдықтың нышаны.
Түркі Кеңесі біз үшін бағалы және ішінде Қазақстанның да маңызды үлесі бар халықаралық ұйым. Мүше елдер арасындағы қуатты ортақ байланыстар мен қазіргі таңдағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықтан нәр алатын бұл Ұйымның соңғы уақытта одан әрі жанданып, Өзбекстанның ұйым жұмыстарына белсенді қатысып, Мажарстанның Түркі кеңесіне бақылаушы мүше ретінде қабылдануы арқылы ұйымның одан әрі күшейе түскеніне үлкен қуанышпен куә болып отырмыз.
Мәдени және гуманитарлық қарым-қатынастармен қоса Түркі Кеңесі мүше елдерінің ортақ мүдделеріне байланысты түрлі салаларда жұмыс істелуіне, сондай-ақ ұйымның халықаралық мәселелерге қатысты ниеттестік көрсететін платформаға айналуына үлкен мән қойып отырмыз. Негізінен, Қарабақта болған соңғы оқиғалар аталған мәселенің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетіп берді.
- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет. Бүгінгі бүкіл түрік халқының қасиетті мерекесі – Республика күнімен құттықтаймыз!
- Рахмет!
Сұхбаттасқан Серғали Балажан