Жапон мектептері балаларға диета туралы білім береді
Күншығыс елі тұрғындары ұзақ өмір сүреді. Қартаймайды. Мұның да өз құпиясы бар. Azattyq Rýhy тілшісі жапондық Юко Хайасиимен сұхбаттасқан еді.
Юко Хайасии 43 жаста. Жапония азаматшасы қазір Ұлыбританияда білім алып жатыр. Ол өзінен көп адамның «Жапония әйелдерінің құпиясы неде? Неліктен олар жас көрінеді? Ұзақ өмір сүрудің кілті неде?» деп сұрайтынын айтады. Юко бүгін осы сұрақтарға жауап бермек.
43 ЖАСТА 25-ТЕГІДЕЙ КӨРІНУГЕ БОЛАДЫ
- Юко ханым, өзіңіз және отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?
- Алдымен өзімді таныстырып өтейін. Менің 16 жасар қызым және 14-тегі ұлым бар. Жолдасым – дәрігер, жасы 45-те. Қыркүйектен бері Нортгемптон университетінде педагогика және психология мамандығы бойынша жоғары білім алудамын. 2018 жылы менің ұлыма жапон дәрігерлері «дислексия» диагнозын қойды. Сонымен қатар, «Назар жетіспеушілігі және гиперактивтіліктің бұзылуы» және «Аутизм спектрінің бұзылуы» ауруларының белгілері де бар. Ұлыма осы диагноздарды қойған сәтте не істерімді білмедім. Оның мектепте білім алғанын қалап, дерттен дұрыс жазылудың жолдарын анықтауға кірістім. Өкінішке қарай, Жапонияда бұл сұрақтарға нақты жауап беретін маман тапшы. Сол себепті, 2019 жылдан бастап ұлымды Британия мектебіне ауыстырдым. Өзім де ұлыма және басқа балаларға көмегім тисін деп, аталған диагноздар бойынша педагогика саласын меңгеруге кірістім.
ЖАПОН СҰЛУЛЫҒЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ – ТАҒАМДА
- Жапонияда адамдардың өте ұзақ өмір сүретінін бәріміз білеміз. Яғни, жүз жасайтындар көп. Жапон халқының ұзақ өмір сүруінің сыры неде деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, жапон әйелдерінің жас көрінуінің бірден-бір себебі – дұрыс тамақтануында. Жапония ұлттық тағамының көбі жоғары антиоксиданттық белсенділікке ие. Адам жасушасы қартайған кезде тотығады. Антиоксидантты тағам жасушалардың тотығуын қиындатады. Мисо және натто сияқты ашытылған тағамдардың антиоксиданттық белсенділігі жоғары, ал жапондар оларды жиі жейді.
МЕНІҢ ҚҰПИЯМ – ЫСТЫҚ ВАННА
- Күн сайын өзіңізге қандай күтім жасайсыз?
- Жапонияда тұрған кезде, мен күнде кешке 30 минут ванна қабылдаймын. Ыстық ванна ағзадағы зат алмасуды реттейді. Одан кейін бет және дене терісін ылғалдандыратын кремдер жағамын. 8 сағат ұйықтап, қоректік заттардың жақсы балансы бар тағамдарды жеуге тырысамын.
ЖАПОНИЯДА АДАМДАР 100 ЖАСҚА ДЕЙІН ӨМІР СҮРЕДІ
- Жапон тағамдары неден тұрады? Сіз 5 негізгі өнімді атай аласыз ба?
- Мәселен, менің әжем 103 жасқа келді. Оның құпиясы – өмір сүру салтында. Тамақтану, шомылу және физикалық жаттығулар жасау бұған енеді. Көптеген дамыған елдермен салыстырғанда, Жапония тұрғындары құрамында май мөлшері аз тағамдарды тұтынады. Бірақ күріш диетасын ұстану көмірсу мөлшерін көбейтеді. Ферменттелген өнімдер де маңызды.
Сондай-ақ дәстүрлі матча шайы да пайдалы. Ашық-жасыл түсті ұнтақ шайдан Жапонияда, тіпті, шоколадтар да жасалады. Сусынның құрамында ұзақ өмір сүруге ықпал ететін тағамдық талшықтар бар.
ЕЛДІҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ АСА МАҢЫЗДЫ
Біріншіден, Жапонияда нәресте өлімі басқа елдерге қарағанда төмен. Сонымен қатар, қарт адамдар мен балалардың тиісті медициналық көмек алуына жағдай жасайтын Ұлттық сақтандыру жүйесі бар. Сондықтан, біздің елде ауруды ерте анықтауға және ерте емдеуге болады.
ЖАПОН МЕКТЕПТЕРІ БАЛАЛАРҒА ДИЕТА ТУРАЛЫ БІЛІМ БЕРЕДІ
Сонымен қатар, жапон мектептері балаларға диета туралы білім береді (бұл тамақ туралы дұрыс білім алуға және қалаған тамақтану әдеттеріне бағытталған). Шамасы, бүкіл халықтың денсаулығы туралы белгілі бір білім деңгейі бар және денсаулыққа деген қызығушылықтың жоғары деңгейі ұзақ өмір сүруге әкеледі.
ФАСТ-ФУДТАН АУЛАҚ БОЛЫҢЫЗ
- Сіздің балаларыңыз фаст-фуд жей ме?
- Васеку немесе жапон ас үйі 2013 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы ретінде тіркелген. Күріш, мисо сорпасы, тәтті соя соусы қосылған қуырылған немесе қайнатылған балық, қайнатылған көкөністер, соя соусы және тұздалған қияр – жапон ас үйінің 6 негізгі тағамы.
Мен балаларыммен бірге фаст-фудты өте сирек жеймін. Ол дәмді де, пайдалы да емес. Фаст-фуд, газды сусын тұтынбай, пайдалы тағам жеу – адам терісінің әжімсіз, денесінің сымбатты болуына кепіл.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан