Мәжілістегі «үндеместер»: 107-ден жүйрігі қайсы?

Автор: Azattyq Rýhy

Парламент төрінде қанша жыл жүрсе де жұмған аузын ашпайтын, есім-сойы белгісіз депутаттар жайлы

Фотоколлаж

Қоғамда төменгі палата өкілдері бюджетке масыл болып отыр деген пікір белең алған. Мәжілістегі тұтастай 107 депутат, Сенатта 47-сі тағы бар. Бір қызығы, үнемі сұхбат беріп, көзге түсетін, арагідік сөзден жаңылып, күлкіге қалатын да сол бір  адамдар. «Азаттық рухы» тілшісі ел-жұрт білмек түгіл журналистер де атын естімеген, түр-тұлғасын танымайтын депуттатардың есігін қағып көрді.

Біз білмейтін депутаттар

Көшеде суретін көрсетсең «Бұл кім?» деп сұрайтындардың қатарындағы депутаттың бірі Қожахан Жабағиевті іздеп кабинетіне барып едік, есігі құлыптаулы екен. Жұмыс уақытында орнында отырмауды әдетке айналдырған шығар деп ойлап үлгергенімізше, іштен көмекшісі шықты. Ол бізге бастығының сырқаттанып қалып, жұмысқа шықпай қалғанын түсіндірді.

Шыны керек, тілші басымызбен өзіміз де 107 мәжілісменнің жартысын ғана атын атап, амандасатын жағдайдамыз. Мәжіліс үйі лифтісінде кездестірген егделеу кісіні кеудесіндегі төсбелгісінен депутат екенін танып, «Тегіңіз кім?» деп қысылмай сұрадым. «Әшімбетов» деп жауап берді. Бұрынғы Павлодар, Екібастұз қалаларының әкімі болған Нұржан Әшімбетовтың Мәжіліске барғанына бір апта болған. Парламент құрамына «Нұр Отан» партиясының резервтік тізімі арқылы өткен депутат менің танымай қалғанымды көңіліне алмады. «Су жаңа депутат» ел аузында жүріп, жұртқа танымал болу үшін көп жұмыс істеу керек деп есептейді. Ол үшін әлеуметтік желілерге тіркеліп, халықпен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр екен. Бірақ, көптеген әкім-қаралар секілді айналасына блогер, фотографтарды жинап имиджін көтеру жоспарында жоқ.

Мәжілісте отырғанына үш жыл болса да, Тарас Хитуов есімді депутатты біреу білсе, біреу білмес. Бір кездері Маңғыстау өңірінде бірқатар басшылық қызметте болған депутат сол өңірдің халқы арасында есімі кеңінен танымал екеніне сендірді. Ал, басқа аймақ халқымен тікелей жұмыс істемегендіктен олардың танымауы да заңды деген пікірде. «Депуттатың ел арасында белгілі болуы керек пе?» деген сұрағыма:

«Әрбір адам өз жұмысымен айналысуы қажет. Мен камераның алдына жиі шығып, популист болып, ұранды сөздер айтуға жоқпын. Айтып та жүрген жоқпын. Онсыз да жұмысымыз жетеді. Біздің басты жұмысымыз – заң шығару. Сол жұмыстарды абыроймен атқарып жатырмыз», - деп жауап берді.           

«Танымал болмасаң сөзіңді кім тыңдайды?!»

Ал саясаттанушы Айдос Сарым депутаттықтың негізгі шарттарына  популистік, қоғамға деген ашықтық, елдің алдында жүру де кіреді деп есептейді. Оның айтуынша, сайлау науқаны кезінде оларды ешкім танымаса, қолдау тауып, дауыс та жинай алмайды.

«Танымал болмасаң сөзіңді кім тыңдайды? Олардың жұрт алдына шықпайтын себебі де сол, оларды ешкім танымайды. Ертең тіпті партиясының өз ішінде жаңадан депутаттар сайлайтын кез келеді. Сол уақытта талқыға түсетін, таразыға салынатын басты сұрақ - «Сені халық біле ме өзі?!». Сондықтан депутаттар кем дегенде баспасөздің алдына шығып, мәселелерді белсенді көтеріп отыруы керек», - дейді саясаттанушы.

Айдос Сарым депутаттардың ел ішіндегі түрлі толқуларда, маңызды оқиғаларда бой көрсетпеуі де беделдеріне теріс әсер ететінін, сол себепті партия қатарына көпшілік алдында жүрген, артында қолдаушысы көп адамдар тартылуы керектігін айтады.

«Бірақ Мәжілістегі кейбір адамдарға қарап, осыларды демейтін халық тұрмақ, қолдайтын жақындары бар ма деген сауал туады. Қазақстанда халықтың тікелей өзінің сайлауымен өтетін бір ғана қызмет қалды, ол Президенттік. Қалғанының бәрі тізімге айналып кетті. Бәлкім, болашақта Сенат, Мәжіліс депуттатарын, қоғамдық кеңес мүшелерін халықтың өзі сайлайтын нұсқаға өтуіміз керек шығар» - деп қорытындылады сөзін.

«Жұлдызы сөне» бастаған Сабильянов журналистерге неге ренжіді?

Парламент төрінде 15 жылдан бері жүрген депутат Нұртай Сабильянов та бұрынғыдай белсенді емес. Соңғы кездері Сабильяновтың мінбердегі жалынды мәлімдемелері азайып кетті. Мәжілісте экономикалық реформа және аймақтық даму комитетін басқарып отырған депутат әлі де ауыл-аймақтардағы сайлаушыларымен жиі кездесіп тұратынын айтты.

«Халықпен жиі кездесіп тұрамын. Бірақ ондай жүздесулерге журналистер келе бермейді, себебі олар әкімдіктің шараларын жарнамалаудан босамайды. Өйткені, ақшаны солардан алады», - деп ренішін білдірді депутат.

«Депутаттар танымал болу керек пе?» деген сауалымызды министрлерге салмақты ескертулер айтып, байсалды ұсыныстар жасаумен ел есінде жатталған Омархан Өксікбаевқа қойып көрдік. Ол депутаттардың ел арасында танымал болуын олардың жұмыс стилімен және кәсіби қарым-қабілетімен байланыстырды. Кейбір депутаттардың микрофон алдында қысылатынын, ойын еркін жеткізе алмайтынын О.Өксікбаев та растады.

«Көп алдына шыға бермейтін депутаттар кабинетінде отырып-ақ жеген нанын ақтап отырмын деп ойлайтын шығар. Бірақ, депутаттарға міндетті түрде БАҚ-тың алдында жүруің керек деген тапсырма берілмеген. Сондықтан, кейбіреулері жабық режимде еңбек еткенді құп көреді. Дегенмен ақпарат құралдарында көріну маңызды», - деді О.Өксікбаев әріптестері туралы.

Жұрт алдындағы ашықтық, халықпен жақындасу жаңа сипат алғанда, бұл үрдістен депутаттар да қалыс қалған жоқ. Саяси маусымның шымылдығы түрілгелі бері,  Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан бөлек жұмыс топтарының, комитеттердің жиындары да ресми сайт арқылы онлайн режимде көрсетіле бастады. Депутаттардың жұмысына көңілі толмайтын, олардың жұмысын жиі сынап-мінейтін топ ендігі ретте тікелей эфирді бақылап, бағасын бере алады.

Абай СЕЙФУЛЛА, Нұр-Сұлтан