Ресей қазағы: «Қазақстанға көшкім келмейді»

Автор: Azattyq Rýhy

Ресейде 800-900 мың қазақ өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар, кей дереккөзде 1,5 миллион деп жазылған

Кезінде тағдырдың жазуымен елді тастап шекара асуға мәжбүр болғандары бар, жерді бөлісу кезінде шекараның арғы жағында қалып қойғандары бар – бүгінде әлемнің ондаған елінде қандастарымыз тіршілік етіп, қазақ диаспораларын құрып отыр.

Ресей Федерациясы – қазақтар көп шоғырланған мемлекеттердің бірі. Кей деректерде көрші елде миллионнан астам қазақ тұрып жатқандығы жайында мәліметтер бар. Нақты көрсеткіш әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Олардың жай-күйін білу мақсатында Azattyq Rýhy тілшісі Ресейдің Түмен облысында болып, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраевпен сұхбаттасты. 

- Ресейдегі қандастардың саны қанша, нақты статистика бар ма?

- Ресейде қанша қазақ өмір сүріп жатқаны жайында нақты ақпарат жоқ. Кей жерлерде 800-900 мың деген мәліметтер көрсетілсе, 1,5 миллион деп жазатын дереккөздер де бар. Қандастарымыз негізінен Қазақстанмен шекаралас аумақтарда тұрады. Астрахань облысы бірінші орында. Онда 160 мың қазақ тіркелген. Одан кейін тізімде Орынбор, Саратов, Омбы, Волгоград аймақтары тұр. Өзім тұратын Түмен облысы Қазақстанның солтүстігімен шекараласады. Біздегі қазақ саны 20 мыңнан асады. Қазір Ресейде урбанизация үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Қазақ ежелден еркін өскен дала халқы болғанымен, біртіндеп шаһарларға көшуде. Көбінің таңдауы ірі қалалардың маңындағы елдімекендерге түседі. Өйткені шаруашылықпен айналысуға жер керек.

- Мұндағы қандастардың негізгі кәсібі не?

- Бір кездері ата кәсіп – ауыл шаруашылығымен айналысты. Бірі мал өсірді, екіншілері егін екті, кәсіпкерлік саласында жұмыс істегендері де бар. Қазір байқағаным, халықтың қалаға көшу үрдісі басталғаннен бері қандастарымыз басқа салаларды да тез меңгеріп келеді. Мысалы, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндер көп. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында да еңбек етіп жүргендер аз емес. Қысқасы, барлық салада еңбек етіп жатыр деуге болады.

- Ал өзіңіз немен айналысасыз?

- Мен Түмен қаласында тұрамын, жекеменшік компанияға жетекшілік етемін. Одан бөлек, Юргин аудандық думасы төрағасының орынбасарлығына сайланған болатынмын. Өзім сол жерде мектепті тәмамдадым. Ата-анам аудан орталығында тұрады. «Единая Россия» партиясы фракциясының жетекшісімін.

2007 жылы құрылған Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясына жетекшілік етемін. Студенттік кезден бастап ұлттық саясат мәселесімен айналысып жүрмін. Әскерге бардым. Одан кейін оқуға түстім. 2003 жылы «Бірлік» қазақ жастарының ұйымын құрдық. Достарыммен бірге түрлі мәдени шаралар өткізіп, қазақ тілін оқыту курстарын аштық. Наурыз мерекесі, Қазақ құрылтайы сынды шараларды қалт жібермейтінбіз.

Ресейде түрлі бағыттағы қазақ ұйымдары өте көп. Федералды Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы бар, штаб-пәтері Самара қаласында. 12 аймақтық ұйым бар. Олардың әрқайсысы автономды жұмыс істейді. Әрқайсысы жергілікті атқарушы билік органдарымен қоян-қолтық әріптестікте.

Мен қазіргі Ресей жерінде туып-өстім. Әкемнің де кіндік қаны осында тамған. Ал, анам Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында дүниеге келген. Арғы аталарым Қызылжар өңірінің тумасы.

- Ұлттық-мәдени ұйымдар негізінен қандай бағытта жұмыс істейді?

- Жыл сайын Түмен облысы қазақтарының көшпелі құрылтайын ұйымдастырамыз. Былтыр Исетскте өтсе, биыл Упор ауданында бас қосамыз. Құрылтайда атқарылған жұмыс жайында есеп беріп, келер жылдың жұмыс жоспарын бекітеміз. Үлкен концерт, ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтеді. Арқан тарту, ат жарысы тағы басқа ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Әр аудан киіз үй тігіп, шараға 8 мың адамға дейін қатысады. «Бұрымды қыз», «Ең әдемі киіз үй» сынды байқаулар өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Жыл сайын Наурыз мерекесі атап өтіледі. Қазақстанның Тәуелсіздігі күні мерекесін міндетті түрде тойлаймыз. Ол күні «Қазақ аруы» байқауы ұйымдастырылып, бас жүлдеге жеңіл автокөлік тігілетін. Енді ол жобадан бас тартып, сайысты жас балалар арасында өткізуге жоспар құрып отырмыз. Мақсатымыз – ұлттық дәстүрді балалар арасында насихаттап, жас өнерпаздарды анықтау. Қазір аудандарда іріктеу турлары өтіп жатыр.

«ТІЛІМІЗДЕН АЙРЫЛЫП ҚАЛУЫМЫЗ МҮМКІН»

- Ресейлік қазақтардың басым көпшілігі ана ілін білмейтіні жасырын емес. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Түменде екі мектеп жанынан қазақ сыныбын аштық. Біреуі Упор ауданында жұмыс істеп жатыр. Одан кейін Галышманово, Ишим қаласын қамтымақпыз. Тіл адамның бойына отбасында, тұрмыстық деңгейде сіңірілуі тиіс. Мектепте оқудың әсері басқаша. Өкінішке қарай, қандастарымыздың көбі балаларын қазақ тілі үйірмелеріне жібергісі келмейді. Осыдан 5 жыл бұрын факультативке баратын бала жинай алмадық. Мұғалімдер үй-үйді аралап, ата-аналармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. «Қазақ тілін оқығанша, ағылшынды, гимнастиканы, компъютерді меңгерсін, баланың басын босқа қатырғымыз келмейді, уақыты зая кетеді» деп сабаққа барудан бас тартқандар көп болды. Қазір халықтың санасы өзгеріп келе жатқандығы аңғарылады. Қазақ тілі сабақтарына сұраныс туындап келеді.

- Оқулық тапшылығы бар ма?

- Бұл тұрғыда бізді Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қолдап отыр. Білім және тілдерді дамыту басқармалары Ресей мектептерінде қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар шығарды. Балаларға ана тілін мектеп жасынан үйретуді қолға алып жатырмыз. Ғаламдық жаһандану бәрін жұтып барады. Осылай жалғаса берсе, Ресей қазақтары бірнеше ұрпақтан кейін ана тілінен мүлде айрылып қалуы мүмкін.

- Тілдің қалыптасатын ортасы – отбасы. Жанұяда әдет-ғұрыпты сақтау, ұлттық мерекелерді атап өту жайы қалай?

Ұлттық мерекелер арқылы салт-дәстүрді, соның ішінде тілді сақтауға болады. Наурыз мерекесі – ең сүйікті отбасылық мейрам. Жылда міндетті түрде бір-бірімізді соғым етіне шақырамыз. Рамазан айында барлығы жаппай ораза ұстайды. Ауызашар беруге кезекке тұрамыз. Ішімдіксіз той жасау сәнге айналып барады. Тойлардың барлығы қазақы дәстүр, сән-салтанатпен өтеді. Тойдың көптігін Ресей қазақтары тұрмысының жақсы болуымен де байланыстыруға болар. Қалай десек те, көңіліміз Қазақстанға бұрып тұрады. Жақсы жаңалықтар болып жатса, қуанамыз. Жағымсыз дүниелер белең алса, жабырқап қаламыз.

«АТАЛАРЫМ АМАН ҚАЛУ ҮШІН КӨШКЕН»

- Аталарыңыз кезінде не себепті Ресейге қоныс аударғанын зерттеп көрдіңіз бе?

- Иә, әрине. Аталарым ауқатты, білімді адамдар болған. Оларды барлық қазақ даласына қырғидай тиген ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін күтіп тұрған еді. Қудалауға ұшыраған халық күндіз орман мен қамысты паналап, түнделетіп көшіп отырған. Аталарымыз да Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болған. Олар қашпағанда біз жер басып жүрер ме едік, жүрмес пе едік деп ойлаймын. Бірнеше отбасы келіп, осында «Қиыр шығыстағы қызыл армия» атындағы қазақ колхозын ашқан. Жергілікті халық қамқоршылық көрсетіпті. Мысалы, чуваштар мен орыстар қазақтарды егін шаруашылығына үйреткен. Өкінішке қарай, колхоз 1945 жылы жабылып қалған. Себебі, еңбекке жарамды азаматтардың көбі майданда кеткен, аман қалғандары бытырап, жан-жаққа қоныс аударған. Қазір сол қазақ колхозынан шыққандардың көбі Түмен қаласында тұрып жатыр.

- Қазақстанға жиі барып тұрасыз ба?

- Иә, өте жиі. Достарым көп. Шақырып тұрады. Қазақстан халқы ассамблеясымен келісім бар. Олар біз ұйымдастырған мәдени шаралардың құрметті қонағы болады. Біз де қазақстандық әріптестеріміз шақырса қалмаймыз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына да көп барамын. Мәдениет, білім беру саласынан басқа, экономикалық секторда да Қазақстанмен байланыс орнатуға баса көңіл бөліп жатырмыз. Қазақстан кәсіпкерлеріне Түмен облысындағы кәсіпорындармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға көмектесеміз. Бастысы - ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. 

«МЕНІҢ ШЕТТЕ ЖҮРГЕНІМ ПАЙДАЛЫРАҚ»

- Қазақстанға көшкіңіз келе ме?

- Жас кезімде Қазақстанға қоныс аударғым келетін. Туыстарыма қыдырып жиі баратынмын. Қазақ даласының жұпар исі аңқыған жусаны мұрнымнан кетпейді. Кейін оқу оқыдым, әскерге бардым. Түмен губернаторы аппаратындағы қызметім басталып кетті. Осы жерде тереңге тамыр тартып қалдық. Ата-әжем осында жерленген. Атажұртыма көшкеннің өзінде сіңісіп кету қиынға соғуы мүмкін. Бірақ мені Қазақстанға көшуден тежейтін басты себеп, Ресейде жүрсем қазақ халқына пайдам көбірек тиетін сияқты. Ұлтымның мәдениетін осы елде насихаттап, тілін, ділін дәріптесем Қазақстан үшін, осындағы қарагөздеріміз үшін пайдалырақ емес пе? Балаларым көшкісі келсе, қарсы болмаймын. Әркімнің таңдау жасауға құқығы бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, Омбы