Тұрмыстық зорлыққа қарсы заң еркектерді жаппай қамауға алуды көздемейді – Салтанат Тұрсынбекова

Автор: Azattyq Rýhy

«Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жетекшісі жаңа заңдағы өзгерістер туралы айтты

Фотоколлаж

23 қыркүйек күні Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен қазіргі заңдарға енетін өзгерістер бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.  

Қазақстан бойынша осы жылдың 4,5 айында ғана 47 000 тұрмыстық жанжалға қатысты іс тіркелген. Оның тек 8 мыңы сотқа жеткен.

Депутат Ирина Үнжақованың айтуынша, жаңа заң нормалары отбасылық жанжалдармен қоғам болып күресуге мүмкіндік береді. Осыған орай ұсынылған заңның өзгерістерін білу үшін Azattyq Rýhy тілшісі белгілі қоғам қайраткері, «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы және әйелдер мен балалар ісі республикалық кеңесінің мүшесі, «Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жетекшісі Салтанат Тұрсынбековамен сұхбаттасты.

«ҚАЗІРГІ ЗАҢДА ЗӘБІР КӨРУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ НАҚТЫ КӨРСЕТІЛМЕГЕН»

- Депутаттар, қоғам белсенділері мен заңгерлер ұсынып жатқан тұрмыстық зорлық әрекеттеріне қарсы жаңа заңда қандай өзгерістер бар?

 - Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасында 26 бап болған болса, жаңа ұсынылған заңда ол 49 баптан тұрады. Қазіргі заңда зәбір көрушілердің құқықтары нақты көрсетілмеген. Сонымен қатар жасөспірімдердің жеке бас құқықтарының қаншалықты бұзылып жатқаны және оларды қалай қорғау керек екені де толық айтылмаған. Біз ұсынып жатқан заң жобасында аталған кемшіліктерді толықтыратын баптар бар. Бұдан басқа, заң жобасында қорғау нұсқамасына қатысты жаңа нормалар еңгізілді. Атап айтқанда, учаскелік полиция қызметкері, егер отбасы мүшелеріне қауіп төнгенін анықтаған жағдайда, отбасылық агрессорға 10 тәулікке дейін оларға жақындауға тыйым сала алады. Ендігі жерде полиция зорлық-зомбылық орын алған отбасының жағдайы төмен немесе денсаулығы бойынша жәрдем қажет екенін анықтаса, тиісті ведомстволарға шара қабылдау үшін дереу хабарлауға міндетті.

Заңның тағы да бір жаңашылдығы – жәбірленушіні қорғау тетіктері күшейтіле түсті.

Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамасының шарттары бұзылған жағдайда, «тиранға» тағы да ескерту беріледі немесе 5 тәулікке дейін (әдетте 2-3 күн) қамауға алады. Ол қағаздың күші жоқ. Қорғау нұсқамасын учаскелік полиция беретін болса, екінші рет орын алған жағдайда сот ескерту береді. Ол институт бүгін істемейді. Ал егер отбасында қандай да бір кемсітушілік болатын болса, Әкімшілік кодекстің 73-бабымен ол жерде де ескерту не болмаса, 5 тәулікке дейін қамауға алады. Қарап отырсаңыз, заңның бәрі бір-бірін қайталайды.

АГРЕССОР АРНАЙЫ ТАЛАПТАРДЫ БҰЗҒАН ЖАҒДАЙДА ОНЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУ КӨЗДЕЛЕДІ

 - Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған жаңа заңдағы өзгерістер бойынша агрессор 30 тәулікке дейін үйінен шығарылатыны айтылды. Бұл заң бұрын да қолданыста болды емес пе? 

 - Жаңа заңда құқық бұзушыға арнайы талаптар белгіленген жағдайда міндетті түрде оның психологиялық түзетуден өтуі көзделеді. Басқа баспанасының болу-болмауына қарамастан, отбасылық агрессор 30 тәулікке үйінен шағарылады. Қолданыстағы заңда агрессордың басқа баспанасының болуы қарастырылатын еді және 30 тәулікке қамау туралы ұйғарымды тек сот шығаратын.

Егер құқық бұзушы арнайы талаптарды бұзған жағдайда оны қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылады. Сондай-ақ, желтоқсан айында енген өзгертулер бойынша, егер әйелді ұрып-соғатын болса, құқық бұзушыға қатысты айыппұл төлеу жазасы ескертуге ауыстырылды. Екінші рет қайта қол көтерсе, 20 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Онда да 20 тәулікті нақты бермейді, көбіне 5-10 тәулікпен шектеледі, себебі, заңда «дейін» деген тіркеме бар. Әкімшілік кодекстің өзінде жазалау мерзімі – екі ай. Кейде соттың шешімі шығып, міне, жаңағы адамды алып кетеді деген кезде немесе сот екінші рет қарауға қалдырған кезде, агрессор қашып кетіп жатады. Әкімшілік жаза мерзімі өтіп кеткен соң, ол әкімшілік жауапқа тартылмаған болып саналады. Олардың жазадан құтылып кетуіне мүмкіндік көп. Өкінішке қарай, полиция қызметкерлері де бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарамайды. Депутаттар денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді (ӘҚБтК 73-1) және ұрып-соғуды (ӘҚБтК72-2) қылмыс санатына жатқызып және оларды ауыр емес қылмыстар санатына ауыстыруды ұсынады (ҚК 108 және 109-баптары). Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды қоғамдық жұмыстарға тартуға, іс жүзінде бас бостандығын шектеуге не айыруға мүмкіндік береді.

- Қазіргі заңда да отбасында ауыр қылмыс жасағандарды бас бостандығынан айырмай ма? Жаңа баптағы айырмашылық неде?

 - Иә, адам отбасында ауыр қылмыс жасаған болса, бүгінгі күні оған Қылмыстық кодекстің 106-бабының бірінші бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Ал біліктілік белгілерін енгізген кезде, жаза мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін артады. Біздегі практикада агрессорлардың көпшілігі қамауға алынбай, тек ескертумен, қорғау нұсқамасымен құтылады. Қазір жеңіл жарақат көрсету, ұрып-соғу Әкімшілік кодекс бабында тұр. Яғни ұрып-соғу, жеңіл жарақат отбасында бірінші рет орын алатын болса, онда іс Әкімшілік кодексте қалып, агрессор 15 тәуліктен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер ол жағдай екінші рет қайталанатын болса, 108-109 баптар бойынша қылмыстық іске ауыстыруды ұсынып отырмыз. Бұл баптың қылмыстық кодекске ауысуы өте маңызды. Себебі қандай да бір отбасында кикілжің болып жатса, құқық қорғау органдары оған қорғау нұсқамасын бере алады. Ол нұсқамада агрессорға «Әйеліңді ұрма, балағат сөз айтпа» деген сынды ескертулер жазылған. Әкімшілік жазаны қатаңдатудың ең басты мақсаты – қандай да бір адамды екінші адамның зәбір көрсетуінен қорғау.

 - Демек, қазіргі қолданыстағы заңда қорғау нұсқамасын алған агрессор қамауға алынбай,  үйінде қалатын болып тұр ғой?

 - Иә, алып кеткен күнде де учаскелік полиция оны үш сағаттан кейін үйіне қайтарып жібереді. Қорғау нұсқамасын бәрі бұзады. Өкінішке қарай, екінің біріне қорғау нұсқамасы әсер етпейді.   

ҚОРҒАУ НҰСҚАМАСЫНЫҢ КҮШІ ЖОҚ

 - Қорғау нұсқамасы бірнеше рет бұзылған жағдайда ары қарайғы әрекет қандай болуы керек?

- Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамасының шарттары бұзылған жағдайда, «тиранға» тағы да ескерту беріледі немесе 5 тәулікке дейін қамауға алады. Ол қағаздың күші жоқ. Қорғау нұсқамасын учаскелік полиция беретін болса, екінші рет орын алған жағдайда сот ескерту береді. Ол институт бүгін істемейді. Ал егер отбасында қандай да бір кемсітушілік болатын болса, Әкімшілік кодекстің 73-бабымен ол жерде де ескерту, я болмаса 5 тәулікке дейін қамауға алады. Қарап отырсаңыз, заңның бәрі бір-бірін қайталайды.

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПӘНІ БІРІНШІ СЫНЫПТАН БАСТАП ОҚЫТЫЛУЫ ТИІС

 - Біздегі келіншектердің көпшілігі күйеуінің үстінен арыз жазып, жеме-жемге келгенде арыздарын қайтып алып жатады. Бәлкім, практикада осыны көп көрген полицейлер бұл мәселеге салмақты қарамайтын болар?

 - Бүгінгі қолданыстағы заңдарға сәйкес,  әйелдерге туыстары тарапынан қысым көп. Яғни,тәжірибеде олардың көбі «мына балаларды кім асырайды, ертең қайта қосыламын ғой» деп күйеуіне кешірім беріп жатады. Көп жағдайда әйелдер амалдың жоғынан осындай әрекеттерге барады. Өйткені полиция арыз жазған әйелге күйеуінің үш күннен кейін қайтып келетінін айтады. Ал бір-екі күн қамауда болып келген күйеуі «Ал, енді дегеніңе жеттің бе, мені қаматқанда не шештің» деп қайта тиіспейтініне кім кепіл?! Аудандарда дағдарыс орталықтары ашылмаған. Әйел өзін қорғауы үшін сонау облыс орталықтарына бірнеше баласын ертіп қалай барады?! Сол себепті, белсенділер әр ауданда әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу беретін орталықтар ашылып, сол жерлерге дағдарыс төсектері қойылсын деген талап қойып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңына өзгерістер енгізу арқылы «Еркектердің бәрін түрмеге отырғызып, жаппай жазалайсыңдар ма?» деген біржақты пікір болмау керек. Бұл жерде ең бастысы, қылмыстың себептерін анықтап, оны болдырмауға тиімді механизмдер енгізу керек.

 - Салтанат ханым, тұрмыстық зорлық әрекеттерінің алдын алу үшін не істеу керек?

 - Ең алдымен, әлеуметтік салалардағы проблемаларды шешіп, рухани тәрбиені қолға алып, ішкілікке салыну, наша қолдану, құмар ойын ойнау сынды қоғамды азғындыққа жетелейтін дүниелерді жою жолында өнімді жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ, сонау шалғайдағы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруымыз керек. Алыс аудандар мен ауыл халқына үкіметтен берілетін мемлекеттік қызметтің бәрі қолжетімді болуы тиіс. Кез келген құқық бұзушы міндетті түрде өзінің тиісті жазасын алуы керек. Біз қылмыстың, зорлықтың салдарынан бөлек, балалардың психикасын бұзатын, отбасының шырқын бұзатын шаралардың алдын алуды жолға қою керекпіз. Себебі, болашақ жас жеткіншектер отбасында көріп өскен «үлгісін» кейін қайталуы мүмкін. Ол үшін отбасылық құндылықтарды дәріптеп, мектептерде құқықтану негіздері пәнін бірінші сыныптан бастап енгізу керек. Сонда ғана құқықтық сауаты бар, еркін ұрпақ тәрбиелейміз.  

Бұл заңның басты мақсаты – отбасыны екіге айырып, балаларды жетім қылу емес, керісінше, тұрмыстық жанжалдарды тоқтату, ерлі-зайыптыларды бір-бірін түсінуге шақыру. Үй ішіндегі зорлық-зомбылық өте қорқынышты жағдай. Себебі, онда бейнебақылау орнатылмаған, куәгер жоқ. Көшеде орын алған қылмыс кезінде жәбірленуші айқайласа да көмек сұрайды. Ал үйдегі ахуал мүлдем бөлек. Сондықтан осындай ауыр қылмыстарды уақытында тоқтатуымыз қажет. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың жазасы қатаң болуы тиіс.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан