Бұл вирусты таратушы – көбіне жабайы үйректер
Қызылжар өңірінде құс тұмауы өршіп тұр. Өңірдің жеті ауданында карантин шаралары енгізілмек. Жұқпалы дерттің қалай алдын алуға болады, оның таралу жолы қандай, құс өнімдерін тұтынуға бола ма? Көпті мазалаған сауалдарды Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженоваға қойған еді.
- Толқын Шериязданқызы, құс тұмауының таралу жолдарына тоқталып өтсеңіз. Вирус бізге көршілес Ресей мемлекетінен келуі мүмкін бе?
- Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Дегемен, бұл індет құстар арасында тез таралады. Құс тұмауы – А типті тұмау вирусы штамдарының бірімен байланысты құстар мен адамның жіті вирустық инфекциясы. Бұл инфекцияны құстардың көптеген түрі қабылдағыш келеді. Көбіне оны таратушы – жабайы үйректер. Олар көлден-көлге ұшып жүретіндіктен, вирусты таратуы әбден мүмкін. Өздері аталған инфекцияға соншалықты сезімтал емес. Ал үй құстары: тауық, күркетауық, қаз және үйректер құс тұмауын тез жұқтырады. Адам құс тұмауы вирусын жұқтыруда соңғы буын нысан. Осы күнге дейін бұл вирустың адамнан адамға жұғуы тіркелмеген.
- Вирус жұқтырған құстарда қандай белгілер байқалады?
- Ауру қоздырушы, яғни вирус тасымалдаушылар – жабайы құстар, ауру үй құстары. Қанаттыларда сырқаттың жасырын кезеңі үш күннен жеті күнге дейін жетуі ықтимал. Ауру жұқтырған құстарда ұйқыбастық, қайта-қайта түшкіру, кеудесінде сырылды тыныс алу, айдарлары мен сырғалықтарының көгеріп кетуі, көздері былшықтанып, жасаурауы, жүндерінің үрпиюі, мойын, аяқтарының сал тартуы, басы мен мойнының ісінуі, теңселіп жүруі, ішінің өтуі, жұмыртқалауының азаюы немесе мүлдем тоқтауы байқалады. Құстар бұл сырқаттан 24-72 сағат ішінде өліп қалуы да мүмкін.
- Ауру адамға қалай жұғады?
- Жабайы құстармен, ауырған үй құстарымен қатынаста болу, термиялық дұрыс өңделмеген ауру құстың ет өнімдерін жегенде жұғуы мүмкін. Адамдарда инфекцияны жұқтырған мезеттен алғашқы белгілері білінгенге дейінгі мерзім үш күннен аспайды. Ауру белгілері кәдімгі тұмау белгілеріне ұқсас: дене қызуының көтерілуі, тоңу, бұлшық еттің ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы, кейде көз іріңдеп, конъюктивит байқалады. Одан кейін науқаста өкпе-жүрек жетіспеушілігі, өкпенің ісінуі, геморрагиялық өкпе қабынуы туындауы мүмкін. Сондай-ақ тамырлар жұмысының бұзылуы, іштің өтуі (сұйық болуып – авт.), жиі құсу, тіпті ми қабынып, ісінуі мүмкін. Құс тұмауы кезінде адамдарды емдеу тәсілі - кәдімгі тұмау емінен айырмашылық жоқ.
- Құс тұмауының алдын алу үшін қандай шаралар қажет?
- Құс тұмауының алдын алу үшін үй құстарын жабайы құстармен жақындастырмай, оқшау ұстау керек. Құс өсіретін шаруашылықтарға індет бойынша қолайлы аймақтардан ғана құс әкелу ұсынылады. Жаңадан әкелінген 10 күнде оқшаулап, жағдайын бақылауда ұстау артық етпейді. Құстардан ауру белгілері мен өлген құстарды байқағанда тез арада мемлекеттік ветеринарлық қызметке хабарлау қажет. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті түрде санитарлық жағдайды – әрдайым тазалау, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз еткен дұрыс. Құстарды бағуға арнайы бөлінген киім мен аяқ киімдерді қолданып, оларды тазалап, жуып отыру керек. Құстарды қоректендіруге тек сапалы және қауіпсіз жемді қолдану қажет. Құстың жемін сақтау және қоректендіргенде синантропты құстардың, мәселен, торғайлар, көгершіндердің қонуына жол бермеу керек. Олар да вирусты тасымалдауы мүмкін.
- Құс тұмауы тіркелген аймақтарға бару қаншалықты қауіпті?
- Құс тұмауы тіркелген елдерге барғанда, зақымданған құстармен қатынасатын орындар – саябақтар, базарлар, құс фермаларына бармауды; шетелдік туристік сапарлардан экзотикалық құстарды әкелмеуді ұсынамыз. Құс тұмауы эпизотиясы тіркелген аумақтарда құс еті мен жұмыртқаларды жабайы түрде сауда жасайтын орындардан алу қауіпті. Сусын ретінде тек бөтелкедегі немесе қайнаған суды пайдалану қажет. Қолды жиі жуу, бетперде кию, бірреттік ылғалды майлық қолдану ұсынылады. Тұмаудан, оның ішінде құс тұмауынан қорғанудың тиімді тәсілі – вакцинация. Аурудың алғашқы белгілері білінсе, дереу дәрігер көмегіне жүгініп, диагнозын анықтап, уақытылы ем алған абзал. Емделуді кеш бастаса, бұл асқынуға әкелуі мүмкін. Ең дұрысы – жоғарыда аталған сақтық талаптарын барынша сақтау. Әрине біз жағдайды түгелдей бақылай алмаймыз. Дегенмен, кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарау шарт. Абзалы, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын табу деп білемін. Маман ретінде көпшілікке осыны естен шығармауға кеңес беремін. Әрбір денттен сақтанудың өз жолы, әдістері бар.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО