Америкалықтар қазақ әйелдері туралы (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақ отбасыларының күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысқан бір топ америкалық турист әсерлерімен бөлісті

«Frendship Force» мәдени алмасу бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласына АҚШ-тан бір топ еріктілер келді. Әлемде 1979 жылдан бері  жұмыс істейтін бағдарлама мақсаты саяхаттау арқылы түрлі ұлттар мен ұлыстарды тану және мемлекеттер арасын жақындастыру. Бір ерекшелігі, туристер қонақ үйге тоқтамайды. Жергілікті жердегі отбасылардың үйіне қонақтайды. Сөйтіп, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен жете танысады. Нұр-Сұлтан арқылы Оңтүстік Кореяға бет алған америкалықтар қазақтарды алғаш рет көрген. Бір топ турист «Azattyq Ruhy» тілшісімен алған әсерлерімен бөлісті.

- СІЗ КӨПТЕГЕН АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ БІЛМЕЙТІНІН АЙТТЫҢЫЗ?

Сurtis Zerr:

- Иә, ол рас. Америкалықтар Қазақстан жайлы өте аз біледі. Бірақ мен елге қайтқан соң, Нұр-Сұлтанның гүлденіп, халықаралық деңгейдегі шаһарға айналып жатқаны туралы міндетті түрде айтамын. Бұл жердің тұрғындары өте ақылды, мейірімді екен. Қытай мен Ресей сияқты алып елдер арасында орналасу оңай емес. Соған қарамастан Қазақстан билігі қыруар шаруа атқарды.  Бұрынғы Жібек жолын жандандырды. ЕуроОдақ елдерімен, Ресеймен, Қытаймен сауда-саттық дамитынына сенемін. АҚШ та өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.

... Бір қызығы – біз ұшақ билетін «Астанаға» алғанбыз, бірақ Нұр-Сұлтанға келдік. Қаланың атын наурыз айында ауыстырып жіберіпті. Бұл бір таңғаларлық жәйт болды.

Steve Dunn:

- Мен осы елде өте ақылды, жігерлі, тәрбиелі әйелдерді көрдім. Оларға ер адамдармен тең мүмкіндіктер беріліп, лайықты құрметке ие болғаны дұрыс. Себебі олар шынымен мықты, қолдарынан іс келетін жандар. Әйелдеріне қатал қарайтын дәстүрлі отбасыларды да байқадық. Ол да жөн шығар. Бірақ, қазақ әйелдері де кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік алу керек деп есептеймін.

Сurtis Zerr:  

- Мен де өте білімді әйелерді кездестірдім. Мүмкін әйелдерді қоғамдық істерге көбірек араластырса, ел бұдан да қарқынды дамитын шығар.  Оларға ерлермен бірдей мүмкіндік, уақыт берілуі керек.

- АҚШ-ҚА  КӨШКІСІ КЕЛЕТІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТУРАЛЫ НЕ АЙТАСЫЗ?

Steve Smith:

- Әрине  қазақтарды әрқашан құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Бірақ сіздерге осы елде, осы жерде  мол мүмкіндік бар. Қараңызшы, бәрі өте жылдам дамып жатыр. Қалай ғана осыны байқамауға болады?!

- ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗІҢІЗ БАРҒАН ҚАЙ ЕЛМЕН САЛЫСТЫРАР ЕДІҢІЗ?

Lynn Harrington:

- Қазақстанның Ресеймен ұқсас тұстары өте көп. Себебі бұл ел талай жыл Ресейдің ережелерімен өмір сүрді. Қонақжайлылық, құндылықтар сәйкестігі анық байқалады.

Steve Dunn:

- Мен Қазақстан туралы алғаш естігенде бірден түр-тұрпаты орыстар сияқты шығар деп ойладым.  Өйткені, Ресейдің құрамында болдыңыздар ғой. Осында келіп, адамдармен кездесіп, қаланы аралап көрген соң, Қазақстан жайлы шынымен ештеңе білмейтінімді ұқтым. Қазақтардың ежелден отбасы құндылықтарын құрметтейтінін естігенмін. Сол тарихи ерекшеліктің әлі күнге сақталып келе жатқаны таңғалдырды.

- АЛ ОСЫНДАҒЫ «ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС» ОТБАСЫЛАР ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАЙСЫЗ?

Steve Dunn:

- Мен оларды бұл жерден кездестіргем жоқ. Бірақ бар деп ойлаймын. Гомосексуалдардың некелесуі бүкіл әлемде кең таралған ғой. Біз тек үбірлі-шүбірлі отбасыларды көрдік. Балалары өте бақытты. Әрине, осындай дәстүрлі отбасы болғаны құба-құп. Бірақ бір жынысты  жанұялардың құрылуы да жаман емес.

Сұхбаттасқан - Абай Сейфуллаұлы