Қойдан көп төл аламыз деп салмағын азайтып алған: ғалым Әбдірахман Омбаев кеңестік тәжірибені еске алды

Автор: Тәжібай Әлия

Сонымен қатар малды шетелден ересек ке­зін­де әкелгеннен гөрі, жас кезінде әкелген дұ­рыс екенін айтады

Фото: Azattyq Rýhy

Бұрын қаракөл қойының төлділігін арттыру үшін қолданылған биологиялық препараттар малдың салмағын 15-20 пайызға дейін төмендеткен. Сондықтан 1988 жылы оны пайдалануға шектеу қойылды. Көп төл алуға бағытталған тәжірибенің кері әсері туралы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдірахман Омбаев Turkistan.kz-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

– Әбдірахман Молданазарұлы, кеңестік кезеңде ауылда өсіп, білім алған қазақ жастарын мектеп бітірген соң бірден жоғары оқу орындарына жібермей, мал шаруашылығы саласында бір-екі жыл еңбек етуге міндеттейтін. Соның салдарынан көп жастың жоғары білім алуға ынтасы өшіп, ауылда қалып қойса, біразы мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарына түсуге талпынатын. Сіздің мамандық таңдауыңызға не әсер етті?

– Айтып отырғаның рас, кеңестік кезде сон­дай бір науқан болды. Бір жағынан, ауыл еңбекшілерінің қатары сиреп қалмасын деген мақсат көзделсе, екінші жағынан, қазақ жастарының жоғары білімді маман болуын қаламайтын қитұрқы саясат екені байқалып тұратын. Дегенмен ол заманда қазақтың көбі ауылда тұрып, ата кәсібі – мал шаруашылығымен шұғылданды. Сондықтан зооветеринар мамандарға қажеттілік болғаны түсінікті.

Қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты бұрынғы Қарақұм, бүгінгі Шәмші Қалдаяқ ауылында дүниеге келдім. Мал өсірудің жайын біліп өстім. Мен туған ауылда алғашында түйе шаруашылығы дамыса, кейін қаракөл қой шаруашылығына басымдық берілді. Әкем Қарақұм ауылында бөлімше меңгерушісі болды. Қайда барса да, малға жақын болсын, шаруашылықтың жайын бала кезінен білсін деп мені қасынан тастамай, ертіп жүретін.

Сегізінші сыныптан бастап болашақ ма­мандығым туралы ойлана бастадым. Ауылға барып, мал шаруашылығында еңбек етуді армандадым. Сол мақсатпен 1966 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1971 жылы тәмамдадым. Оқуды бітірген соң жолдамамен Шымкенттегі Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жіберілдім. Сөйтіп, тағдыр мені ғылым жолына алып келді.

– Ғылымға алғаш қадам басқан кезіңізде ғылыми-зерттеу институтының жағдайы қандай еді?

– 1971 жылдың 1 шілдесінде институтқа аға лаборант болып жұмысқа орналастым. Ол кезде ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына небәрі тоғыз жыл болған екен. Ғы­лымдағы еңбек жолымды ең төменгі са­тыдан бастадым. Аға лаборанттан кейін кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, кейін институт директоры қызметтеріне дейін көтерілдім. Ғылымда әрбір сатының өзіндік жауап­кер­шілігі, үйретері бар. Солардың бәрінен өттім.

1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкіл-одақ­тық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының аспирантурасында білім алдым. 1977 жылы, 28 жасымда, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кан­ди­даты атандым. Ғылыми ізденісімді тоқтатпай, зерттеулерімді жалғастыра бердім. 1991 жылы, 42 жасымда, ғылым докторы дә­режесін алдым. Ғылым докторы атан­ға­ны­ма да 35 жылға жуықтады.

– Бірер жыл аудан әкімі болған кезіңіз де бар. Ғылым жолында жүрген сізге мұндай қызметтің ұсынылуына не се­беп болды?

– 1992 жылы қоғам қайраткері Марс Үркімбаев Оңтүстік Қазақстан облысының бас­шысы болып келді. Сол кезде ол кісі тех­ника ғылымдарының докторы, ҚР Инженер ака­демиясының академигі еді. Өзі ғалым бол­ған соң ғылым адамдарын билікке тар­тып, елге пайдасын тигізсін деген ойы болса керек. Басшылыққа келгеніне көп өтпей мені шақырып алып: «Әбеке, сіз ғылым адамысыз. Созақ ауданының әкімі болып барсаңыз қа­лай болады? Бұл – мал шаруашылығы дамы­ған, қаракөл қойы мен түйе өсіретін үлкен аудан. Мұнда жарты миллионға жуық қара­көл қойы, он сегіз мың түйе бар. Сіздің білі­міңіз бен тәжірибеңіз елге керек» деген ұсы­ныс айтты. Мен оған: «Мен ғылым док­то­рымын. Үш аспирант тәрбиелеп шығар­дым. Тағы екі аспирант дайындасам, профессор боламын» деп едім. Сонда ол кісі: «Әбеке, заман өзгерді. Жаңа әкімшілік жүйе қалып­та­сып жатыр, бұрынғы партиялық құрылым жоқ. Мен де Оңтүстікке – атажұртыма келіп қызмет етіп жүрмін. Сіз де ата-бабаңыздың ме­кеніне барып, елге қызмет етсеңіз дұрыс болар еді», – деді. Сөйтіп, Созақ ауданын екі жыл­дай басқардым.

– Бірақ көп ұзамай ғылымға қайта оралдыңыз...

– Иә. Оған себеп болған Қазақ ауыл шаруа­шылығы академиясының президенті, академик Ғани Әлімұлы Қалиев еді. Ол маған: «Әбдірахман, сенің орның – ғылымда. Сен ғылым докторысың, осы саланың бар­лық сатысынан өттің. Қаракөл шаруа­шы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институтында талай жыл еңбек еттің. Енді сол институтқа дирек­тор болып қайта баруың керек», – деді. Ол кісі облыс әкімімен ақылдасып барып, маған ұсы­ныс жасаған екен. Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын он сегіз жыл бас­қардым. Бұл кезеңде Қазақстандағы қара­көл қойының саны азайып, саланың бұрын­ғы бағыттағы дамуы қиындай бастады. Сон­дықтан институттың жұмысын заман та­лабына сай қайта бағдарлау қажет болды. Мен институтты тек қаракөл шаруа­шы­лы­ғы­мен шектемей, оның ғылыми әлеуетін кеңі­нен пайдалануды ұсындым. Сөйтіп, оны «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институты» бағытына кө­шіру мәселесін көтердім.

Бұл оңай шаруа болған жоқ. Мәселені Үкі­мет деңгейінде көтеріп, Премьер-ми­нистр­ге дейін кіріп жүріп, қажетті шешімнің қабылдануына күш салдым. Бүгінде сол институт Шымкент қаласында жұмыс істеп тұр. Мұны өзімнің ғылыми-ұйымдастырушылық қызметімдегі маңызды жұмыстардың бірі деп есептеймін.

2011 жылдың 27 желтоқсанында сол кез­дегі ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің ұсынысымен Ал­ма­тыдағы Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтына бас­шы болып келдім. Мұнда 42 ғылым док­торы, 75 ғылым кандидаты, 2 академик және 2 кор­респондент-мүше еңбек ететін. Ғылыми әлеуеті зор ұжыммен ортақ тіл табысып, жұмысты бірлесе ұйымдастырдық. Нәти­же­сін­де, зерттеу жұмыстары жаңа қарқын алды.

2018 жылы зейнетке шығып, үйде отыр­ға­ныма екі айдай болған кезде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполовтың өтінішімен ректордың кеңесшісі әрі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі болдым. Бұл – қазіргі зооинженерия кафедрасы. Кейін университет ректоры ауыс­қан соң, Ақылбек Күрішбаев та менің тәжірибемді қажет деп тапты. Мен жасым­ның келгенін, біраз шаршағанымды айтқа­ным­да, ол кісі орталық директоры емес, же­тек­шісі болып қалуымды ұсынды. Қазір де осы орталыққа жетекшілік етемін.

Сонымен қатар университетте және республика көлемінде мал шаруашылығы ба­ғытындағы докторлық және PhD дис­сер­тацияларды қорғауға арналған ғылыми кеңестің төрағасымын. Жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарын саралап, олардың ізденістеріне бағыт-бағдар беріп отырамын.

2024 жылы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылып, оның президенті болып университет рек­то­ры Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев та­ғайын­­далды. Ол кісі мені шақырып алып, ака­­демияда төрт ғылыми бөлімше құры­ла­тынын айтты. Соның бірі – агробиоресурстар және экология бөлімшесі. Маған осы бөлім­ше төрағасының орынбасары қызметін ұсын­ды. Қазір осы бағытта да еңбек етіп жүр­мін.

Ғылыми жетекшілік жасап, тоғыз ғылым докторын, жиырма тоғыз ғылым канди­да­тын, сондай-ақ төрт-бес PhD докторын және он бір магистрантты дайындауға атса­лыс­тым. Ғылымда шәкірт тәрбиелеу – өте үлкен жауапкершілік. Өйткені сенің бастаған ісіңді жалғастырып, ғылымның жаңа белестеріне көтерілетін солар.

Бүгінде 523 ғылыми еңбегім, он жетіден астам кітабым мен монографиям жарық көрді. 67 патентім бар. Еңбектерімнің басым бөлігі мал тұқымын асылдандыру, қаракөл қойын өсіру, мал өнімділігін арттыру мә­се­ле­леріне арналған.

– Сіздің ғылыми қызметіңіз Қазақ­стан­мен ғана шектелмегені белгілі. Моң­ғолиядағы жұмыстарыңыз туралы да айтып өтсеңіз.

– Кеңес дәуірінде, 1970-1980 жылдары Моң­ғолияда үлкен ғылыми жоба жүзеге асы­рылды. Оның мақсаты – қаракөл ша­руашылығын дамыту және қаракөл елті­рі­сінің сапасын арттыру болатын. Сол жобаға ғы­лыми жетекшілік жасау маған тапсырыл­ды. Ол кезде жиырма сегіз жаста едім.

Жоба аясында зерттеулер жүргізіліп, ал­ға қойылған міндеттер орындалды. Моң­ғо­лия тарапынан еңбегімізге жоғары баға бе­рі­ліп, алғыс хаттар, медальдар табысталды.

2010 жылы Халықаралық ауыл шаруа­шы­лығы конференциясына қатысу үшін Моңғолияға қайта бардым. Сол елдің Ауыл шаруашылығы академиясының президенті мені бұрынғы ғылыми жұмыстарым арқылы таныпты. «Сіз 1977-1980 жылдары Моңғо­лия­да еңбек етіпсіз ғой» деп ілтипат білдіріп жат­ты. Мені арнайы қарсы алып, Ауыл шаруа­­шылығы министрлігіне апарды. Сол жерде Моңғолияның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегім үшін құрметті атақ берілді. Кейін, 2013 жылы, Моңғолия Ауыл шаруа­шы­лығы академиясының академигі атандым. Мұ­ның барлығы – бұрынғы ғылыми ең­бек­тердің халықаралық деңгейде мойын­далуы­ның белгісі деп санаймын.

Ірі ғылыми жұмыстарымның бірі – Ор­да­басы қой тұқымын шығаруға қатысуым. Бұл бағыттағы зерттеулерім арнайы ең­бек­терімде толық жазылған. Қазақстанда ақ түс­ті қаракөл қойын шығаруға да атса­лыс­тым. Бұрын қара түсті қаракөл қойы басым болатын.

Мал тұқымын асылдандыру дегеніміз – бір ғана түсті өзгерту емес. Оның тұқымдық қа­сиетін, өнімділігін, өміршеңдігін, табиғи ор­таға бейімділігін қатар сақтау керек. Мұ­ның бәрі ұзақ жылдық ғылыми ізденісті қа­жет етеді.

Тағы бір ерекше зерттеу бағытым – ақ түйе. Ғылыми зерттеу үшін ақ түйелердің арнайы табынын қалыптастырдым.

– Еңбектеріңіз өзге елдердің жоғары оқу орындарында да оқытылып жүрген көрінеді. Самарқандағы оқиға соның бір дәлелі болса керек?

– Иә, бір қызық жағдай болды. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясы – зоотехния ғылымы саласында бұрыннан танымал оқу орындарының бірі. Бірде сол академияға барған Самарқандағы ветеринария, мал шаруашылығы және биотехнология бағытындағы университеттің ректоры дәріске қатысыпты. Профессор қаракөл шаруашылығы туралы жақсы дәріс оқыпты. Дәрістің соңында «Біздің дәрісіміз қазақстандық ғалым Омбаевтың кітабы не­гізінде жасалды» деп менің кітабымды көр­сетіпті. Бұған таңданған ректор Самарқанға оралған соң ғалым-оқытушыларды жинап: «Қаракөл шаруашылығының отаны – біздің өңір. Ал Мәскеуде дәріс қазақстандық ғалым Омбаевтың кітабы бойынша өтіп жатыр. Бұл қалай?» деп сұрапты. Ол кезде сол универ­си­тет­тің бір профессоры: «Ренжімеңіз, ол кісі – біздің ұстазымыз. Қаракөл шаруашылығын зерт­теген, бұл салада үлкен еңбек сіңірген ға­лым» деп жауап берген екен. Осы оқиғадан кейін мені Самарқанға шақырды. 2024 жыл­дың күзінде сол университеттің құрметті про­фессоры атандым. Ғалым үшін өз ең­бе­гінің басқа елдің оқу орнында пайдаланылып, жас ұрпаққа білім беруге қызмет етуінен ас­қан мәртебе жоқ деп ойлаймын.

– Енді негізгі ғылыми бағытыңызға ойыс­сақ. Кеңес дәуірінде Қазақстандағы қой санын елу миллионға жеткізу тура­лы ұран болғаны белгілі. Алайда бұл мақсат неге толық жүзеге аспады?

– Қазақ халқының ежелгі тіршілік көзі, ата кәсібі – төрт түлік мал. Қазақстанның же­расты байлығы бар, егін шаруашылығы бар. Бірақ тарихи тұрғыдан қарасақ, қазақ­тың дәстүрлі шаруашылығы – мал өсіру.

Кеңес дәуірінде қой санын елу мил­лион­ға жеткізу туралы ұран көтерілді. Алайда мұн­дай меже белгілемес бұрын жердің таби­ғи мүмкіндігін, жайылымның өнімділігін, өсімдік әлемінің жағдайын жан-жақты зерт­теу керек еді.

Мен бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қа­ра­дым. Табиғаттың тепе-теңдік заңы бар. Оны адам баласы ешқашан естен шығармауы керек. Күн мен түн, ақ пен қара қандай өзара үйлесімде болса, өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесі де сондай табиғи тепе-теңдікте болуы қажет. Егер осы тепе-теңдік бұзылса, ақы­рында табиғаттың өзі зардап шегеді.

Тарихқа қарасақ, 1887, 1914, 1928 жыл­да­ры елімізде үлкен жұттар болған. Одан кейін де мал шығынына әкелген ауыр кезең­дер кездесті. Әсіресе, 1969 жылғы қатты суық пен жұт мал басының күрт азаюына себеп болды. Мұның бір себебі – жайылымның та­биғи мүмкіндігін ескермей, мал басын шек­тен тыс көбейту. Өсімдік әлемі жануар­лар дүниесін қажетті қорекпен қамтамасыз ете алмай қалса, табиғи жүйе бұзылады. Оның үстіне жануар дегеніміз тек үй малы емес. Жабайы аңдар, тышқандар, түрлі тір­ші­лік иелері де сол жердің өсімдік қорын пай­даланады.

Қазақстанда 187 миллион гектар жайы­лым бар. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде бе­сінші орындамыз. Бірақ жайылымның бә­рін бірдей өнімді деп қарастыруға бол­май­ды. Оның 126 миллион гектары шөлді және шө­лейтті аймақтарға жатады. Ол жерлерде өсімдік жамылғысы сирек, табиғи қорек шек­теулі. Мұндай жайылымдарда қаракөл қойын, қазақы қойды, жылқы мен түйені өсі­руге болады. Ал сиыр малының қоректік қа­жеттілігі басқа. Оны шөлейт жайылымға көп­теп жіберіп, жоғары өнім аламыз деу қиын.

Сондықтан, менің ойымша, Қазақстан үшін отыз миллион қой – табиғи мүмкін­дік­терге сай келетін меженің бірі. Әрине, елу миллионға жеткізуге де болады. Бірақ ол үшін жайылымды жақсарту, мал азығын дайын­дау, жердің өнімділігін арттыру қажет. Ең бастысы – өткен тәжірибені зерттеп, ғы­лыми негізделген шешім қабылдау.

– Демек, мал санын көбейту ғана емес, оны өсіру технологиясын жетіл­діру де маңызды ғой?

– Әрине. Біздің кезімізде малды қашыру­дан бастап, төлді өсіріп, одан өнім алуға дейін­­гі бүкіл технологияны ғылыми тұрғы­дан зерттедік. Малдың төлдеу кезеңі, төлдің кү­тімі, азықтандыру, өсіру, өнім алу – бәрінің өзін­дік технологиясы бар. Бүгін де сол ғы­лыми тәжірибелер қажет. Мемлекеттік шаруа­шылықтар бұрынғыдай болмаса да, же­ке кәсіпкерлер ғылыммен байланыс ор­на­тып жатыр. Мысалы, түйе санын бес мың­нан асырып, әлемнің ең үлкен түйе керуені номинациясымен Гиннестің рекордтар кітабына енген Сыдық Дәулетов деген кәсіпкер бар. Бұл жетістік шаруашылық бас­шысы Сыдық Әбуұлының жеке еңбегінің нәтижесі ғана емес, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуінің арқасы. Ол қай жерде мал өсіруге болатынын, қандай жағдайда қандай тұқымды ұстау керегін мамандармен ақыл­дасады. Ғалымдардың ұсыныстарын тәжіри­беге енгізеді. Сол сияқты Алакөл жақта Бауыр­жан Оспанов деген азамат үлкен шаруа­шылық құрған. Төрт түлік мал өсіріп, оны дамытудың технологиясын қалып­тас­тырып жатыр. Мұнда да бұрын менің қо­лым­да еңбек еткен ғалымдар, шәкірттерім жұ­мыс істейді.

Ғылым мен өндіріс бір-бірінен ажыра­мауы керек. Ғалым зертханада зерттеу жүр­гі­зіп қана қоймай, оның нәтижесінің нақты шаруашылықта қолданылуына да мүдделі болуға тиіс. Қазіргі Президент жанындағы Ұлт­тық ғылым академиясының құрылуымен бұл бағытта жаңа өзгерістер басталды. Бұ­рын жүргізілген ғылыми зерттеулерге қайта тал­дау жасалып, олардың қайсысы бүгінгі күн­ге қажет, қайсысын дамыту керек деген мә­селелер қарастырылып жатыр. Бұрын әр­кім өз ұсынысын жасап, кейде орындалған зерт­­теулерді қайталап жататын. Енді ғы­лы­ми ізденістерді жүйелеуге, ортақ бағыт қа­лып­тастыруға мүмкіндік туып отыр. Бұл бо­ла­шақта үлкен нәтижеге жеткізеді деп ойлаймын.

– Мал санын көбейту демекші, бір кез­де қаракөл қойының төлділігін арт­тыру үшін түрлі тәжірибелер жа­сал­ғанын естиміз. Солардың тиімділігі қан­дай болды?

– Иә, бұрын қаракөл шаруашылығында қой­дың төлділігін арттыру үшін арнайы био­логиялық препараттар қолданылған. Со­ның бірі – СЖК. Ол буаз биенің қанынан алы­натын препарат болатын. Құрамындағы био­логиялық белсенді заттар аналық мал­дың жыныстық қызметін қоздырып, бірнеше төл алу мүмкіндігін арттыратын. Бірақ таби­ғат­тың өз заңы бар. Көп төл алынғанымен, осын­дай тәжірибелердің салдарынан қара­көл қойының салмағы 15-20 пайызға дейін төмендеген жағдайлар болды. СЖК арқылы алынған қозылардың бірқатары ұсақ болып туды. Ал біз олардың ішінен болашақ аналық және аталық мал қалдырамыз. Демек, мұн­дай малдың ұрпағы да өнімділік жағынан әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан 1988 жылы бұл препаратты пайдалануға қатысты ар­найы үкіметтік шешім қабылданып, қол­дануға шектеу қойылды. Оны тек кәрі ана­лық малға белгілі бір мақсатта қолдануға рұқ­сат етілді.

Менің айтарым – мал шаруашылығында табиғилықты сақтау керек. Өнімділікті арт­тыру жолында малдың дене бітімін, төзім­ді­лі­гін, тұқымдық қасиетін әлсіретіп алмауы­мыз қажет. Көп төл алу – өз алдына мақсат емес. Ең бастысы – сапалы, өміршең, келе­шек­те жақсы тұқым беретін мал өсіру.

– Қазір шетелден асыл тұқымды қой­лар мен басқа да мал түрлері әке­лі­ніп жатыр. Оларды Қазақстан жағдайы­на бейімдеу қаншалықты қиын?

– Мал әкелу, тұқым алмастыру, асыл­дан­дыру жұмыстары әрқашан жүріп жатады. Бірақ мұндағы ең басты мәселе – жерсіну. Шет­елден әкелінген мал жаңа табиғи ортаға бейім­делуі керек. Мысалы, малды ересек ке­зін­де әкелгеннен гөрі, жас кезінде әкелген дұ­рыс. Өйткені жас мал жергілікті климатқа, жайылымға, суға, азыққа біртіндеп үйренеді. Әрине, жерсіндіру кезінде белгілі бір шығын болуы мүмкін. Бірақ сол ортада өскен ұрпа­ғы жергілікті жағдайға жақсы бейімделеді.

Әсіресе, ірі денелі асыл тұқымды малды жер­сіндіру оңай емес. Сырттан әкелінген малдың көлеміне немесе салмағына ғана қа­рап шешім қабылдауға болмайды. Оның жергілікті жайылымда қалай өсетіні, қандай өнім беретіні, ұрпағының сапасы – бәрі зерт­телуі керек.

– Еділбай, арқар-меринос, қазақы қой тұқымдарының ерекшелігі неде?

– Еділбай қойы – қазақтың бренді деуге бо­лады. Бұл – халықтық селекция арқылы қа­лыптасқан, қазақ даласының табиғи жағ­дайы­на бейімделген қой тұқымы. Оның нақ­ты қай кезеңде пайда болғаны, неліктен Еділ­бай аталғаны жөнінде тарихи деректер әр­түрлі. Бірақ бұл тұқымның атадан балаға жал­ғасып келе жатқаны анық.

Еділбай қойы Қазақстанның көптеген өңіріне жерсінген. Қазақы қоймен салыс­тыр­ғанда, оның құйрығы ірі, еті молырақ. Әлем­дік деңгейде де жоғары бағаланған тұ­қымдардың бірі. Құйрық майы мен тірілей сал­мағы жағынан гиссар қойынан кейінгі орын­дардың бірінде тұрады.

Біздің ата-бабамыздан қалған дәстүрлі мал тұқымдары аз емес. Еділбай қойы, қаза­қы қой, жабы жылқысы, адай жылқысы, тү­рік­меннің аруана түйесі секілді тұқымдар – өңіріміздің табиғатына бейімделген мал түр­лері. Қазақтың өз ешкілері де болған. Ал ар­қар-меринос қойы кейінгі ғылыми се­лекцияның нәтижесінде пайда болды. Өткен ғасырдың қырқыншы-алпысыншы жылдары биязы жүнге сұраныс жоғары болды. Сол кезде жүн сапасын жақсарту мақсатында ар­қар мен меринос қойын будандастыру ар­қылы жаңа тұқым шығарылды.

Меринос қойларының негізі жергілікті қойларды Ресей мен Англиядан әкелінген қош­қарлармен асылдандыру арқылы қа­лыптасты. Бұл жұмыстар бірнеше онжылдыққа созылды. Қазақстан ғалымдары осы бағытта үлкен еңбек сіңірді. Бірақ уақыт өте келе жүнге деген сұраныс өзгерді. Бұрын бия­зы жүн өте қажет болса, қазір мал шаруа­шылығында ет өндіруге басымдық беріліп отыр. Соның салдарынан кейбір қой тұқым­да­рының саны азайды.

– Мемлекет басшысының ауыл шар­уа­шылығы, соның ішінде мал шаруа­шы­лығы жөніндегі бастамаларына қан­дай баға бересіз?

– Мен Мемлекет басшысының бұл салаға қа­тысты пікірлерін мұқият қадағалап отырамын. Осыдан екі жыл бұрын мал шаруашы­лы­ғына бет бұру қажеттігін айтқан еді. Өткен аптада Ауыл шаруашылығы еңбеккер­ле­рі­нің III форумында да осы мәселеге арнайы тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналы­са­тын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұл­ғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға ба­са назар аударылатын болды. Жаңа ферма­лар мен бордақылау алаңдары салынып жа­тыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды. Енді осы өндіріс орын­дары­ның тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қа­жетті жағдай жасау керек.

Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қа­мтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мә­­селесі де шешімін табуға тиіс. Жайы­лым­дар­дың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөл­ген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек. Бұған қоса, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет.

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет» деп атап көрсетті.

Бұл – елімізде мал шаруашылығын өр­кен­­детуге мемлекеттік деңгейде көңіл бө­лі­ніп отыр деген сөз. Енді осы бағытта көп жұ­мыс атқарылуға тиіс. Біз шикізат өндіре­міз, бірақ оны терең өңдеу жағы әлі де жет­кіліксіз. Бұрын өндірілген өнімнің көп бөлігі сыртқа шығарылып, оны өңдеуден түсетін негізгі пайда басқа орталықтардың қолында болды. Қазақстан өз шикізатын өндіріп қана қоймай, оны өзі өңдеп, дайын өнім шығаруы керек. Демек, елімізде мал шаруашылығын кү­шейту қашанда басты стратегиялық ба­ғыттардың бірі болып қала береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: