Зейнетақы қорындағы қаражат арқылы баспана алу мүмкін бе? (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаевтың тың ұсынысына байланысты сарапшы пікірі

Экономист Расул Рысмамбетов

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану туралы Үкіметке берген тапсырмасы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Президент жолдауында айтылған бастамаға байланысты ел арасында «Зейнетақы қорындағы ақшамен баспана алу мүмкін бе?», «Қаражаттың қанша пайызы беріледі?» деген сияқты сұрақтар көп. Осы мәселеге байланысты «Азаттық рухы» тілшісі белгілі экономист Расул Рысмамбетовтың пікірін білді.

- Тоқаев зейнетақы қорындағы ақшаны ипотека немесе білімге жұмсауға рұқсат беруді ұсынды. Ол үшін жеке тұлғалардың қорында қанша қаржы болу керегі әзірге белгісіз. Зейнетақы қорында 5 млн-нан астам жинағы бар қазақстандықтар  саны 5 пайызға да жетпейді. Олар баспанаға мұқтаж емес топ.  Мәселен, жеке тұлғаның қорда жинаған 2 млн теңгесі бар делік. Егер оның 1 млн теңгесін алуға рұқсат берса, бұл қаржы түкке де жетпейді. Сондықтан, бастаманың іске асуы екіталай, - дейді экономист. 

Расул Рысмамбетов зейнетақы қорындағы ақша арқылы құрылыс секторын қолдауға қарсы.

- ТҚЖБ, «Баспана» және ҚИК сынды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қаржылай қолдауға зәру.  Бірақ, бүгінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жалпы экономикаға серпін беруге қауқарсыз. Өйткені, құрылысқа қажетті өнімнің 50 пайызын шетелден импорттайды. Егер ол отандық өнім болса, ішкі нарықта алыс-беріс артар еді. Осыдан 15 жыл бұрын Назарбаев мультипликативті эффект туралы айтқан. Қазақстандық құрылыс компаниялары отандық цемент, арматура, әрлеу материалдарын сатып алу керек деген. Нарықта қазір мұндай айналым жоқ. Яғни, тұрғын үй бағасы импорт пен доллар бағамына тәуелді.

Экономист бұл мәселені шешу үшін басқа жолдар ұсынуға болатынын айтады. Айтуынша, алдымен инвестициялық пай қорларын құру керек. Бірақ, ол мемлекеттің бақылауында болуы тиіс.

Құрылыс компанияларына құйылған қаражат қаншалықты тиімді? Олар бұған түсініктеме беруі тиіс. Әйтпесе, мемлекеттік бағдарламалардың барлығы құрылыс компанияларын қолдап отыр. Оларды қолдауға қарсы емеспін, бірақ  зейнетақы қорындағы ақшаны аудару артық деп ойлаймын, - деп пікірін білдірді.

Сондай-ақ, Р.Рысмамбетов бұл бастаманың жүзеге асатынына күмәнмен қарайды.

- Біздегі үлкен проблема – мемлекеттік статистика дұрыс берілмейді. Сол себепті, Президентке қандай есеп-қисап көрсетілгені беймәлім. Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді. Әзірге елде экономика жоқ. Алдағы 5 жылда да экономиканың аяққа тұруы екіталай.

Құрылыс материалдар өндірісі, тамақ өнеркәсібін дамыту керек. Бірақ, әзірге бұл да байқалмайды.

Үкімет Президент тапсырмасын орындауға кіріседі. Мүмкін, олар жыл соңында  «Қасым-Жомарт Кемелұлы, ештеңе шықпайды...Миллион теңгеге баспана келмейді» деп иықтарын қиқаң еткізуі мүмкін, - деп күдігін жеткізді.