«Сенің екі мамаң бар»: Павлодарда анасы сотталған бүлдіршінді асырап алған қамқор әйелдің таңғажайып оқиғасы

Автор: Темірхан Айжан

Расул жастан асқанда туған анасы сегіз жылға сотталды

Фото: Azattyq Rýhy

Жеткіншек бала Расул апта сайын демалыс күндерін асыға күтеді. Әр сенбіде үш жыл бойы өзін бағып-қағып, бауырына басқан отбасына барады. Бұл шаңырақта оның екінші мамасы, «Ана үйі» ресурстық орталығының жетекшісі Әсел Әбішева тұрады. Қалған күндері Расул туған анасы Клараның қасында. Бір кездері ана мен бала бір-бірінен ұзақ жылдарға көз жазып қала жаздаған. Бүгін Azattyq Rýhy тілшісі бір баланы жетімдер үйіне жібермей, бауырына басқан әйелдің Голливудтың сценарийіне тең сұхбатын ұсынады. 

Оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Сәби Расул қаз тұра бастағанда туған анасы Клара сегіз жылға сотталып, темір торға тоғытылды. Бала жападан жалғыз қалды. Заң бойынша, ол анасы бостандыққа шыққанша жетімдер үйінде тәбиеленуі керек еді. Бақытына қарай, Расул балалар үйіне емес, қамқор отбасыға тап болды.

«Клараны Павлодардағы «Ана үйіне» пробациялық бақылау орталығынан 2018 жылдың соңында алып келді. Бес айдай сот процесі өтіп, соңғы отырыста оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бір жастан жаңа асқан ұлы Расулды сәбилер үйіне алып кететін болды. Аналар қимай, жылап-сықтап шығарып салдық. Расулды сыртынан бақылап жүрдік, көріп кететінбіз. Бала тұйықталып бара жатты. Тілі шықпай қойды. 3 жасқа толғанда оны балалар үйіне ауыстыратын болды. Оны естіген соң жолдасыма «баланы өзіміз алып, бағайық» дедім. Күйеуім келісті. Балалар үйіне түссе, бүлдіршіннің жағдайы тіпті қиындап кететінін түсіндім. Сәбиге ана керек, ол бір жанға бауыр басуы тиіс. Психологтар баланың дұрыс тұлға болып қалыптасуы үшін оның жанында тұрақты бір жақын адамы болуы қажет екенін айтады. Сүйтіп біз Расулды қамқорлығымызға алу үшін Клараның рұқсатын алдық. Құжаттар жинауды бастадық. Асырап алушы ата-аналар мектебінен өттік. 4 айдай дайындалдық», - дейді Әсел Әбішева.

Ерлі-зайыптының Расулдан 5 жас үлкен егіз ұлы бар. Отбасына тағы бір сәбидің қосылғанын балалар қуана қабылдаған. Үнемі іздеріне ертіп, ойнатып жүрді. Бастапқыда бәрі керемет болды. Сүйкімді балақай тәртіпті, тілалғыш болатын. Бір аптадан соң момақан Расулдың ізі де қалмады. Ол нағыз қырсық, қиын балаға айналды. Әсел Әбішеваның мұндай жағдайға мүлде дайын болмаған.

«Ол жөргекте жатқанынан өмірдің қиындығын көрді. Оны анасынан күштеп айырды, жетім қалды. Кейін сәбилер үйіне түсті, мейірімге қанбады. Соның бәрі оның психологиялық жағдайына әсер етті, жанын жарақаттады. Соның бәрін бізге келген соң шығарды. Әрине ол мінезінен, қылығынан байқалады. Өзім ана мен баламен жұмыс істеймін, ата-аналар мектебінен өттім, дайындалдым, соған қарамастан жанжарақаты бар баланың мінезіне үйрену қиын болды. Оған бауыр басып, анасындай жақсы көрейін бе, әлде уақытша қамқоршы ретінде арақашықтық сақтайын ба деп екіұдай күйде жүрдім. Сондықтан психологтың көмегіне жүгіндім, бала асырап алған ата-аналардың клубына қосылдым. Ол жерде ата-аналардың қандай қиындықтарға тап болатынын көрдім де, жағамды ұстадым. Расулдың мінезі «жібектей» көрініп кетті. Мен өзгерісті өзімнен бастауым керек екенін түсіндім. Мен өзгергенде, Расул да өзгерді. Оның тілі шықпай, логопедке апардық, кейін балабақшаға орналастырдым. Анасы апта сайын хабарласып тұрды. Расулдың тілі шыққанда, «мен оның дауысын естідім» деп қуанған еді»,- деді Әсел Әбішева.

Ол тар қапастағы Клараға үнемі сәлемдеме жіберіп отырған. Әр сәлемдемеге ана мен баланың қатынасын түсіндіретін кітаптар салатын. Тамыздың жайма-шуық бір күнінде телефон соққан Клара түрмеде ашық есік күні болатынын айтып, ұлын алып келуін өтінген. 

Әсел Әбішева Расул мен анасының алғаш кездескен сәтін ерекше тебіреніспен айтып берді. Олар Шығыс Қазақстанның түрмесінде отырған әйелмен жылына екі рет қана жүздесе алатын еді.

«Клара мекемеде аспаздың көмекшісі болып жұмыс істейтін. Жаз кезі болған соң, асхананың есік-терезесін ашып қойған. Ана жүрегі біздің келе жатқанымызды бірден сезді. Алжапқышын шешіп, алдымыздан шыға берді. Жүгіріп келіп баласын құшақтаған ол ағыл-тегіл жылап жатты. Расулды бауырына қысқаны сонша, тұншықтырып жіберердей болды. Қуаныштан жүрегі жарылып кете ме деп ойладым. Оны сабырға шақырып, «біз осындамыз, қасыңнан кетпейміз» деп сабасына түсірдім. Отрядтағы әйелдер жиналып қалған еді, олар да жылап тұрды. Біз кетем дегенше баласын қолынан тастамады. Қайтар жолда Расулға бәрін түсіндірдім, оның туған анасы бар екенін айттым. «Басқаларда бір мама болса, сенде екі мама бар» деп, бала көңілін аулап қойдым», - дейді ол.

Олар осылайша бес рет кездесуге келеді. Клараның соты болып, ол түрмеден шартты түрде босап шыққан. Алайда қамқоршылық органдары баланы анасына бірден бере салмайды. Ол үшін Клараның тұрақты жұмысы мен баспанасы болуы шарт. Әсел Әбішева әкімдікке өтініш білдіріп, жатақханадан бөлме алып, оны жөндеп, Клараны жұмысқа орналастырады. Босап шыққан соң Клара бастапқыда әпкесінің үйінде тұрып жүрді. Расулмен бірге уақыт өткізетін, оны үйірмелерге апарып-алып қайтатын. Барлық жағдай жасалып, құжаттар реттелген соң, ол баланы өз қамқорлығына алған. 

«Расул маған қарағанда өз анасына әлдеқайда тез үйренді. Мен оған бәрібір бөтен адам едім. Клара перзентін шексіз махаббатпен жақсы көреді, баланың тез бейімделіп кетуіне де осы аналық мейірімі себеп болды. Қазір бала өз анасымен тұрады, екінші сыныптың оқушысы. Демалыс күндері бізге қонаққа келеді. Расул мені «мама-2» деп атайды. Бұған мұңаймаймын, қайта қуанамын. Өйткені туған ананың орнын ешкім баса алмайды», - деді Әсел Әбішева.

Әсел Әбішева «Ана үйі» жобасы басталған 2014 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол баласын тастап кеткісі келген талай әйелді көрген.

Әсел Әбішева баласынан бас тартқан әйелдерге «көкек ана» деп айдар тағып, аяусыз сынның астына алатын қоғамның көзқарасын өзгерту керек дейді. Қоғам себеппен емес, салдармен күресіп жүр. Әйелді «баласын тастап кетті, жетім қалдырды» деп айыптайды, бірақ оның артында жатқан трагедияға үңілмейді. Біреуді туған әке-шешесі үйден қуған, біреу күйеуінің тоқпағынан қашқан, енді бірі жалғыз қалып, баспанасыз қаңғып жүр.

«Өз баласынан бас тартқысы келетін әйел өте сирек. Ол көбіне сәбиден емес, басына түскен қиындықтан құтылғысы келеді. Күйзеліске түсіп, «Ана үйіне» келген әйелдердің 70 пайызы райынан қайтып, баласын босануға бел буады. Жылдар бойы жүздеген тағдырға куә болдым. Сол оқиғаларды түйіндесем, бір нәрсеге көзім жетеді: әйелдер жүкті кезінде, болмаса балалы болғанда өз мәселесімен жалғыз қалып қояды. Әңгіме жалғызбастылық туралы емес. Оның қасында ата-анасы, туған-туысы, күйеуі болуы мүмкін, бірақ қолдау көрмейді, жалғыз сезінеді. Баспана мен қаражаттың жетпеуі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу, отбасындағы жанжал, ерте жүктілік сияқты жағдайлар әйелді тығырыққа тірейді. Балалар үйінде өскен қыздарға тіпті қиын. Қолдау көрмей өскендіктен, ана атанғанда оларға екі есе ауыр тиеді. Сондықтан әйел босанғаннан кейін «баламнан бас тартамын» деп жазып бермей тұрып, оған көмек көрсетілуі керек. Жүктілік кезінен бастап қолдау болса, қаншама сәби анасынан айырылмас еді. Тастанды бала көп дейміз, бірақ тағдыр тәлкегіне түскен әйелден «саған көмек керек пе?» деп бір ауыз сұрап көрдік пе?», - дейді ол.

Жалпы, қазір Қазақстандағы «Ана үйі» ресурстық орталықтарында 110 ана мен 100-ден сәл астам бала тұрып жатыр. Орталықтар жұмысын бастағаннан бері мұнда шамамен 8 мың әйел мен 8,5 мың бала көмек алған. 

«Ана үйі» ресурстық орталығы қиын жағдайға тап болған жүкті әйелдер мен балалы аналарға уақытша баспана ұсынады. Мұнда әр анаға жеке психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетіледі. Мамандар құжаттарды қалпына келтіруге, жәрдемақы рәсімдеуге, медициналық қызмет алуға, баланы балабақшаға орналастыруға, кәсіп меңгеріп, жұмыс табуға көмектеседі. Орталықта тұру мерзімі – 6 ай, қажет болған жағдайда ол ұзартылады.