Экономист Бауыржан Ысқақ Құрылтайдың басты міндеті халықтың нақты мәселелерін мемлекеттік шешімдерге айналдыру деп санайды
Қазақстанда Құрылтайдың қалыптасуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, халықтың талап-тілегін нақты шешімдерге айналдыруға жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Құрылтайдың алдында қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейту, азаматтардың өзекті мәселелерін заңнамалық және мемлекеттік шешімдер деңгейіне жеткізу міндеті тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, Құрылтайдың әлеуеті ел дамуының өзекті бағыттарын талқылап қана қоймай, азаматтардың нақты ұсыныстарын тиімді шешімдерге айналдыруымен өлшенеді. Бұл ретте халықтың түрлі әлеуметтік топтарының пікірін ескеріп, оларды бірыңғай қоғамдық диалог алаңына біріктіру маңызды.
Сарапшы сондай-ақ Вице-президент институтының басқарудағы сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, алдағы ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда мемлекет пен қоғамның іс-қимылы маңызды екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Құрылтайдың жұмысы елдің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Сіздіңше, жаңа Құрылтайдың қоғам мен мемлекет үшін ең басты міндеті қандай болуға тиіс?
- Жаңа Конституция бойынша Құрылтай заң шығаратын жоғары өкілді орган ретінде бекітілген. Жаңа Құрылтайдың басты міндеті — халықтың талабын заңға, ал заңды нақты шешімдерге айналдыру.
Құрылтай тек пікірталас алаңы болып қалмауы керек. Оның жұмысының нәтижесінде азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін, маңызды салаларға қатысты көтерілген жол, су, медицина, мектеп мәселелері сияқты мәселелер мемлекеттік бағдарламаларға енгізіліп, олардың орындалуына бақылау болуы қажет. Мен өңірлерді аралап жүрген кезде халықтың үлкен өзгерістерден бұрын нақты мәселелерге мән беретінін көрдім. Жол, тұрғын үй, инфрақұрылым, ауылдың болашағы, әлеуметтік әділеттілік сияқты мәселелер халық үшін өте маңызды. Сондықтан Құрылтайдың негізгі өлшемі қанша мәселе тыңдалғанымен емес, қанша мәселенің шешілгенімен бағалануы керек.
- Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесін жаңа көпфункционалды саяси механизм ретінде сипаттады. Бұл орган қоғамдағы түрлі пікірлерді мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне тартудың қандай жаңа мүмкіндіктерін ашады?
- Президент өз сөзінде Құрылтай сайлауының реформалардың бастауы екенін атап өтті. Жалпы, Қазақстан Халық кеңесі қандай мүмкіндіктер ұсына алады деген мәселеге келсек, оның ең үлкен мүмкіндігі — қоғамдағы әртүрлі көзқарастарды бірыңғай мемлекеттік диалог жүйесіне біріктіру. Қоғамда кәсіпкердің, мұғалімнің, дәрігердің, ғалымның, жастың, ауыл тұрғынының мәселесі әртүрлі. Олардың ұсыныстары да әрқилы. Егер осы пікірлерді қоғамның түрлі алаңдары арқылы жинақтап, бір жүйеге келтіретін механизм қалыптасса, әртүрлі пікірлерді мемлекеттік шешім қабылдау процесіне жақындатуға мүмкіндік туады. Халық кеңесі пікір айтатын ғана емес, айтылған пікірдің тағдырын бақылайтын механизм болуы керек деп ойлаймын. Яғни азаматтар белгілі бір мәселені көтерді делік. Оған ұсыныс, талдау, шешім, жауапты орган және нақты мерзім белгіленуі қажет. Мұндай жұмыстардың барлығы цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік беретіндей жүйеленуі керек. Сонда халықтың мемлекет институттарына деген сенімі де күшейеді.
- Мемлекет басшысы Вице-президент лауазымының қазіргі күрделі кезеңде аса қажетті екенін айтты. Жаңа лауазымның енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне және билік институттарының өзара сабақтастығына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
-Менің ойымша, қазіргі күрделі әрі өзгермелі экономикалық кезеңде Вице-президент институтын ең алдымен басқарудағы сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін механизм ретінде қарау керек. Мұндай лауазым Президенттің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға ықпал етіп, Президентке белгілі бір басқару бағыттарын үйлестіру мүмкіндігін беруі керек. Ең маңыздысы — өкілеттіктердің нақты бөлінуі. Бұл әсіресе сабақтастық тұрғысынан маңызды. Конституциялық нормаларда Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның орнын басатын тұлғаға қатысты ережелер де қарастырылған. Бірінші кезекте Вице-президенттің, одан кейін Құрылтай төрағасының, одан кейін Премьер-Министрдің кандидатуралары қарастырылған. Яғни бұл институттардың барлығы тек бүгінгі басқару моделін емес, мемлекеттік жүйенің кез келген жағдайда тұрақты жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз етуі керек.
- Мемлекет басшысы алдағы кезеңде Қазақстанда ауқымды құрылыс пен әлеуметтік жобалар жүзеге асатынын, қалаларды абаттандыру және «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру қажеттігін айтты. Осы жоспарларды іске асыруда Құрылтайдың рөлі қандай болады және халықтың бұл үдеріске қатысуын қалай күшейтуге болады?
- Бұл бағыттағы Құрылтайдың рөлі — мемлекеттік жобалар мен халықтың нақты қажеттіліктері арасындағы байланысты қамтамасыз ету. Ауқымды құрылыс жүргізілген кезде оның көлемі ғана емес, сапасы мен тиімділігі де маңызды.
«Таза Қазақстанды» тек әкімдіктің міндеті деп қарауға болмайды. Таза қала — мемлекеттік басқару мен азаматтық жауапкершіліктің ортақ нәтижесі.
Меніңше, халықтың қатысуын күшейтудің жақсы жолы — әрбір өңірде, қалада, ауылда тұрғындармен тікелей байланысты қалыптастыру. Азаматтар мәселені көтереді, Құрылтай оны жүйелейді, мемлекет тиісті шешім қабылдайды, ал оның орындалуын халық бақылауы керек.
Қорыта айтқанда, Құрылтайдың басты құндылығы — халық пен мемлекеттің арасындағы байланысты күшейту.