«Доллардың кінәсі 10 пайыз»: экономист теңгенің тұрақсыздығы мен қымбатшылықтың шынайы себебін атады

Автор: Темірхан Айжан

Ормуз бұғазы ашылса, Қазақстанға әсері қандай болады 

Фото: istockphoto.com

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімді ұзартты, жақын арада Ормуз бұғазы қайта ашылатын болды. Осы жаңалықтан кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы бірден төмендеп, бүгін Brent маркалы қара алтынның баррелі 78,41 долларға бағаланды. Осы орайда белгілі экономист Сапарбай Жобаев сыртқы нарықтағы өзгерістердің теңгеге әсері мен елдегі инфляцияның негізгі себептерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарапшының айтуынша, бағаның өсуіне әлемдік геосаясаттан бұрын, еліміздің ішкі салық және бюджет саясаты тікелей әсер етіп отыр.

«Ұлттық валютамыз теңгенің бағамы әлемдік мұнай бағасына және жаһандық саяси процестерге белгілі бір деңгейде тәуелді екені даусыз, алайда Ормуз бұғазының ашылуы мен мұнай бағасының түсуін теңгені әлсірететін жалғыз себеп деуге болмайды. Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыстар басталмай тұрып-ақ, соңғы жылдары теңге біршама нығая бастаған еді. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, мұнай бағасының өсуі елге келетін валюта түсімін арттырады, осылайша нарықта долларға деген сұраныс сәл азаяды. Екіншіден, ішкі нарықты валютамен Ұлттық қор да қамтамасыз етіп тұрды. Ұлттық қордан жыл сайын шамамен 10-12 млрд доллар көлеміндегі қаржы биржаға шығарылып, құдды бір экспорттан түскендей валюталық ағын қалыптасты. Тағы бір себеп: квазимемлекеттік кәсіпорындарға шетелден тапқан валюталық табысының 50 пайызын ішкі нарықта мәжбүрлі түрде сату талабы енгізілді. Сондықтан ішкі факторлардың әсерінен доллардың сәл әлсіреп, теңгенің қуаттанғаны бұрыннан келе жатқан тенденция болатын. Кейін Ормуз бұғазы бекітіліп, мұнай бағасы 100-120 долларға дейін шарықтап кеткенде, осы үрдістің тиімділігі күшейе түсті. Нәтижесінде теңгеміз біраз күшейді. Егер өткен жылы доллар бағамы орта есеппен 525-535 теңге деңгейінде болса, биыл 465 теңгеге дейін төмендеді. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіс толық аяқталмай тұрып-ақ, доллар қайтадан 480 теңге деңгейіне жақындай бастады. Себебі бізде Ұлттық қордан сатылатын валюта көлемі сәл азайды. Енді Үкімет трансфертті 2,7 трлн теңгеден асырмаймыз деп уәде беріп отыр, оны жыл соңына дейін көреміз. Осылайша нарықтағы валюта ұсынысы сәл азайғандықтан, доллар бағамы 480 теңгеге шығып, тұрақтанды», - деді экономист.

Ол сөзін жалғай отырып, Иран мен АҚШ келіссөзге келді дегеннен кейін мұнайдың баррелі 80 долларға дейін түскенін, Таяу Шығыстағы қақтығыстар басталмай тұрып, мұнай бағасы 65 доллар болғанын ұмытпауымыз керек екенін тілге тиек етті. Сондықтан қазіргі 85 долларлық көрсеткіш біз үшін өте жақсы баға, дейді маман

«Ормуз бұғазы ашыла сала, мұнай бағасы бірден құлдырамайды. Өйткені, АҚШ пен Қытайдағы бұрынғы жиналған мұнай қоры азайды, Ресейге салынған санкциялар тағы бар. Сондықтан әлемдегі мұнай өндіру көлемі алдағы жарты жылға дейін анау айтқандай күрт өзгере қоймайды. Алдағы уақытта мұнай бағасы шамамен 70-85 доллар аралығында сақтауы мүмкін. Бүгінде Қазақстан экономикасындағы мұнай-газ секторының үлесі бұрынғы 20-22 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді. Мұнайға тікелей тәуелділік азайғанымен, ол бәрібір ел бюджеті мен теңге бағамына әсерін тигізеді. Бірақ теңге бағамына мұнайдан бұрын, Ресеймен және Қытаймен жасалатын экспорттық-импорттық операциялардың бағасы көбірек әсер етеді. Осы факторларды есепке алсақ, доллар бағамы біртіндеп 500 теңгеге жақындайды», - деді экономист.

Сарапшының айтуынша, доллар бағамы инфляцияға шамамен 10-15 пайыз ғана әсер етеді. Инфляцияның қалған үлкен бөлігі тікелей ішкі экономикалық факторларға байланысты. Олардың қатарында елдегі ақша-несие саясаты, мемлекеттік бюджет шығындарының тым көп болуы жалақыны индексациялау және нарықтағы отандық өнім мен тауар ұсынысының жеткіліксіздігі бар.

«Инфляция мәселесі өте күрделі құбылыс. Оған қуатты экономикалық факторлар әсер етеді. Жалпы алғанда, инфляцияның өсуіне шамамен сегізге тарта негізгі себеп бар. Әрине, олардың бірі - валюталық бағам. Мысалы, бұрын 1 млн долларлық импорт 525 млн теңгеге түссе, қазір ол шамамен 480 млн теңге болады. Валюта нығайса, теориялық түрде сырттан келетін тауар арзандауы тиіс еді. Алайда іс жүзінде баға төмендемей, керісінше өсіп отыр. Бұл ішкі экономикалық факторлардың әсерін көрсетеді. Валюталық фактор инфляцияның тек 10-15 пайызын ғана құрайды, ал қалған 85-90 пайызы ішкі құрылымдық мәселелердің үлесіне тиеді. Инфляцияға жыл сайынғы жалақыны индексациялау әсер етеді. Елімізде орта есеппен 10 пайыздық индексация жасалады. Бұл кезде төмен жалақы алатындармен қатар, табысы жоғары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің де еңбекақысы пропорционалды түрде өседі. Нәтижесінде жалпы ақша массасы артып, тұтынушылық сұраныс артады. Қазақстанда шамамен екі миллионға жуық адам мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді. Олардың жалақысының өсуі нарықтағы жалпы инфляциялық қысымды күшейтеді», - деді маман.

Сөзін жалғай отырып, екінші маңызды фактор сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі екенін тілге тиек етті. Айтуынша, бұл әсіресе азық-түлік нарығында айқын байқалады, ал бұған Үкіметтің кейбір шектеулері кесірін тигізіп отыр, дейді экономист.

«Мысалы, картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салу фермерлердің табысын азайтып, өнімді көптеп өндіруге ынтасын жойды. Павлодар облысында сәбіздің шіріп, жиналып қалуы – осы қате саясаттың салдары. Шектеу қойғанша, өндірісті арттырып, экспортқа жағдай жасау керек еді. Өйткені нарықта тауар көбейгенде ғана баға тұрақтанады. Мал шаруашылығында қиындық аз емес. Мал басының азаюы, жастардың жаппай қалаға көшуі және еңбек күшінің тапшылығы ет өнімдерін қымбаттатып жатыр. Бағаның тұрақтамауының тағы бір үлкен себебі – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың экономикадағы шамадан тыс көп үлесі. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» сияқты құрылымдар мен жүздеген еншілес компаниялар бюджет қаражатына үйреніп алған. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру үшін ірі квазимемлекеттік компанияларды кезең-кезеңімен жекешелендіру қажет. Бұл туралы президент бірнеше рет айтқан болатын. Реформалар толық іске аспаса, инфляцияны тоқтату қиын болады», – деді сарапшы.

Сапарбай Жобаев теңгенің тұрақтылығын қамтамамыз етіп, инфляцияны тежеу үшін ең алдымен мемлекет жүргізіп отырған фискалдық, яғни салық және бюджет саясатына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтады.

«Экономиканың тұрақты дамуы үшін салық жүйесі әділетті болуы тиіс. Салықтың негізгі ауыртпалығы ірі бизнес пен алпауыт компанияларға түсуі керек. Ал бізде жағдай керісінше болып тұр. Ірі компанияларға жеңілдіктер берілген, салықтық жүктеме орта және шағын бизнеске түседі. Сондықтан шағын кәсіпкерліктің жағдайы қиын болып бара жатыр. Осы мәселе шешілмейінше, бюджет жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен түрлі қолдау бағдарламаларының тиімділігі үлкен күмән тудырады. Себебі субсидиялар мен арзан несиелердің едәуір бөлігі қарапайым шаруаларға емес, тағы да сол ірі компаниялардың үлесіне тиеді. Мысалы, жақында Екібастұзда көмір химиясы негізінде телекоммуникациялық бағыттағы 10 миллиард теңгелік жаңа жоба қолға алынбақшы. Оған қоғам да, сарапшылар да таңғалып отыр. Бұл да сол бюджет қаржысын тиімсіз бөлудің кезекті бір мысалы деген пікірлер бар. Мұндай ірі жобаларды қаржыландыру жауапкершілігін толығымен жеке секторға, екінші деңгейлі банктерге, инвесторларға жүктеу қажет. Мемлекет басшысы экономиканы банктік қаржыландыруға көшіру керегін айтқан. Себебі бюджет қаражаты көбіне тиімді бақыланбайды, қайтарымсыз жұмсалады және экономикалық нәтиже бермейді», – деді экономист.

Сапарбай Жобаевтың сөзінше, салық жүйесін әділетті етіп, мемлекеттің әрбір тиынын үнемдеп, орнымен жұмсауды үйренуіміз қажет. Осы мәселелерді ретке келтіргенде ғана бағаның өсуін тоқтата аламыз. Теңгеміз тұрақталып, халықтың тұрмысы шынайы түрде жақсара бастайды.