«Ашығу ағзаны тазартып, қатерлі ісіктен емдей ме?»: дәрігер кең тараған пікірлерге түсініктеме берді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Оның айтуынша, ашығудың денсаулыққа тигізер пайдасынан гөрі қаупі көбірек

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт ашығудың пайдасы туралы ақпарат көбейді. Кейбір блогерлер мен ашығуды жақтаушылар бұл әдіс ағзаны тазартып, ауру жасушалардан арылуға көмектесетінін алға тартады. Бірге ашығуға шақырады. Алайда мұндай мәлімдемелердің бәрі бірдей ғылыми дәлелге сүйенбейтін көрінеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy редакциясына берген сұхбатында эндокринолог маман Әсел Асайынова тарқатып айтты.

Ашығу кезінде ағза «өзін өзі» тазартпайды

Дәрігердің сөзінше, ашығуға қатысты ең жиі айтылатын пікірлердің бірі – ағзаның өзін өзі «тазартуы» екен. Бұл түсінік аутофагия деп аталатын биологиялық процеске негізделген.

Маманның айтуынша, аутофагия шынымен ғылыми тұрғыдан дәлелденген құбылыс. Ол үшін 2016 жылы жапон ғалымы Ёсинори Осуми Нобель сыйлығын алған.

«Алайда әлеуметтік желілерде бұл процесс тым қарапайым әрі әсіреленіп түсіндіріледі. Аутофагия ағзада тек ашыққанда ғана емес, қалыпты жағдайда да үздіксіз жүріп отырады және ол «ауру жасушаларды толық жойып жібереді» дегенді білдірмейді», – дейді маман.

Ұзақ уақыт тамақтан бас тартқанда ағза тек май қорын пайдаланады деген түсінік те кең таралған. Дегенмен дәрігер мұнымен де толық келісуге болмайтынын айтады.

«Алғашқы тәуліктерде ағза бауырдағы гликоген қорын пайдаланады. Кейін негізгі энергия көзі ретінде май жұмсала бастайды. Бірақ бұл кезеңде бұлшықет тіндері де ыдырайды. Сондықтан ашыққанда тек май ғана кетеді деу дұрыс емес», – дейді Әсел Асайынова.

Ұзақ уақыт ашығу гормондарға кері әсер етеді

Кей адам бірнеше күн немесе тіпті бірнеше апта ашыққаннан кейін өзін сергек әрі жеңіл сезінетінін айтады. Мұны кейбіреулер ағзаның сауыға бастауы деп қабылдайды. Алайда дәрігердің айтуынша, мұндай өзгерістер көбіне ағзаның жаңа жағдайға бейімделуімен байланысты болуы мүмкін. Өйткені ашығу кезінде кетон денелері көбейіп, тәбет төмендеп, ойлау анықтығы артуы ықтимал. Бірақ бұл міндетті түрде денсаулықтың жақсарғанын білдірмейді екен. Кейбір адамдарда керісінше әлсіздік, бас айналу, жүрек ырғағының бұзылуы сияқты белгілер байқалады.

Сонымен қатар, маман ұзақ ашығудың гормоналды жүйеге де әсер ететінін атап өтті.

«Ашығу кезінде инсулин деңгейі төмендеп, кортизол көтерілуі мүмкін. Сонымен бірге қалқанша без гормондарының белсенділігі азаяды. Әйелдерде етеккір циклі бұзылып немесе уақытша тоқтап қалуы ықтимал. Ер адамдарда тестостерон деңгейінің төмендеуі кездеседі», – деді маман.

Дәрігердің сөзінше, ашығу кезіндегі ең үлкен қауіптердің бірі – электролиттік бұзылыстар. Яғни калий, магний және натрий деңгейлерінің өзгеруі жүрек жұмысына әсер етіп, аритмияға, қан қысымының төмендеуіне және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ұзақ ашығудан кейін тамақты күрт бастау салдарынан дамитын рефидинг-синдром да ерекше қауіп төндіреді.

Ашығу арқылы онкологиядан құтыла алмайсыз

«Соңғы уақытта ашығуды диабеттен бастап онкологияға дейінгі түрлі ауруларға қарсы әмбебап ем ретінде көрсететіндер де бар. Бірақ мұндай тұжырымдарға сақтықпен қараған жөн. Дене салмағын азайту мен калорияны шектеу кей адамда инсулинге сезімталдықты жақсартып, метаболикалық көрсеткіштерге оң әсер етуі мүмкін. Алайда «ашығу диабетті толық емдейді», «инсулин қажет болмайды» немесе «қатерлі ісікті жояды» деген мәлімдемелердің ғылыми дәлелі жеткіліксіз», – екенін айтады эндокринолог.

Маманның айтуынша, оны дәрігер ретінде ең алаңдататын жайт – ашығу әдісінің кеңінен насихатталуы. Өйткені көп адам ашығуды табиғи әрі қауіпсіз ем ретінде қабылдап, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерден бас тартып жатады. Ал бұл созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.

«Тамақтану режимін өзгерту кей адам үшін пайдалы болуы ықтимал. Дегенмен ұзақ мерзімді ашығуды әмбебап әрі қауіпсіз емдеу әдісі ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе диабет, жүрек-қантамыр жүйесі және эндокриндік аурулары бар адамдар мұндай тәжірибелерді дәрігер бақылауынсыз жасамағаны жөн», – деп түйіндеді маман.