«Балаларды алдау қиын»: Астана циркінде тісі мен шашы арқылы ерекше трюк қоятын әуе акробаты неге қауіпке баратынын айтты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жерден ондаған метр жоғары жүріп қателікке мүлдем жол беруге болмайды, дейді ол

Фото: Анастасия Коваленконың жеке мұрағатынан

Түрлі қойылым, ән мен би, көтеріңкі көңіл-күй және адам сенгісіз трюктер бір сахна төріне тоғысатын цирк әртістерінің еңбегі сырт көзге өте жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда, 5-10 минут ішінде үлкенді де, кішіні де таң-тамаша ету үшін әртістер айлап, тіпті жылдап дайындалады. Ал цирк алаңындағы бір қателік тұтас өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Azattyq Rýhy Астана циркіне Белорусиядан арнайы келіп, шашы мен тісі ғана арқылы елорда тұрғындарына ерекше әсер сыйлап жүрген әуе акробаты Анастасия Коваленкомен сұхбаттасқан еді. Анастасияның акробатикалық өнері кез келген жанды таңдай қақтырады. Өйткені, ол бірде сақтандырусыз арқанды тісімен тістеп, әуеде шыр көбелек айналса, тағы бірде шашына арнайы құрылғыны ғана бекітіп, оп-оңай 10-20 метр биіктікке дейін көтеріледі. Тек көтеріліп қана қоймайды, ырғақты сезініп би билейді, әуеде әсем қалықтайды. «Бұл өнердің қауіпті екенін бәрі біледі. Бірақ, сахнаға деген махаббат пен өз ісіне деген сенім кез келген қорқыныштан биік» дейді  Анастасия Коваленко. 

– Анастасия, өнеріңізді тамашалап отырып таң-тамаша әсерде қалатын жан аз емес. Биіктен қорықпайсыз ба?

– Әрине, қорқыныш болады. Тіпті қалыпты күйдің бірі десем артық айтқандық емес. Ал егер адам мүлде қорықпаса, осы жерде сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені қорқыныш – өзін-өзі сақтау қасиетінің бір бөлігі. Биікте жұмыс істейтін адам қауіп-қатерді сезінуі тиіс. Бұл әрине сақтыққа үйретеді.

– Сіз сақтандыру құралын қолданбай өнер көрсетесіз. Неліктен?

– Қосымша қауіпсіздік үшін сақтандыруды қолдануға болады. Бірақ көрермен оны бірден байқап қалады. Әсіресе балаларды алдау қиын. Олар тәуекелдің бар-жоғын сезеді. Сондықтан, нөмірдің әсері мен эстетикасы үшін көп жағдайда сақтандырусыз жұмыс істейміз.

 – Нөмірді орындау барысында қауіпті сәттер болды ма?

– Өкінішке қарай, ондай сәттер болады. Кейбір трюктер салдарсыз өтпейді. Жарақат та аламыз, қиындықтар да болады. Алайда мұның бәрі біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Қызығы мен қиынын саралап келдік, сондықтан қай жағдай болмасын мамандыққа деген махаббат өшпейді.

– Қойылым кезінде шашыңызға арқан тағып, сол арқылы сізді биікке көтеретін сәт бар. Сол кезде шашыңыз ауырмай ма?

– Шыны керек, ауырсынуды онша сезіне бермеймін. Өйткені бар ойым қауіпсіздікті сақтауда болады. Шашыма арқан дұрыс бекітілді ме, шашым дұрыс өрілді ме деген сияқты әрекеттерді қатаң бақылауда ұстауға тырысамын. Кейде биікке көтерген сәттен гөрі, күні бойы өрілген шаш үлгісі шаршатады. Өйткені қатты тартып тұрады.

– Серіктесіңіз екеуіңіз бір-біріңізді биікте тіспен ұстап тұратын элемент ерекше әсер қалдырады. Мұндай жүктемеге тіс  қалай шыдайды?

– Бұл кезде тек тіс емес, бүкіл дене дайын болуы керек. Әсіресе, мойын бұлшықеттерінің жақсы жаттыққан болуы басты талап ретінде бекітілген. Ал тістерге келсек, олар міндетті түрде сау болуы тиіс. Егер тіс жегі не басқа мәселе болса, мұндай трюктерді орындауға болмайды.

Цирк бағдарламасының ерекше бөлігіне айналған трюктеріңізді қоюға шамамен қанша уақыт кетеді?

– Қазір көрсетіп жүрген нөмірлерімізді дайындауға шамамен бір жарым ай уақыт кетті. Халықаралық фестиваль-конкурсқа арнап дайындаған едік. Барлығын жедел, әрі қатаң тәртіпте үйренуге тура келді. Қазір ойласам, үлкен күйзелісті еңсерген екенмін деп ойлаймын (күледі).

– Анастасия,  циркке қалай келдіңіз? Бұл мамандықты жай таңдай салуға болмайтын сияқты...

– Иә, әрине. Мен бала кезімнен цирк студиясында жаттығып, бар бос уақытымды түрлі трюктер үйренуге арнайтынмын. Спортты да қатар алып жүрдім. Шамамен 12 жасымда цирк менің өмірлік жолым болатынын түсінген сияқтымын. Содан бері әр күнім дайындықпен, одан кейін қойылыммен өтіп жатыр.  

– Дене бітіміңіз керемет сақталған. Бала кезден спортты тастамағаныңыз білінеді. Жалпы қанша уақытыңызды жаттығуға арнайсыз?

– Жаттығу – гимнаст-акробаттардың өміріндегі ажырамас дүние дер едім. Сондықтан, спортпен айналыспайтын күнім болмайды-ау. Күшке салатын жаттығулар,  созылу, икемділік, репетициялар – бәрі тұрақты түрде жүреді. Бір күн жаттықпай қалсаң, оны бірден сезесің.

– Әуе акробаты үшін дененің қай мүшесі ерекше күшке ие болуы тиіс?

– Арқа бұлшықеттерің күшті болу керек. Сонымен қатар, созылу мен икемділікке көп көңіл бөлу керек. Бірақ физикалық дайындықпен қатар психологиялық дайындық болмаса – биікте өзіңді жайлы сезіне алмайсың. Мәселен,  өзім биіктен қорқамын. Жоғарыда жүріп өзімді әрдайым жайлы сезінемін деп айта алмаймын. Сондықтан психологтың көмегін алып тұрамын.

– Жалпы, көрермен бірнеше минуттық әдемі нөмірді көреді. Ал оның ар жағында қандай еңбек бар, одан бейхабар екені рас...

– Иә, дәл айттыңыз. Бірер минуттан тұратын нөмірге ұзақ дайындаламыз. Денені қыздырамыз, грим, репетиция бар, бәрі қыруар уақытты талап етеді. Кейде, шыны керек, ауырлықты денеден бұрын жан сезінеді. Әсіресе жаңа немесе күрделі трюктер алдында қобалжыған сәттерде қиналамыз.

– Биіктегі ең қауіпті қателік қандай?

– Жерден ондаған метр жоғары жүріп қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Өйткені биіктік қателікті кешірмейді. Сол үшін де қатаң тәртіп пен жауапкершілік болуы тиіс. Әр қозғалысқа, әр бекіткішке, әр әрекетке ең алдымен өзің жауап бересің. Бір сәттік салғырттықтың өзі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан, бұл мамандықта кәсібилікпен қатар тәртіпке бағыну, қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындау – басты қағида болып қалады.

– Егер болашақта қызыңыз әуе акробаты боламын десе, қолдар ма едіңіз?

– Әрине, егер мамандығына, сол арқылы өмір салтына жүрегімен таңдау жасаса – қолдайтын сияқтымын. Бірақ, міндетті түрде ұзақ дайындықтан өтіп, психологпен жұмыс істеуі керек шығар. Өйткені бұл мамандық тек физикалық күшті емес, мықты мінезді де талап етеді.

– Астана циркінің құрамында өнер көрсетіп жүрсіз. Шақырту алдыңыз ба?

– Иә. Негізі, мен Астанаға алғаш рет келіп тұрған жоқпын. 2023 жылы халықаралық фестиваль аясында өнер көрсеткен едім. Кейін 2024 жылы тағы шақырту алып, көрермендермен қайта қауыштым. Енді, міне, биыл тағы да осы цирктің манежіне шығуға мүмкіндік туып отыр. Астана циркіне әрдайым ерекше ықыласпен келемін. Мұнда өз ісіне берілген, кәсіби мамандардан құралған тамаша ұжым жұмыс істейді.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңыз шыңдала берсін!