«Абай жолын» 5 рет қайталап оқыдым: Алина Серёгина қазақ тілін дамыту үшін замандастарына кеңес айтты

Автор: Темірхан Айжан

Оның асқақ арманының бірі де тілге қатысты 

Фото: itsalinkaa

Алматы облысының тұрғыны, 23 жастағы орыс қызы Алинаның қазақ тіліне деген махаббаты кез келген адамды таңғалдырады әрі сүйсіндіреді. Ата-анасынан жастайынан айырылған бойжеткен тағдыр соққысына мойымай, табандылығының арқасында жоғары оқу орнын бітірген. Бүгінде ол маркетинг саласында бизнес өкілдерімен етене жұмыс істеп, кәсіпкерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізеді. Журналистика мамандығы бойынша білім алған Алина өз тұтынушыларына ең алдымен қазақ тілінде контент жасауды ұсынады. Қаршадай қыздың мемлекеттік тілді дамытуға деген құлшынысына не әсер етті? Алинаның қазақ тіліне қатысты қандай арманы бар? Осыны білмекке Azattyq Rýhy тілшісі бойжеткенмен сұхбат құрды.

«Қазақшаны балалар үйінде жүріп үйрендім. 2003 жылы Алматы қаласында туып, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында өстім. 3 жасқа толғанда тағдырдың жазуымен балалар үйіне түсіп, сонда 5 жыл тәрбиелендім. Тоғыз жасқа толғанымда мені әжем асырап алды. Одан кейін өміріміз оңай болған жоқ. Жиі көшіп-қонып жүрдік. Бес рет мектеп ауыстырдым. Бірақ 11-сыныпты өзімнің туған ауылым Қарғалыдағы Құдыс Әбсәметов атындағы мектепте бітірдім. Жеке тұлға болып қалыптасуыма, ең бірінші кезекте, әжем көмектесті. Ол мен үшін әлемдегі ең мықты жан. Мені балалар үйінен асырап алу үшін қолынан келгенінің бәрі істеді. Атам мүгедек еді, жалдамалы сарайда өте кедей тұрдық. Соған қарамастан, әжем маған білім беру үшін барын салды, ешкімнен кем қылмады. Қазір адал еңбегіммен нан тауып жүргенім сол кісінің арқасы»,- дейді Алина Серёгина.

Жүрегім – қазақ

Балалар үйінен шыққаннан кейін алдымда орыс бару не болмаса қазақ сыныбына бару деген таңдау тұрды. Сол сәтте жүрегімде қазақ тіліне деген ерекше махаббат оянғанын сездім. Тілдің сұлулығы мен көркемдігі мені баурап алды, қазақша ойлана бастадым. Егер басқа тілді таңдасам, қазақ тілін сатып кетемін деген сезімде болдым. Мен тіпті орыс тілінде қазақша сөйлегендей еркін әрі көркем сөйлей алмаймын.

Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаларға, өлең оқу жарыстарына жиі қатысатынмын. Сүйікті ақыным – лирик ақын Мұқағали Мақатаев, оған арнау жазған кездерім де болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі жүрегімнен ерекше орын алды. «Абай жолын» өмірімнің әртүрлі кезеңінде 5 рет оқып шықтым. Шығарманы бірден түсіну қиын, бірақ адам есейіп, Абай өткен жасқа келген сайын романның тереңдігін жаңадан ұғына бастайды екен. Бүгінде менің қазақша таза сөйлегеніме көбісі таңғалады. Бұрын «Қайдан үйрендің?» деп сұрағанда, «балалар үйінде» деп айтуға ұялып, «мектептен үйрендім» дей салатынмын. Қазір оны жасырмаймын. Ал ең жиі қойылатын «Сіз қазақсыз ба?» деген сұраққа «Ұлтым – орыс, жүрегім – қазақ» деп жауап беремін.

Мен Сүлеймен Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазіргі таңда SMM және маркетинг саласында жұмыс істеп жүрмін, бірақ алдағы уақытта мамандығым бойынша да жобаларды бастау ойымда бар.

Маркетолог ретінде мен тек қазақ тіліндегі жобаларды алуды мақсат етемін. Бізде көптеген бизнесмендер «шетелдік нарыққа шығамыз» деп контентті өзге тілде жүргізеді, бірақ олардың түпкілікті аудиториясы өз отандастарымыз екенін айтқым келеді. Мен клиенттерге «Біздің тұтынушыларымыз өз халқымыз ғой, ендеше неге қазақша контент жасамаймыз?» деп түсіндіремін. Келеспесе, екі тілде жүргізуді сұраймын, бірақ мүмкіндік болса тек қазақ тілінде жүргіземін. Елімізде тұратын әр адамның құлағы қазақ сөзіне үйренуі керек. Әр бұрыштан қазақша сөздер естіліп, көрініп тұрса, қоғамдағы тіл тақырыбындағы бітпейтін пікірталастар жойылар еді. Мемлекеттік тілдегі контентке көңіл бөлсек, тіліміз де өркендейді.

16 жылдан бері үй кезегінде тұрамын

Мен 2010 жылы «жетім және жартылай жетім балалар» категориясы бойынша үй кезегіне тұрғанмын. Содан бері 16 жыл өтті, әлі күнге дейін баспана алған жоқпыз. Өткен қыркүйек айында тексергенімде кезекте 11-ші болып тұрған едім. Қазір өкінішке орай жүйені өзгертіп тастапты, тізімде нешінші екенімді көре алмаймын. Жамбыл ауданының тұрғын үй мәселесіне жауапты коммуналдық мекемесіне барып сұрастырғанымда, «Үкімет үй бөліп жатқан жоқ, біз не істейміз?» деп қысқа қайырды. Енді қайда барарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Әлі күнге дейін әжем екеуміз уақытша жалдамалы сарайда тұрып жатырмыз. Менің табатын табысым күнделікті тамағымыз бен жүріс-тұрысымыздан артылмайды, ипотека төлеуге қаражат жетпейді. Әлеуметтік желіге мұңымды шағып видео салдым, қолдағандар болды, алайда нәтиже болмады.

Арманым – қазақ тілін өркендету

Менің асқақ армандарым бар, мақсатым көп. Қазіргі таңдағы кішігірім мақсатым – әжеме баспана сыйласам деймін. Әжемнің денсаулығы күннен күнге нашарлап бара жатыр. Бойымды «үлгірмей қалам ба» деген қорқыныш билейді сондықтан қолымнан келгенше әрекет етіп жүрмін. Одан бөлек, шетелге саяхаттап, өзге елдердің мәдениетімен танысқым келеді.

Ал ең үлкен арманым – қазақшаны дамыту. Қазақ тілі – өте бай әрі көркем тіл. Азаматтар өз елімізде тұрып қазақша үйрену үшін 150-170 мың теңге төлеп, курстарға барады. «Неге олай?» деп ойланамын. Мәселе, айналамыздағы адамдардың қазақша сөйлеспеуінен деп ойлаймын. Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақша сөйлеп, оны дәріптесе екен деймін. Сонда елімізге келген туристердің де қазақ тілін үйренуге ықыласы оянар еді. Әрине,үлкен кісілерге жаңа сөз жаттап, тіл үйрену қиын екенін түсінемін, оларды сөгуге болмайды. Бірақ жастардың мүмкіндігі зор ғой. Қазіргі ата-аналар арасында «қазақ сыныптарында дұрыс білім бермейді» деген теріс стереотип бар. Мен қазақ сыныбын бітірген адам ретінде айтайын, мұның бәрі жай ғана сылтау. Қазақ мектептерінде өте жақсы білім береді, биік жетістіктерге жетіп соны бәріне дәлелдегім келеді.