Ерлан Біләл: «Маған жала жапқан адамдарды кешірдім»

Автор: Azattyq Rýhy

Белгілі актер Ерлан Біләлдің істі болғаннан кейінгі алғашқы сұхбаты

- Ерлан мырза, бастаймыз ба?

- Бастайық!

- Театрда жасыратыны жоқ негізгі рөлдерді ойнап келесіз. Сот залынан  театр сахнасына оралу қиын болған шығар?  Сол бір оқиғадан кейінгі өміріңіз қалай өтіп жатыр? 

- Енді шығармашылық дегенде айтарым, бастапқыда қалай болды, солай жалғасты.  Ортасында үзіліс болған жоқ. Сахнадан түскен жоқпын. Өйткені, сахна маған ешқандай шектеу қойған жоқ. Шығармашылық жұмысымды жалғастырып келем. Рөлдеріміз сол баяғы Абай, Шәмші, Мұқағали, Балуан Шолақ. Басқа да рөлдерім бар, ойнап келе жатырмын. Академияда студенттерге сабақ беремін. Ұстаздық жұмысым да жалғасуда. Қазір өмірім осылай жалғасып жатыр.

- Абай, Шәмші, Балуан Шолақтың рөлдерін сізден ешкім алып қойған жоқ қой?

- Жоқ. Сол рөлдерді сомдап жүрмін. Абай деген мәңгілік тақырып қой. Абайдың сол кезде жазған өлеңдері мен қара сөздерін оқып отырсаңыз, бүгінгі күнді тапжылтпай, тамырын басып отырып, сыртынан қарап отырғандай жазып кеткен. Зұлымдық жасағанға қосылып, сен де зұлымдық жасасаң сонда кім болғаның. «Абай» спектаклінде Айдардың аузынан шығатын сөз бар «Ит қапты деп, мен де қапсам, аузымның не қадырыры қалғаны» деген. Бұл жағдайлар қай заманда да, қай дәуірде де болған. Бұрын өмірге, өнерге деген қандай сүйіспеншілігім болды, сол қалпымды бұзғым келмейді. Бәрін де кешіруге тырысамын.

- Сахнада тұрғанда көрерменнің сізге деген ықыласын сезесіз бе? Бұрынғыдан өзгеріс бар ма? 

- Осы оқиғадан соң алғаш сахнаға қайта оралғанда арысы Атыраудан, Семей, Өскеменнен басқа да алыс жерлерден арнайы ұшақпен келген көрермендерді кездестірдім. Мен ондай қолдауды күтпедім. Мен қашан да халықтың сүйіспеншілігін сездім. Көшеде, жиындарда, қоғамдық орындарда адамдар жылы сөздерін аяп қалған кезі болмады. Осының бәрі маған жауапкершілік жүктеп, бойымды қайта тіктеуге себепші болды. Менің мойып, сынуға,  басқа да ойлардың жетегінде кетуге еш қақым жоқ екенін түсіндім.

«МАҒАН ҚАРЖЫЛЫҚ КӨМЕКТЕН БҰРЫН, РУХАНИ ҚОЛДАУ АСА ҚАЖЕТ БОЛДЫ»

- Өзіңіз сияқты басына іс түскен азаматтарға жураналистердің қоятын бір сұрағы бар. Мен де қойғым келіп отыр. Осындай жағдайда теріс айналып кеткендер болды ма?

- Ондай жоқ емес, бар ғой. Бар... Бұл өмір. Кеше ғана ағалап, көкелеп жүрген жігіттер болды. Теріс айналмаса да, саған қырын қарап жүргендерін сезесің. Олардың ешқайсысына ренжімеймін. Бәріне кешіріммен қараймын. Бірімізді жоқтан бар жасаған құдіретті Алла бар, есебін өзі айырып береді.

- Соттан кейін біраз қаржылай қиындықтарға тап болған шығарсыз. Сіз кәсіпкер емессіз.  Салынған айыппұл көлемі де қомақты болды. Осы тығырықтан қалай шықтыңыз?

- Маған қаржылық көмектен бұрын, рухани көмек қажет болды. Руханияттың биік шыңдарын бағындырған ағаларым әу бастан менің қасымнан табылып, қолдауын көрсетті. Мысалы, сол күндері Нұрлан, Асанәлі ағаларым мен үшін уақытын бөліп, елді сабырға шақырғаны көңіліме ерекше медеу болды. Мен үшін мұның бәрі жаңа өмір парағын ашуға мүмкіндік берді. Сол себепті алғыстан басқа айтарым жоқ. Ел-жұрттан көмек болғаны рас. Біреу келіп маған қомақты  қаржыны ұстата салды деуге келмес, бірақ тілеулес жігіттер, қыздар, ағалар, туыстар, бауырлар, бәрі жан-жақтан қолдады. Қолымда бар кейбір дүниелерді саттым. Сөйтіп жаптым...

«БАЛАЛАРЫМА ДА ҚАТТЫ СОҚҚЫ БОП ТИДІ»

 - Естуімізше, денсаулығыңыз да бұрынғыдай емес. Ауруханаға жиі барады екенсіз....

- Басыма түскен жағдайды айтпағанда, 3 жыл театр басқарғанда да оңай ештеңе болған жоқ. Ауқымды жұмыстар атқардық. Өздеріңіз білетіндей, Қазақ хандығының 550 жылдығы өтті. Соған байланысты театр тарихында бұрын-соңды болмағанды істеп, 700 адамнан тұратын топпен Тараз қаласында спектакль қойдық. Бұл жәй концерт емес, сахналық спектакль еді. Және қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында 5 мың адам қатысқан шараның ішінде жүрдім. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, театрдың 90 жылдығына және ЭКСПО-ға қатысты шараларға белсене атсалыстым. Токиоға да театрымызбен бардық. Сонда Жапониядан үлкен келісім-шартпен оралып едік. Жоспар көп болды. Сингапур, Франциядағы  фестивальдерге шақырту алғанбыз. Осының барлығы аяқсыз қалғаны маған ауыр тиді. Бәрінен де осы жұмыстардың, шығармашылықтағы бастамаларымның аяқсыз қалғаны жаныма қатты батты. Денсаулығыма әсер еткені осы болды.

- Балаларыңыздың арасында өнер жолына түскен кім бар? Олар осының бәрін қалай қабылдады?

- Төрт бала, екі немерем бар. Үлкені үйленген. Қытайда оқып, магистратураны бітірді. Ағылшын, қытай тілін меңгерді, қазір министрлікте істейді. Қызым магистратурада оқып жүр. Одан кейінгі ұлым Назарбаев интеллектуалдық мектебінде оқушы. Кенже ұл биыл 6 сыныпқа көшіп жатыр. Енді не десек екен.... Құдайдың берген қуатымен өмір сүріп жатырмыз. Балаларға да бұл ауыр тиді. Сабыр түбі сары алтын. Сабыр дейміз. Үй ішімізбен солай қарадық. Осы оқиғадан соң ауылға жиі баратын болдым. Ел ішінде көп жүріп, күш алдым.

- Ерлан аға, мен бүгін сізге көп сұрақ дайындап келіп ем. Оның арасында өткеніңізге ой жүгіртіп, біраз мәселенің басын шалатын өткір сұрақтар да болды. Бірақ, бүгінгі әңгіме ауанына қарап отырсам, көп сұраққа жауап беру үшін сізге әлі де біраз уақыт керек сияқты. Сондықтан, тереңге бойламай, әңгімемізді осы жерден аяқтасақ... Бүгінгі сұхбаттың нүктесін өзіңіз қойсаңыз.

- Елдің дамуына, тыныштығына алаңдаймын. Пейілі жақсы адамдар көп болса, елде дүрбелең болмайды деп сенем. Басында айтқанымдай, шындықтан қашып, жалған сөйлейтін адамдарды бойымдағы кешіріммен қарайтын қасиеттеріммен жеңсем деймін. Адам сырттай кешіремін дегенмен, іштей кешірмеуі мүмкін. Пенде болған соң бәрі де ашуланады, ызаланады, кектенеді. Бірақ, осының бәріне адам ішкі жан-дүниесімен тосқауыл болу керек деп ойлаймын.

P.S. Айта кетейік,  Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл 2018 жылы 5 қаңтарда пара алды деген күдікпен ұсталған. Көлемі 1,5 млн. теңгені  драма театрдың көрермен залын жалға алған «Сезам» жекеменшік театрының директоры Қайрат Баянов берген.  Ерлан Біләлға бұлтартпау шарасы қолданылмай, үйқамақта отырды. Бір ай ішінде іс сотқа жолданып, сол жылы 7 ақпанда Алмалы аудандық соты актерді айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарған болатын.

Сұхбаттасқан Ришат Асқарбекұлы, Алматы