Дәрігердің айтуынша, ерлерге жас кезінде ұрығын сақтап қоюға мүмкіндік бар
Соңғы уақытта халықаралық репродуктология қауымдастығы донорлық материалдарға бақылауды қатаңдату мәселесін көтеріп келеді. Мәселен, Еуропада сирек кездесетін генетикалық ауруы бар ер адамның ұрығы кемінде 67 сәбидің дүниеге келуіне себеп болып, сол балалардың 10 - нан қатерлі ісік ауруы анықталды. Бұл жағдай халықаралық деңгейде донорлық материалды пайдалануға қатысты ортақ шектеулердің жоқтығын көрсетіп, үлкен дау тудырды. Әлемдік сарапшылар донорлыққа қойылатын ережелерді қайта қарауды талап етіп отыр. Қазақстанда бұл саладағы жағдай қандай? Біздің клиникаларда Еуропадағыдай қателіктерге жол берілмеуі үшін қандай сақтық шаралары жасалған? Неліктен отбасыларда бедеулік мәселесі жыл сайын асқынып барады? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген Azattyq Rýhy тілшісі 15 жылдық тәжірибесі бар уролог-андролог, Репродуктивті медицина институтының дәрігері Ерік Қартанбаевтан сұхбат алды.
- Ерік Қайыпбергенұлы, біздің елде донорлық мәселесі заң жүзінде қалай реттелген?
- Бізде донорлық мәселесі қатаң бақыланады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 148-бабына және Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы бұйрығына сәйкес, донорлардың құқығы мен міндеттері нақтыланған. Мысалы, донор болашақта дүниеге келетін баланың әкесі ретінде танылмайды, оған ешқандай құқығы болмайды.
- Донор болуға ниетті адамдар қалай тексеріледі? Генетикалық ауытқуы бар донордан бала дүниеге келсе, жауапкершілікті кім мойнына алады?
- Біз донорды қабылдамас бұрын өте мұқият зерттеу жүргіземіз. Біріншіден, кариотиптеу деген түсінік бар, яғни, адамның 46 хромосомасын түгел тексеріп, генетикалық ауытқуларды іздейміз. Тіпті, болмашы өзгеріс болса, ол адам донор бола алмайды. Екіншіден, ұрықтың (сперматозоидтың) ДНҚ-фрагментациясын тексереміз. Сондай-ақ, «карантин» мерзімі бар. Донордың материалы қатырылып, 6 ай зертханада жатады. Осы уақыт ішінде донор 3 ай сайын ВИЧ, гепатит, сифилис сияқты инфекцияларға қан тапсырады. Егер 6 айдан кейін де денсаулығында мін болмаса, оның материалы реципиенттерге ұсынылады.
- Бір донордан неше бала дүниеге келуі мүмкін? Бізде ұрық шетелге сатыла ма?
- Жоқ, біз шетелге материал сатпаймыз. Әр донор біздің ішкі базамызға тіркеледі. Заң бойынша, бір донордан 10 баладан артық тумауы тиіс. Егер бала саны 10-нан асса, болашақта олардың бір-бірімен кездейсоқ кездесіп, отбасын құру қаупі, инбридинг, артады.
- Донорды таңдау процесі қалай жүреді? Болашақ ата-аналар оны көре ала ма?
- Донорлық толықтай анонимді процесс. Бірақ реципиенттерге арнайы анкета беріледі. Онда донордың ұлты мен руы көрсетіледі, білесіз, халқымыз руға аса мән береді. Сонымен бірге, бойы, салмағы, көзінің түсі, шашының түрі, білімі мен мамандығы таныстырылады. Донордың бала күнінде, 1-2 жастағы кезінің фотосы көрсетіледі. Тікелей кездесу, қазіргі уақыттағы түрін көру мүмкін емес. Донор да өз материалын кімнің алғанын ешқашан білмейді.
- Қазақ қоғамында донорлық мәселесі қалай қабылданады?
- Шыны керек, бастапқы уақытта қабылдау қиынға түседі. Әсіресе қазақ жігіттері үшін бұл өте ауыр дүние. Әдетте біз донорлықты ер адамның ұрығы мүлдем табылмайтын «азооспермия» диагнозы қойылғанда ұсынамыз. Көбіне «бөтеннің қаны керек емес», «дінге қайшы», «намысым жібермейді» деп үзілді-кесілді бас тартады. Бірақ бала сүю бақыты бәрінен биік екенін уақыт көрсетеді. Бір жыл, екі жыл емделіп, ештеңе шықпаған соң, ерлі-зайыптылар қайта келеді. Олар осы шешімге келу үшін 10-15 жыл өмірін сарп етуі мүмкін. Алайда, донор арқылы балалы болған соң, әлгі «намыс» пен «бөтен» деген әңгімелер сейіледі. Тіпті, біраз уақыттан соң сол отбасылар қайта келіп, «қаны бір болсын» деп дәл сол донордың материалын тағы да сұрап жатады. Сол кезде олардың қуанышын көріп, біз де бірге қуанамыз.
- Ер адамдардың ұрық сапасы жылдан-жылға төмендеп бара жатыр деген ақпарат рас па?
- Өкінішке орай, рас. Осыдан 15 жыл бұрын ұрық концентрациясының нормасы 20 миллионнан асуы керек болса, қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны 16 миллионға дейін түсірді. Ұрық белсенділігі де солай. Өйткені экология нашарлады, көбіне фастфуд жейді, стресс пен физикалық қимыл аз, мұның бәрі ер адамның денсаулығын нашарлатады. Қазір 20 жастағы жігіттің ұрығы 40 жастағы ер адамдікінен нашар болуы мүмкін.
- Донорлық жасқа қарай ма?
- Әрине, 18-ге толмаған және 35 жастан асқан ер адамдар донор бола алмайды. Сондай-ақ, медициналық, генетикалық немесе психикалық ауытқуы барлар, шетел азаматтары қабылданбайды.
- Ұрықты мұздатып сақтаудың қандай пайдасы бар? Ол қанша уақыт тұра алады?
- Біз соңғы жапондық технологияларды қолданамыз. Қатырып, қайта жібіткен кезде ұрықтың 90%-ы тірі қалады. Сақтау мерзімі шексіз деуге болады. Біздің орталықта 15 жыл бұрын қатырылған ұрықтар әлі де сол қалпында тұр. Мысалы, 20 жасар жігіт «денсаулығым мықты кезде ұрығымды сақтап қояйын» деп ақысын төлеп, 20 жылға қалдыра алады. Кейін 40 жасында сол 20 жастағы күшті ұрығымен балалы бола алады. Донорлыққа келсек, біз ешқашан «свежий» ұрықты пайдаланбаймыз. Тек қатырылған, 6 айлық карантиннен өткен материал ғана қолданылады.