Карантин режимінде қанша жыл өмір сүреміз – америкалық вирусологтың жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Юрий Ким адамдарды жаппай егу нәтижесінде індет 2023 жылы тоқтауы мүмкін дегенді айтты

Фото: ашық дереккөзден

Covid-19 туралы көптеген мәліметтер жариялануда, алайда, Қазақстанда КВИ-ге сенбейтін адамдар әлі де баршылық. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын жалған ғылыми мифтер мен «төбеден вирус себеді», «бұл қолдан жасалған қастандық» деген теориялар да көп.

Осы ретте қоғамдық белсенді Ілияс Мыңжасаров бүгінде АҚШ-та жұмыс істейтін, George Mason University университетінде «Микробиология және инфекциялық аурулар» бағытында PhD доктаранты, молекулалық вирусолог Юрий Киммен сұхбаттасып, COVID-19-ға қатысты көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алған екен. Azattyq Rýhy аталған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

БЕТПЕРДЕЛЕР ВИРУСТАН ҚОРҒАЙ МА?

– Қазіргі таңда нақты немен айналысып жүрсіз? КВИ-ға қарсы вакцина табуға атсалысып жатырсыз ба?

– Менің диссертациямның тақырыбы – ЖИТС-инфекциясындағы экзосоманың рөлі. Пандемияның кесірінен біздің зертханамыз SARS-CoV-2 (COVID-19 тудырушы инфекциялық агент) коронавирус бойынша жобамен айналысуда: вирустың латентті ЖИТС – инфекцияға әсерін зерттеудеміз, сондай-ақ, өзге зертханаға коронавирустық экспресс-тест даярлауға көмек көрсетіп жатырмыз. Вакцинамен біз айналыспаймыз.

– Коронавирустың пайда болғанына біраз  уақыт өтті, бірақ, халық арасында қарапайым ғана медициналық бетперденің пайдасы турасында әлі де түрлі пікірталастар бар. Бетперделер адамды вирустан қаншалықты қорғайды?

– Қарапайым хирургиялық бетперделерді тағудың тиімділігі - жөтел, түшкіру кезінде пайда болатын тыныс алу тамшыларын ұстап қалады, соның әсерінен өзге адамға жұқтыру қаупі азаяды. Коронавирустық инфекция көп адамда симптомсыз формада өтуде, сондықтан, бетперделерді жұқтырмау мақсатында пайдаланған дұрыс. Оның үстіне, маска қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

– Қоғамдағы кейбір белсенділердің өзі медициналық бетперделерді тұрақты түрде тағу пневмонияға әкеліп соғатынын алға тартып жүр. Бұл пікірлерге сенуге негіз бар ма?

– Маска кию пневмонияға және басқа ауруларға әкеледі деген сөз толығымен негізсіз және ғылыми тұрғыдан дәлелсіз. Зерттеулер бетперденің дені сау адамның денсаулығына теріс әсері жоқ екендігін анықтады. Бетперделердің зияны туралы айтушылар басында коронавирусқа да «сенбеген» жандар. Қазір Қазақстан бойынша барлық аурухана толы кезде олар «ұшақ арқылы ауаға вирус тарап жүр» деп айтуда. Бұдан келетін басты қауіп – осындай адамдардың аудиториясы көп, салдарынан қоғамға теріс ақпараттың тез таралу ықтималдылығы артуда.

КОРОНАВИРУС ЖАСТАР ҮШІН ҚАУІПСІЗ БЕ?

– КВИ «жасы үлкендерге ғана қауіпті, жас адамдарға қорқатын түк те жоқ» деген пікірлер де бар. Бұған не дейсіз?

– Жас және дені сау адамдар да бұл вирустың ауыр дәрежесін өткеруі мүмкін. Кейбір жағдайлара қайтыс болып та жатыр.

– Жастардың өзі коронавирустың ауыр формасын өткеріп жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл немен байланысты?

– Вирустың ауыр формасының пайда болу қаупін арттыратын факторлар – 2 типті қант диабеті, созылмалы бүйрек ауруы, артық салмақ, жүрек аурулары (кардиомиопатия және жүрек жеткіліксіздігі сияқты) және ағзаның бұған дейінгі көптеген басқа аурулары. Сондай-ақ, статистика көрсеткендей, қан тобы II топқа жататын адамдардың COVID-19 вирусын жұқтыру қаупі жоғары.

ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ЖӘНЕ АНТИДЕНЕЛЕР ҚАНША УАҚЫТ ӨМІР СҮРЕДІ?

– Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бәріміз коронавируспен ауырып шығуымыз қажет пе?

– Өкінішке қарай, біз үшін КВИ-ге қарсы иммунитет туралы көп ақпарат беймәлім болып тұр. SARS-CoV-2 негізгі репродуктивті санын ескерсек, халықтың шамамен 70-80% иммунитет болу керек. Теориялық тұрғыдан қарасақ, егер шамамен 70-80% ауырар болса, қысқа мерзімде 100 мыңға жуық адам қайтыс болады дегенді білдіреді. Бұл Қазақстан үшін өте үлкен шығын. Сондай-ақ, Nature журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, көптеген антидене екі-үш айдың ішінде жойылып кетеді. Демек науқастарда қайтадан әлсіздік пайда болуы мүмкін. Зерттеу аз адам арасында (37 адам) жүргізілді, сондықтан қорытынды шығаруға әлі ерте.

– Біз ерте ме, кеш пе ауырамыз және бір уақытта барлық адамның жаппай ауырмауы үшін карантин қажет деген шешім қаншалықты дұрыс?

– Иә, ерте ме, кеш пе вирусты жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Денсаулық сақтау жүйесінің күйреуін болдырмай, қарқынды терапия орындары болуы үшін карантинді мүмкіндігінше созу керек.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА ҚАШАН ДАЙЫН БОЛАДЫ?

– Пандемияны жеңетінімізге күмән жоқ. Бұл жеңіске вакцина ойлап тапқаннан кейін жетеміз бе, әлде 70-80% иммунитет пайда болғаннан кейін бе?

– Вакцинасыз опция өте қауіпті болатындықтан, вакцинаға сенген жөн. Вакцина оптимистік болжамдарға сәйкес, бір жарым-екі жылдан кейін дайын болады. Меніңше 2023 жылы адамдардың көпшілігін жаппай егу нәтижесінде індет тоқтауы мүмкін. Бірақ вакцинация опциясы көптеген технологиялық қиындықтарға ие және егер оның көмегі болмаса, инфекцияның өрбуін карантиндермен, өте агрессивті тестілеу арқылы басуға тура келеді. Біз осы вируспен өмір сүріп, эпидемияны ұстап тұру және денсаулық сақтау жүйесінің күйреуін болдырмау үшін кейде әлеуметтік қашықтықты сақтауымыз керек.

ЕКІ ЖЫЛ КАРАНТИН РЕЖИМІНДЕ ӨМІР СҮРУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ

– Демек бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан азаматтары да тиімді вакцина ойлап тапқанша, кем дегенде 1,5-2 жыл ішінде карантиннің әлсіреу-нығайту режимінде өмір сүруге мәжбүр болады ма?

– Менің ойымша солай сияқты. Ауруханалардың жұмыс мөлшерін азайту үшін кейде карантин енгізу керек болады немесе пневмониямен ауыратын жүздеген мың пациенттің толқынына ұшырамас үшін көптеген аурухана салуға тура келеді. Егер әр адам өзінің мінез-құлқын өзгертіп, әлеуметтік қашықтықты саналы түрде сақтайтын болса (маскалар, гигиена, адамдар көп жиналмауы және т.б.), эпидемияны болдырмауға болады. Қазіргі заманғы технологиялар мен тестілеу көмегімен байланысқа түскен адамдарды іздеумен қатар, реанимацияны максималды деңгейге жеткізбеуге және осылай өмір сүруге болады. Бірақ мұны барлық ел жасай алады деп ойламаймын - саналы қоғам және үкіметке сенім қажет.

– Вакцинацияға қарсы топ «Тұмау вирусы КВИ тәрізді тез қозғалады, яғни, оған қарсы вакцинация болмайды. Өйткені ағзада антиденелер ұзаққа созылмайды. КВИ-ге қарсы вакцина егудің мәні жоқ» деді. Бұған не деп жауап бере аласыз?

– Антиваксистердің сөздерін қабылдай берудің қажеті жоқ. Тұмау вирустары жиі мутацияға ұшырайды, өйткені, олардың геномы РНҚ-ның бірнеше сегменттерінен тұрады. Сондай-ақ, олар әртүрлі штамдарда жиі кездеседі және жаңа генетикалық вариацияларды қалыптастырады. Бірақ тұмауға қарсы вакцина тиімді және инфекцияны 40-60% төмендетеді. Коронавирустар қарапайым РНҚ молекуласынан тұратын қарапайым геномға ие және олар тұмау вирусына қарағанда төмен жылдамдықта өзгереді. Сонымен қатар, вирустарда белгілі бір ақуыздарды кодтайтын геномның консервативті аймақтары бар, олар мутацияға сирек ұшырайды, өйткені бұл вирустың өмір сүруі үшін маңызды. Сондықтан, бұл консервативті учаскелер тіпті әмбебап анти-коронавирустық вакцинаның негізі бола алады, бұл SARS-CoV-2-ден басқа MERS-CoV, SARS-CoV-1 және басқа да көптеген коронавирустарға қарсы әсері болуы ықтимал.

АЛУВИА БЕДЕУЛІККЕ ӘКЕЛЕ МЕ?

– Коронавируспен ауыратын адамдар АИТВ жұқтырған дәрілермен емделеді, яғни, иммундық жүйені күшейтеді. Кейбір адамдар аталған дәрілердің кесірінен ер адамдарда «7 жылдан 10 жылға дейінгі бедеулік» пайда болады деуде. Бұл жайында не айтасыз?

– Менің білуімше, олар біраз уақыттан бері вирустық бөлшектердің жетілуінде рөл атқаратын АИТВ протеазасының ингибиторы – Алувианы қолданған. Бұл иммундық жүйені күшейтпейді, бірақ АИТВ көбеюіне кедергі келтіреді. Бұл дәрі коронавирус протеазасын да басуы мүмкін деген қисынға келді. Препарат жүрек айнуы мен диарея сияқты жанама әсерлерге ие, бірақ бедеулік емес.

– Өлген адам денесінде вирус қалай әрекет етеді? Бұл тақырыпта жұмыс бар ма?

– Вирус тірі жасушаларды қажет ететін жасушалық емес форма болғандықтан, ол адам қайтыс болғаннан кейін біраз уақыттан кейін өледі. Бірақ денеде бірнеше сағат бойы өмір сүруі немесе тоңазытылған жағдайда ұзақ мерзімге дейін жұқпалы болуы мүмкін. 

– Сіз айтқандай, бізде бұл вирустың өмір сүруіне тағы 1,5-2 жыл бар. Осы уақыт аралығында бірнеше рет жалған жаңалықтар, WhatsApp-та ақпараттық бюллетеньдер және КВИ туралы басқа ақпараттық «қоқыстар» пайда болады. Оқырмандарға қандай сенімді ақпарат көздерін оқуға кеңес бересіз?

– Мен тек ресми дереккөздерді оқуды ұсынамын, ең бастысы шетелдік: CDC, NIH. Nature, Science, Cell сияқты журналдар. The New York Times, Business Insider, MIT Technology Review сияқты газеттер. Орыс тілінен ДДСҰ-ның ресми сайтын, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығын және инстаграмда @kzphdgirlsunion, @medsupportkz аккаунты бар барлық қыздарды ұсына аламын. Менің кеңесім, бір принципті әдетке айналдыру керек: егер сіз блогердің немесе журналистің өтірік айтқанын, чип немесе басқа нәрсе туралы қастандық теориясын жазғанын көрсеңіз, оны оқуды дереу тоқтатыңыз, өйткені бұл жиі қайталанады. Сонымен қатар, бәрін тексеріп, тек сарапшыларды тыңдау керек.