Балалардың ата-аналары жауапқа тартылып жатыр
Шымкентте сауда үйінің алдында бір топ жасөспірім тапа-тал түсте жұрттың көзінше кәмелетке толмаған балаларды соққыға жыққан. Жәбірленушілердің ата-анасы полицияға шағымданғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде 21 қараша күні Шымкент қаласындағы «Мега Планет» сауда орталығында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, бірнеше бала зардап шеккені туралы ақпарат тарады. Желі қолданушысы жазғандай, төрт адам кәмелетке толмаған оқушыларды таксиден күштеп шығарып, күзетшілердің көзінше аямай ұрып-соққан, тіпті қарудан оқ атқан. Балалардың беті көгеріп, мұрны сынған.
Шымкент полициясы бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. Анықталғандай, қала тұрғыны біреулер кәмелетке толмаған ұлдарыма дене жарақатын келтірді деп полицияға арызданған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиға қатысушылары ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілді. Алдын ала мәліметке сәйкес, жасөспірімдер бұрын-соңды таныс болған және олардың арасында қызғаныш себебінен жанжал шыққан. Қазір тергеу әрекеттері жүргізілуде, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, оқиға қатысушылары мен куәгерлерден жауап алынып жатыр», - делінген хабарламада.
Полицияның алдын ала мәліметінше, оқиға орнында қару қолданылмаған.
«Алдын ала жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижелері мен куәгерлердің жауаптарына сәйкес, атыс қаруы немесе өзге де қару қолдану фактісі расталмады, алайда бұл жайт қосымша тексеріліп жатыр», - деді полициядағылар.
Кінәлі жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылған. Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылып жатыр.
Барлық материал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданып, тиісті құқықтық баға беріледі, деп атап өтті ПД.