Ақыл-кеңесін сатумен айналысатын коучты көпшілік аямай сынап тастады
Белгілі коуч-психолог Құралай ханым продюсер Мөлдір Мұқанның киносын қолдаймын деп сынның астында қалды. Көпшілік оның дөрекі түрде жасаған жарнамасына ашуланған, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
«Мөлдірдің киносынан шықтым... Қай қазақ болса да тыпырлап, шамасы жеткенше еңбектеніп жатқанын көру – маған мақтаныш. Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3 мың теңгеге зарламай, барып қолдаңдар, Мөлдірді», - деп жазған ол.
Instagram парақшасында 1.5 млн оқырманы бар инфлюенсердің бұл сөзі дереу тарап, оған қарсы түрлі сын-пікір айтылды.
«Біріншіден, Отан сөзін бұлай қорлайтын кім едіңіз? Екіншіден, 3000 теңгені халықтың қалтасына сіз салып беріп отырсыз ба? Үшіншіден, кім кімді қолдайтынын өзі шешеді. Халыққа «зарлама» деп, дөнен итше кергитіндей құқыңыз жоқ. Төртіншіден, кім қандай кино түсірсе де, киім сатса да өзі үшін істейді. Міндетсінбесін. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ. Бесіншіден, Мұқағали атамның ақын болуы үшін ешқандай диплом керек емес. Аргументтеріңізді сай-сайдан жинап, түзу жолға саларсыз»,- деді желі қолданушысы.
Тағы бір интернет пайдаланушы коучтың азсынып отырған 3 мың теңгесі бір адамның күндік жалақысы екенін еске салды.
«Әр қазақтың қалтасына 3 мың теңгені салып беріп, сол ақшаны қалтамызға тығып, бармай отырғандай жазыпты. Әр қазақ осы 3 мың теңгені табу үшін таңнан кешке дейін жұмыс істеп, еңбек етеді. 3 мың теңге біреудің бір күндік табысы, күні бойы еңбек еткен ақысы. Әрбірден соң сол кассаны көтеретін сіз менсінбей отырған «диванда жатқан критиктер». Кино тұрмақ, күнін әрең көріп жүрген әйелдер бар. Соларға неге қолдау танытып, 3 мың теңгеден жинап көмек бермеске?» - деді ол.
Айта кетсек, әзілкеш Тұсынбек Қабатовтың көзіне шөп салғанын айтып, подкастқа барған Мөлдір Мұқанның айналасында әңгіме гулеп тұр. Тура авторлық фильмін шығарар алдында берген сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде «Мөлдір Мұқанды қолдау акциясы» басталып кеткендей. Туындының сапасы туралы айтылған сынға да продюсердің әріптестері дереу жауабын беріп жатыр.
Құралай ханымның әдепсіз түрде киноға шақыртуына пікір білдірген жалғызбасты ана «халықтан ақша сұрайтын» танымал адамдардың қылығына таңғала қарайтынын жеткізді.
«Мен де ажырастым, 4 баламен қалдым. Ауылда пәтер жалдап тұрамын, несие төлей алмай, картам бұғатталып жатыр. Төрт баланың жәрдемақысы мен әкесі жіберетін 60 мың теңгеге күнімді көріп отырмын. Ешкімге жалынып, жыламаймын. Жағдайлары менен жақсы адамдар неге зарлап отыр деп таңғаламын. Балаларым шетінен тұмау тиіп, ауырып жатыр, бірақ біреуден бірдеңе сұрауға намысым жібермейді», - деді ол.
Айта кетсек, Құралай ханым қыз-келіншектерге бай болуды, әдемі өмір сүруді үйрететін курстар сатумен айналысып, осы тақырыптарды қамтитын кітаптар шығарған. Ол бұған дейін де зорлық-зомбылықты қолдап, насихаттағаны үшін хейтке ұшыраған.