ТЖМ жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде
Алматының Жетісу ауданында орналасқан екі қабатты қоймада ірі өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнына жоғары жылдамдықпен жетті. Бұл туралы ТЖМ мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Министрлік мәліметінше, қойма отқа оранған сәттен бастап ТЖМ күштері дереу жетіп, аумақты бақылауға алған.
Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылды, үш жауынгерлік учаске құрылды, бірнеше өрт сөндіру оқпаны іске қосылды, су беру үздіксіз қамтамасыз етілді.
Барлық шұғыл қызмет өзара әрекеттесіп, өрттің таралу қаупін бақылауда ұстап отыр.
Алғашқы деректер бойынша, жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрт сөндірушілер жалынның таралуын болдырмау үшін қойманың жабындысын ашып, негізгі ошақтарды өшіріп жатыр.
Құтқарушылар конструкцияларды сулау және бөлшектеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы техникалық тесіктер жасап жатыр. Бұл әдіс өртті ішкі бөліктерде тиімді сөндіруге мүмкіндік береді.
«Өртті сөндіруге шамамен 80 қызметкер, 21 техника және Алматы қаласы ТЖД-ның өрт автопоезы тартылды», – деп хабарлады министрлік.
Қазіргі уақытта жағдай бақылауда, өрттің толық ауыздықталуы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.