Көпшілік «креативті» сынып жиналыстарын сынап жатыр
Соңғы жылдары Қазақстандағы мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар жиналысының форматы түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай баланың оқу үлгерімін, тәртібін егжей-тегжейлі талқылайтын атмосфера қазір ойын-сауық ортасына айналғандай.
Жиналысқа барарда «Баламның жаман атын естімесем екен» деп қобалжитын ата-ана, «Анам келген соң сөз естімесем екен» деп алаңдайтын бала қалған жоқ. Мұғалімнің қатаң бейнесі құмға сіңген судай ғайып болды. Керісінше ата-ананың көңілін табуға тырысатын, ептеп жағымпаздануға мәжбүр болып жүрген мамандарды көреміз.
Бүгінгі ата-аналар жиналысы мерекелік кездесуге айналған. Мұғалімдер дастархан жайып, ата-аналарды ыстық шаймен қарсы алады. Жиналыста ерексектер ойын ойнап, ән айтып қайтатын жағдайлар жиілеген.
Azattyq Rýhy тілшісіне аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ана қазіргі ата-аналар жиналысы жеңіл-желпі «ата-аналар клубына» айналып кетті дейді.
«Жеке мәліметтердің қауіпсіздігі үшін мен аноним түрде пікір білдірсем деймін. Менің балаларымның бәрі мемлекеттік балабақша мен мемлекеттік мектепке барады. Әуел баста, балабақшаға барып жүргенде ең бірінші рет ата-аналар жиналысына бардым. Қобалжып, дайындалып, баламның тәрбиесі мен денсаулығы туралы ақпарат сұрауға, ақпарат білуге бара жатырмын деп ойладым. Бірақ, жоғарыдан түскен тапсырма ма, білмеймін, біз «ойын форматындағы ата-аналар жиналысына» тап болдық. Тәрбиеші бізді, яғни, ата-аналарды бала сияқты айналдырып қойып, бір-біріміздің қолымыздан ұстатты. Содан бір шар беріп, соны бір-бірімізге лақтырғызды. Кім ұстаса, сол өзін таныстырады, кімнің ата-анасы екенін айтады. Мен үшін бұл өте жеңіл дүние сияқты көрінді. Ары қарай ұмытпасам, ойын ойнап қайттық. Бұл, әрине, балабақшада болған еді. Кейін мектепте алғашқы жиналыс та осындай ойын форматында өтті. Мүмкін бұл креативті шығар, бірақ мен қабылдай алмадым. Мектептегі кейінгі жиналыста да мұғалім әртүрлі көрнекілік құралдар қолданды, бірақ олар білім мен тәрбиеге жақынырақ болды. Ал, ата-аналар жиналысын фуршетке айналдыруға мүлде қарсымын», - деді ол.
Бұл жалғыз кейс емес. Әлеуметтік желіде ата-аналар жиналысын мини-тойға айналғанына мысалдар жетерлік.
Бір пайдаланушы: «Қызым мемлекеттік балабақшаға барады. Жиналыс осылай өтеді: тәрбиеші ойындар ұйымдастырып, аналар арасында сергіту шараларын өткізеді. Дастарханның бір бөлігін өздері жаюға, бір бөлігін кейбір аналарға «реті келсе, ала келіңіздер» деп жүктейді. Меніңше, бұл тым артық. Содан кейін ортақ тәрбиеші мен ата-ана болып, баланың тұлғасын тәрбиелеу тұрғысынан не істеліп жатыр, не істелмей жатыр, не істеу керек деген сұрақтар артта қалып кетеді. Соның салдарынан соңғы кезде ұрпақтың тәрбиесінде кемшіліктер байқалады», - деді әлеуметтік медиа қолданушысы.
Бірінші сыныптан бастап бесінші сыныпқа дейінгі ата-аналар да осындай форматқа наразылық білдіріп, мұның мектеп басшылығының мұғалімдерден «жаңашылдықты» талап етуінен болып отырғанын нақтылағандар да бар екен.
«Ата-ана ретінде айтарым, жиналысқа барғым келмейді, көбіне ұзаққа созылады. Әрине, мұғалімнің ниетіне рахмет, бірақ олардың баламызды оқытқаны да жеткілікті. Апайлар өз еркімен емес, басшылықтың талабы бойынша әрекет етеді. Бәрін алып тастау керек деп ойлаймын. Оқушыларға түрлі әдіс-тәсіл қолдануға болады, бірақ енді оны ата-аналарға да қолдану қажет пе өзі? Уақытын босқа алғым келмейді», - десе, тағы бір ата-ана осыған ұқсас пікір қалдырып, сыныпта болатын «шоулардан» шаршағанын айтты.
«Бізге де бұл шоулар ұнамайды. Басшылық талап етеді, сол себепті бізді де «ойнатуға» мәжбүр етеді. Фото, видеоға түсіреді. Маған баланың сабағы қалай, жақсы ма, нашар ма, соны ашық айтса жетеді. Жарты сағатта айтылатын нәрсе 1,5 сағатқа созылады, отырғың келмей кетеді. Иә, бұрынғыдай жиналыста баланың оқу үлгерімі мен тәртібі жайлы айтылмайды, жеке-жеке ғана айту керек деп. Нәтижесінде, біз жай ғана кофе ішіп, ойын ойнап қайтамыз», - дейді ол.
Редакция осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімованың ой-пікірін сұрап көрді.
«Ата-аналар жиналыстарында фуршет пен шай ішуге мүлдем қарсымын. Шын мәнінде, бұл – абсурд дүние. Мұндай жағдайды өз басым кездестірмедім. Біздің оқушы кезімізде де, балаларымның мектеп жылдарында да мұндай болған емес. Әсіресе, мұғалімдерді шығындату дұрыс емес. Мұнда ешқандай креативтілікті көріп тұрған жоқпын», - деді ол.
Ал, бала отбасынан жыраққа кетіп, жатақханада тұратын кездегі жиындардың жөні бөлек екенін атап өтті.
«Басқа мәселе – интернат типтегі білім ұйымдары. Бір кездері «ҚазТурЛицейлер» ата-аналармен келісіп, балалар мен әке-шешенің арасын жақындастыруға арналған іс-шараларды өткізетін. Жыл бойына кесте жасалып, әр отбасы өз баласы оқитын сыныппен танымдық, спорттық, мәдени шараларды ұйымдастыратын, бұл отбасылардың белсенділігіне байланысты еді. Шай ішуге бола ма, болмай ма, оны ата-аналар өздері шешетін. Әсіресе, бұл тәжірибе алғашқы оқу жылдарында, бала жатақханада өмірге үйреніп жатқан кезде, белсенді жүргізілетін. Ол іс-шаралар балаларды, ата-аналарды және мұғалімдерді өте жақсы біріктіріп, топтық байланысты нығайтатын», - деді ол.
Ой қосқандар арасында мұғалімдер де бар. Олар «креативті болудан» әбден ығыры шыққанын мойындаған. Педагогтар мен ата-аналардың айтуынша, мұндай формат уақытты шығындайды, мұғалім мен ата-ана арасындағы ресми қатынасты әлсіретеді, оның үстіне балалардың оқу көрсеткішіне ешқандай үлес қоспайды. Сондықтан артық ойын-күлкіні доғарып, шынайы міндетке кірісу керек дейді олар.
Айта кетсек, жақында мұғалімнің уақытын ұрлайтын артық шаруаларды доғару керегін айтқан Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін нақтылайтын және олардың жүктемесін азайтуды көздейтін заң жобасын ұсынған еді.