Уәде орындалмады: Астананың автотұрақтары әлі күнге дейін әкімдіктің қолына өтпеген

Автор: Темірхан Айжан

Паркинг қызметтеріне тарифтерді өзгерту туралы шешім рәсім аяқталған соң білгілі болады 

Фото: Azattyq Rýhy

Елорданың автотұрақтары қала әкімдігінің балансына әлі өтпеген. Өткен сәуірде жергілікті билік «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-мен арадағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын бұзуды қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Одан бері арада 7 ай уақыт өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі таңда «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ін Астана қаласының коммуналдық меншігіне тапсыру процесі жүргізілуде. Кәсіпорынды Мемлекеттік әріптеске тапсыру процесі аяқталғанға дейін кәсіпорын мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындауды жалғастырады. Паркинг қызметтеріне тарифтерді өзгерту (көтеру) мүмкіндігі мәселесі кәсіпорынды коммуналдық меншікке тапсыру рәсімі аяқталғаннан кейін қаралып, айқындалады», - делінген басқарма жауабында.

Бұған дейін Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев автотұрақтар 2025 жылғы 1 маусым күні қаланың меншігіне өтеді деп уәде еткен болатын.

«Мүлік бар, істейтін-істемейтін паркомат бар, соларды түгендеп алуымыз керек. Астана әкімдігі ақылы автотұрақтарға ешқандай қаражат құйған жоқ. Тұрақ ақысы 100 теңге болды, оның 25 пайызы мемлекетке, 75 пайызы жеке компанияға түсті. Айыппұл толығымен мемлекетке түсті. 2018 жылдан бастап мемлекетке 5 млрд теңге шамасында, ал жеке компанияға 500 млн теңге шамасында қаражат түсті», - деп хабарлаған еді ол.