Жәбірленушінің денесінің 60-65 пайызын термиялық күйік шалған
Ақсуда жұмысшыны күйік шалды. Оның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, 12 қарашада Ақсу ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиға болды. Бір жұмысшы зардап шекті.
«Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаны тергеу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады», – деді ол.
Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен жәбірленушінің денесінің 60-65 пайызын термиялық күйік шалған. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 29 жастағы ер адам емделіп жатыр.