Астанада жас фельдшердің үстіне кондиционер құлап кеткен
8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері құлап, 5 адам зардап шекті. Олардың арасында жедел жәрдем қызметінің екі фельдшері бар. Ауыр жарақат алған медицина қызметкері – 23 жастағы Ұлдана Мырзуананың күйеуі төтенше жағдай қызметінің оқиға орнында әрекетсіздік танытқанын айтты. Алайда ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әділет Зейнелдің жұбайы Байқоңыр ауданындағы жедел жәрдем стансасында жұмыс істейді. Айтуынша, Ұлдана сол күні жедел жәрдем бригадасының құрамында болып, 8-9 қабаттағы ғимараттың кірпіш қасбеті құлап, жарақат алған адамдарға көмектесуге барған.
«Мұнда дүкеннен үйге өтетін жол бар. Сол жерден адамдар шығып келе жатқанда, ғимараттың қасбетіндегі кірпіштер үстіне құлаған сияқты. Біздің бригада 10:38-де келді, 10:45-те өрт сөндірушілер жетті, ал 10:50-де Төтенше жағдайлар қызметі келді. Куәгерлердің айтуынша, ТЖ қызметі еш әрекет етпей, қарап тұрған. Әйелім зардап шеккен адамды алып шыққан, кейін екінші адамға көмектеспек болғанда үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен», - деді Әділет Зейнел.
Ұлдана есінен танып қалған. Дәрігерлер оған жабық бас сүйек-ми жарақаты диагнозын қойып, бас сүйегіне трепанация жасап, миындағы гематоманы алып, қан кетуді тоқтатқан.
«10:42-де әйелімді жедел жәрдем көлігіне салып, ауруханаға жеткізген. Мен де дәрігермін, сол себепті оны өзім қабылдадым. Қолымнан келгенін жасадым. Кейін реанимацияға апарып, ота жасап, миында жиналған қаннан 2,5 литрге жуық гематоманы алып тастадық, бас сүйегіне операция жасап, мидың пульсациясын қалпына келтірдік. Ота сәтті өтті, бірақ жағдайы ауыр», – деді Әділет.
Әділет Зейнелдің сөзінше, Ұлданаға жедел жәрдем қызметі дереу көмек көрсеткен.
«Жедел жәрдем бригадасын кінәламаймын, менің сұрағым тек полиция мен ТЖ қызметкерлеріне қатысты. Кешке арыз жазуға барғанымызда, ішкі істер департаменті арызымызды қабылдамай қойды. Кейін өндірістік жарақат ретінде рәсімделді. Артынша видеоүндеуімнің астына біржақты пікірілер жазыла бастады», – деді ол.
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті «видеоүндеуде айтылған ТЖ қызметі оқиға орнына келмеді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп хабарлады.
Әділет Зейнел болса, ТЖ қызметінің әрекетсіздігіне күйінгенін жеткізді. Айтуынша, қызметкерлер емес, өтіп бара жатқан қарапайым азаматтар жарақат алған әйеліне көмектескен.