Операция 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтті
Қазақстанда көліктегі полиция департаменті 3,15 млрд теңге көлеміндегі есірткі жеткізу және сату арнасын жойды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында көліктегі полиция қызметкерлері есірткі саудасының ауқымды арнасын анықтап, тоқтатқан.
Барлығы 159 есірткі қылмысы әшкереленді. Оның ішінде: екі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі, 22 сату фактісі, 8 ірі көлемде сақтау, 4 контрабанда, 2 насихаттау және 7 есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру оқиғасы тіркелген.
Жалпы 705 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 239 кг марихуана – Тараз тұрғынының үйінен табылған, 96 кг есірткі өсімдігі Жамбыл облысындағы жеке үйдің ауласында анықталған, 105 кг синтетикалық мефедрон – қара нарықта сатуға дайын болған.
ІІМ мәліметінше, тәркіленген есірткі заттары «қара нарықта» сатуға дайындалған. Арнайы операция кезінде ұйымдастырушылар мен жеткізушілер ұсталды.
«Барлық материал бойынша процессуалдық тексеру жүргізілуде. Көліктегі полицияның үйлесімді әрекеті нәтижесінде есірткі айналымына қатысы бар тұлғалар ұсталды», – деп мәлімдеді министрлік.