Қазақстанда «қарттар үйіне» азаматтар көбіне аналарын өткізеді - 34 мыңға жуық зейнеткердің ауыр тағдыры

Автор: Темірхан Айжан

Ел халқының әр жетінші тұрғыны - зейнеткер 

Фото: Freepik

Қазақстанда «қарттар үйіне» азаматтар көбіне аналарын өткізеді. Қазіргі күні әлеуметтік қызмет көрсететін арнайы орталықтарда 33 989 зейнеткер өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі 75 пен 80 жас аралығындағы әйелдер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қариялар қарттар үйіне өз еркімен емес, көп жағдайда мәжбүрлі түрде барады.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, елде 45 мемлекеттік қарттар үйі жұмыс істейді. Онда қазір 3547 адам тұрады. Мұндай орталықтар ең көп орналасқан өңірлер – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Жамбыл облыстары.

Мемлекеттік қарттар үйлері жергілікті бюджет пен тұрғындардың өз зейнетақысы есебінен қаржыландырылады. Министрліктің дерегінше, әр қарттың зейнетақысының бір бөлігі мекеме қажеттіліктеріне, ал екінші бөлігі жеке шығындарына жұмсалады. Мысалы, 70%-ы мекеме қажеттіліктеріне, ал 30%-ы адамның жеке қажетіне беріледі.

Мемлекеттік мекемелерден бөлек, елде жеке қарттар үйлері де бар. Бүгінде 587 жеке ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған. Жалпы алғанда, оларда 94 мыңнан астам адам қамтылған.

«Домашняя забота» атты жеке орталықтың директоры Галина Давыденко қарияларды балалары не үішн әкеліп тастайтынын айтты. Оның мекемесінде 29 адам тұрады.

«Кейбірі жалғыз қалған, кейбірін балалары алдап кеткен, енді бірі инсульттен кейін өз бетімен қозғала алмайды. Көпшілігін туыстары әкеледі. Кейде балалары физикалық тұрғыда баға алмайды, кейде моральдық тұрғыда шыдамайды. Сол себепті амалсыз осында тапсырады», – дейді ол

Мұндай орталықтарда тұру ақысын көбіне туыстары төлейді. Егер қария өздігінен жүріп-тұра алса, айына 180 мың теңге, ал төсекке таңылғандарға 210 мың теңге төлейді.

Психолог Людмила Должикованың айтуынша, қарттар үйіне түскен адамдардың көбі жалғыздық сезімін бастан кешіреді.

«Отбасынан алыстау олар үшін ең ауыр соққы. Алғашында көбісі «мені уақытша қалдырды» деп сенеді, бірақ уақыт өте келе үміті үзіліп, эмоционалды күйзеліске, апатияға түсіп, ұмытшақ бола бастайды», – дейді маман.

Психолог туыстарының хабарласпай кетуі қарияларға қатты әсер ететінін айтты.

«Егер туыстары жиі хабарласып, келіп тұрса, қария өзін тастанды сезінбейді. Жай ғана қоңырау шалып, хат жазып, демалыста аз уақытқа болса да кездесіп тұрғаны жөн», – дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 2,5 миллионнан астам зейнеткер өмір сүріп жатыр.