Талдықорған емханасы марқұм анасының орнына қызын өлгендер қатарына кіргізіп жіберген

Автор: Темірхан Айжан

Медициналық мекеме түсініктеме берді 

Фото: iStock

Анасының орнына қызын өлдіге балап, құжат толтырып жіберген Талдықорған қалалық №2 емханасының өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған ақпаратқа сай, анасының қайтыс болғаны туралы куәлікті алуға келген әйелге «өзінің көз жұмғаны туралы» құжатты берген. Содан кейін талдықорғандық тұрғынның бүкіл банк шоттары мен жеке кәсіпкерлік есепшоты бұғатталып қалған.

Емхана әкімшілігі одан кешірім сұрады.

«22 қазан күні өлім туралы анықтама рәсімдеу кезінде байқамай марқұмның қызының деректері енгізілген. Қателік бірнеше минуттан кейін анықталып, бірден жойылды. Қызметтік тергеу жүргізіліп, кінәлі қызметкерге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Ақпарат Денсаулық сақтау басқармасына, Денсаулық сақтау министрлігіне, ХҚКО мен Әділет департаментіне жолданды. Барлық жүйелерге түзетулер енгізіліп, бүгінде мәліметтер толықтай қалпына келтірілді», - делінген хабарламада.

Емхана әкімшілігі болған іске өкініш білдіріп, енді қайталанбайтындай қатаң шаралар қолданылғанын мәлімдеді.