Алматы облысында әкім жантүршігерлік жол апатын жасады

Автор: Алмас Ерсін

Бір адам көз жұмып, екеуі ауруханаға жатқызылды

Фото: istockphoto.com

Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі жүргізіп келе жатқан қызметтік көлік тау жолында аударылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға туралы жаңалық әлеуметтік желіде жарияланды. Алдын ала мәлімет бойынша әкім рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Бір адам қаза тауып, аман қалған жүргізуші мен жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Талғар ауданы әкімінің аппараты Панфилов ауылдық округі әкімінің қатысуымен болған жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Мемлекеттік қызметкер қазіргі уақытта еңбекке жарамсыздық бойынша демалыс алған, соған байланысты қызметтік тергеу жүргізу мүмкіндігі уақытша тоқтатылған.

Процедуралық іс-шаралар аяқталып, мемлекеттік қызметкер жұмысқа оралғаннан кейін тәртіптік жауапкершілік мәселесі Әдеп кеңесінің қарауына ұсынылады», - делінген хабарламада.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше апат 13 қыркүйекте Қарасаз-Сарыжаз автожолында болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша Bestune-T55 жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Салдарынан бір жолаушы алған жарақатынан көз жұмды, ал тағы бір жолаушы мен жүргізуші әртүрлі жарақатымен ауруханаға жатқызылды», - деп түсініктеме берді полицияның баспасөз қызметі.

Қажетті сараптамалар тағайындалды және апаттың барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Тергеуді Алматы облысы полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.