Олардың сөзінше, жағымсыз иіс бүкіл үйге тараған
Атыраудың Авангард-3 ықшам ауданындағы үйдің тұрғындары көршісінің үстінен жаппай шағым жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоғам белсендісі Рүстем Баязиевтің айтуынша, мұнда пәтер иелірінің бірі оншақты мысық асырап, антисанитарияға жол берген. Сасық иіске тұншыққан тұрғындар мәселеге тиісті органдар назар аударуы керек деп санайды.
«Бұл үйде ерекше балалары бар отбасылар өмір сүріп жатыр, қазір оларға қиын болып отыр, демалу мүмкін емес»,- дейді олар.
Пәтер қожайынының өзі белсендімен сөйлесуден бас тартты.
«Полиция шақырыңыз, мәселені шешеміз», - деп қысқа қайырды ол.
Рустем Баязиевтің айтуынша, көпқабатты үй жақында термомодернизациядан өткен, бәрі жаңа, тек жағымсыз иіс қана елдің мазасын қашырған. Ол сондай-ақ пәтерде ұстауға болатын жануарлардың санын заңмен шектеу мәселесін көтеруді жоспарлап отырғанын айтты.